Мәдениет

Қалбиған биік жота Қалбатау аталыпты

– Шығыстың асу бермес екі белінің бірі Қалба тауының шығысы Бұқтырма су қоймасына тіреліп, батысында Тарбағатай тауларына ұмсына түсіп, Аягөз өңіріне қарай созылып жатыр. Жалпы ұзындығы 400 шақырым, биіктігі 160 метрдің үстіндегі тау қыраттарында түрлі тау жыныстары бар.

Қалбиған биік жота Қалбатау аталыптыТау жоталары арса-арса болып, салаланып келеді, алтын және түсті металдардың бай қоры бар. Тау етегінде шалғын шөп бітік, биік өседі. Әрі қайың, қарағай, көк терек араласқан жайқалған орманды болып келеді, – деп жазады Қалбатау туралы ғалым Телғожа Жанұзақов 2011 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Жер-су атаулары» атты этимологиялық анықтамасында.

Атаудың мағынасы туралы әртүрлі топшылау пікірлер мен пайымдаулар бар. Мәселен, М.Абдрахманов пен А.Бонюхов «Шорияда Қалбық деген тау бар. Осы тау аты «қалбы, қалба» (черемша) деген есімнен жасалуы мүмкін деп жорамалдайды.

Ал орыс тіліндегі «черемша» жабайы сарымсақ екені белгілі. Бұл пікірді қолдай отырып А.Әбдрахманов «Осыған қарағанда тау аты сонда өсетін қалба өсімдігіне байланысты қойылуы мүмкін. Қалба көне түрік тілінде болып, қазақ тілінде өсімдік мағынасы ұмытылып, тау атына ғана байланысты сақталып қалуы ойға қонымды» деп жазады.

Ал Т.Жанұзақов оны көне түркі-моңғол тілдеріне тән сөзден қойылған деген пікірде. Мәселен, қазақ тіліндегі қалбағай, қалқиған, қалбаң сөздері бір-бірімен мағыналас сөздер болса, Таулы Алтай тілінде де осыған ұқсас сөздер бар. Соған қарағанда атау биік жота, қыр-қыраттың ұзыннан-ұзақ созылып жатуына байланысты қойылса керек дейді.

Демек, Қалба топонимі «қалбиған биік жота, төбе, қырат» деген мәнге ие сияқты.

Еркінбек Асқарұлы

Осы айдарда

Back to top button