Қоғам

Алексей ЖДАХИН: – «Торпедоны» ҚХЛ-да ойнайтын командаға айналдыруымыз қажет

Алексей ЖДАХИН: –	«Торпедоны» ҚХЛ-да ойнайтын командаға айналдыруымыз қажет


Өскемендік «Торпедо» хоккейшілері алдағы маусымға дайындықтарын бастап кетті. Өткен 2016-2017 жылдарғы маусым жерлестеріміз үшін аса табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Ресейдің Жоғары хоккей лигасында өнер көрсететін торпедолықтар регулярлық чемпионатта топ жарып, плей-офф кезеңінің ақтық сынына дейін жеткен болатын. Осындай зор жетістіктерден кейін клуб басшылығының да, ойыншылардың да, жанкүйер қауымның да биылғы маусымнан күтер үміті көп.

Жақында ғана Астанада өткен оқу-жаттығу жиындарынан оралған команданың бас бапкері Алексей Ждахин маусым аралық үзілісте «Торпедо» құрамы айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын айтады. Дегенмен, белді ойыншылардың бәрі команда сапында қалыпты.

Естеріңізге салайық, мамыр айының басында өскемендік хоккей клубының басшылығы төрт ойыншымен келісімшарт мерзімін ұзартқан болатын. Олардың үшеуі қорғаушы (Руслан Ибатуллин, Владислав Кузьмичев, Максим Веревкин) болса, біреуі – шабуылшы (Иван Иванов). Сәл кейінірек команданың сапында қалатынын шабуылшы Максим Беляев те мәлім етті. Тәжірибелі хоккейшімен бір жылдық келісімшарт жасалыпты. Бұған қоса, келесі маусымда «Торпедо» құрамында Александр Шин мен Денис Игнашин де өнер көрсететін болады. Тағы бір айта кетерлігі, командаға өскемендік хоккей мектебінің екі түлегі – 22 жастағы шабуылшы Аркадий Шестаков пен 24 жастағы қорғаушы Валентин Милюков қосылды.

Бұдан бөлек, алдағы маусымда «Торпедо» сапында өнер көрсететін тағы жеті жаңа ойыншы бар. Олардың біріншісі, бұған дейін омбылық «Авангардта» ойнап, мұхиттың ар жағында тәжірибе жинақтап қайтқан 24 жастағы шабуылшы Роман Бердников. Роман – Құрлықтық хоккей лигасында 153 ойын өткізіп, онда 20 ұпай (9 шайба мен 11 пас) жинаған хоккейші. «Торпедоның» тағы бір жаңа ойыншысы Вадим Кравченко өткен маусымды Төменгі Тагилдің «Спутнигі» құрамында өткізген. Шабуылшы былтыр 41 ойынға қатысып, 20 ұпайға (12 шайба + 8 пас) ие болған. Үшінші жаңа ойыншыны көзі қарақты өскемендік жанкүйерлер жақсы тануы мүмкін. Бұған дейін балашихалық «Динамоның», сондай-ақ, «Нефтяник» пен «Дизельдің» құрамында ойнаған 25 жастағы қорғаушы Максим Томкин енді шығысқазақстандық команданың намысын қорғайтын болады.

Тағы бір қорғаушы 22 жастағы Георгий Маккаев мәскеулік «ЦСКА» хоккей мектебінің түлегі болып табылады. Алдымен «Красная армия» сапында өнер көрсеткен жас хоккейші кейін Жоғары хоккей лигасында ойнайтын чеховтық «Звездаға» ауысып, 85 матчта бір дәл соққы жасап, жеті нәтижелі пас берген. Өскеменге келген жаңа ойыншылардың соңғысы – 19 жастағы Илья Путинцев те Маккаев сияқты мәскеулік ЦСКА-ның шәкірті. Жастығына қарамастан АҚШ пен Канадада ойнап үлгерген шабуылшы былтырғы маусымды «Теміртау» хоккей клубының сапында өткізген.

Қалған екі ойыншы – шабуылшы Олег Лосев және қорғаушы Никита Медведевпен қысқа мерзімді келісімшарттар жасалыпты. 1996 жылы туған Олег Лосев 2011 жылдан бері солтүстікамерикалық жастар командаларында өнер көрсетіп келген. Ал Никита Медведев Өскемен хоккей мектебінің түлегі болып табылады.

Міне, «Торпедоның» жаңа ойыншылары туралы қысқаша айтарымыз осы. Дегенмен, жергілікті жанкүйерлер үшін ең маңыздысы бұл емес. Команданың бас бапкері Алексей Ждахин айтқандай, бәрінен бұрын «Торпедо» сапында Евгений Рымарев, Талғат Жайлауов, Александр Шин, Владимир Коротков, Станислав Тунхузин мен Леонид Метельников сияқты тәжірибелі хоккейшілердің қалғаны қуантады. Оның үстіне, клуб басшылығы нидерландтық қорғаушы Майк Дальхюзенмен келісімшарт мерзімін ұзартқан. Тек шабуылшы Евгений Белухин ғана басқа командаға ауысыпты.

– Жаңа ойыншылардың келгені әрине дұрыс. Жаңа лекпен жаңа леп келеді. Команданың бойына қан жүгіреді дегендей. Алайда, сіз баптайтын ұжымда Рымарев, Жайлауов, Шин, Тунхузин сынды тәжірибесі толысып, шеберлігі ширыққан ойыншылар болмаса, жоғары нәтижеге қол жеткізуіңіз екіталай, – деді жақында БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізген команданың бас баспкері.

Кездесу барысында Алексей Ждахин келер маусымға дайындық пен команданың алдына қойылған мақсаттар туралы айтып, жаңа ойыншылары туралы пікірімен бөлісті, журналистер сұрақтарына жауап берді.

– Команданың дайындығын қалай бағалар едіңіз?

– Әзірге дайындықтың бастапқы кезеңіндеміз. Таяуда ғана Астанада өткен алғашқы оқу-жаттығу жиындарына қатысып қайттық. Жиындар аясында «Барыс» хоккейшілерімен ойын өткізудің сәті түсті (ред. – «Торпедо» 6:2 есебімен жеңіске жетті). Жалпы алсақ, дайындығымыз ойдағыдай деп айтуға болады.

– Бұл жеңіс хоккейшілерімізді едәуір рухтандырып жіберген шығар?

– Негізі, мұндай ойындарда есеп маңызды емес, қалай дегенде де бұл жолдастық кездесу ғой. Бұған қоса, «Барыспен» ойынның алдында хоккейшілеріміз 12 күн бойы қызу жаттығу жұмыстарын жүргізген. Қайта, бұл матч ойыншыларымыз үшін демалыс сияқты болды. Астаналық командаға бізбен кездесу өткізуге келісім бергендері үшін алғыс айтамын.

– «Торпедо» мен «Барыс» арасында әріптестік туралы келісімшарт жасалғанын білеміз. Осы орайда, ойыншылар алмасу мәселесі, бұл әсіресе, қақпашыларға қатысты, қалай шешілмек?

– Дәл қазір бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Себебі, ең алдымен, келер маусымда «Барыстың» сапында өнер көрсететін ойыншылар тізімімен танысуымыз керек. Қақпашыларға келер болсақ, қазір бізде Павел Полуэктов пен Роман Смирягин бар. Екеуі де тәп-тәуір қақпашы. «Барыс» бізге Сергей Кудрявцевті жіберетін болса, тіптен тамаша болады. Жалпы, Сергейге Жоғары хоккей лигасында енді бір маусым ойнау артықтық етпес еді деп ойлаймын өз басым.

– Маусым аралық үзілісте «Торпедо» команданың үздік ойыншыларының бірі, былтырғы регулярлық чемпионаттың сұрмергені Евгений Белухиннен қол үзіп қалды. Былтыр торпедолықтарға талай жеңісті әперген хоккейшіні не себепті командада ұстап қала алмадыңыздар?

– Соңғы жылдары Жоғары хоккей лигасының басшылығы жастарға басымдық бере бастады. Биылдан күшіне енген ережеге сәйкес, әр командада жасы 29-дан асқан бес хоккейші ғана болуы шарт. Осы жылы бұл бес орынды Талғат Жайлауов, Евгений Рымарев, Александр Шин, Максим Беляев (бәрі – Қазақстан) және Денис Игнашин (Ресей) иемденді. Оның үстіне, бұл тізімге легионерлерді қосуға болмайды. Ал Евгений Белухин – Украина азаматы.
– Өзіңізге келсек, клуб басшылығымен жаңа келісімшарт жасастыңыздар ма?

– Осыдан біраз бұрын облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесіп, жаңа келісімшарт туралы сөз қозғаған болатынбыз. Жалпы алғанда, аймақ басшысы менің жұмысымды оң бағалап, алдағы екі жыл ішінде Құрлықтық хоккей лигасында ойнауға әлеуеті жететін команда жасап шығару жөнінде тапсырма берді.

Алексей ЖДАХИН: –	«Торпедоны» ҚХЛ-да ойнайтын командаға айналдыруымыз қажет

PS: Қазір торпедолықтар Өскемендегі Б.Александров атындағы Спорт сарайында жаттығуда. Маусымға дайындық барысында хоккейшілер адамның физикалық дайындығын анықтауға мүмкіндік беретін Купер тестін тапсырды.

22 шілде мен 5 тамыз аралығында команда Беларусь астанасы Минск қаласындағы «Чижовка-Арена» базасында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, төрт жолдастық кездесуге қатысатын болады. Ал Жоғары хоккей лигасының 2017-2018 жылдарғы жаңа маусымын жерлестеріміз қыркүйектің 8-і күні бастамақ. Бұл күні регулярлық чемпионаттың бірінші туры аясында «Торпедо» өз айдынында қорғандық «Зауральені» қабылдайды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button