Қоғам

Алакөлдегі 76 нысан талапқа сай

Алакөлдегі 76 нысан талапқа сай


Облыс әкімінің тапсырмасына орай оның бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Алакөл жағалауына келіп қайтты. Облыс әкімнің бірінші орынбасары жағалаудың тазалығын, көлге келіп демалушылар мен ем қабылдаушылардың жағдайын мұқият тексеріп, мекеме басшыларының қатысуымен жиналыс өткізіп, көп мәселені талқылап, талдады.

Аудандық әкімдік тарапынан атқарылған жұмыстарды жоғары бағалап, кем-кетіктерді де анықтау керектігін атап көрсетті.

-Демалушылардың денсаулығы басты назарда болуы тиіс. Сондықтан заман талабына сай туристік кластердің жоғары деңгейіні қалыптастыру маңызды меже болып саналады,-деп атап өтті жиында Нұрымбет Сақтағанов.

Әрі қарай сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жарқынбек Байсабыров туристік аймақта атқарылған жұмыстар мен бірқатар нысандардың заманауи талапқа сәйкестігін баяндап, көл басындағы мәселелерге тоқталып өтті. Бүгінде Алакөл аумағын абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық, өрт қауіпсіздігі шаралары, құрылыс жұмыстарының уақыт талабына сай болуын қалыптастыру мақсатында облыстың тиісті бөлімдерінен құралған комиссия мүшелері жеке кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде туристік аумақта орын тепкен 147 нысанның 76-сы заң талаптарына сай келіп, демалыс маусымына дайын екені анықталды. Бірнеше демалыс үйінде межеленген жұмыстар шілде айында аяқталады. Бұдан өзге, 26 нысан иелері төңіректерін абаттандыруда.

– Бүгінгі күні туристік кешендегі мәселелердің бірі – электр энергиясы болып отыр. Осы ретте, жоғары кернеулі жүйелерді Мақаншы ауылынан тартуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, Алакөл жағалауындағы су мөлшерінің кейбір жерлері 10-15 метрге көбеюіне байланысты жағадан суға қарай сұғындыра салынған құрылғылар (пирс), сондай-ақ, басқа да суға төтеп беру құралдарымен бірге, кең жолақты интернет жүйесі орнатылса, -деген Жарқынбек Борашұлы, жоғарыда аталған мәселелерге қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Нұрымбет Сақтағанов заңсыз сауда орындарын реттеу керектігін де ескертті. Сонымен бірге, жергілікті полиция қызметкерлеріне қызметтік автокөліктер жетіспеуіне байланысты керекті мәліметтер тізімін беруді ЖПҚ-ның басшысы, полиция подполковнигі Болат Төлешке тапсырды.

Шипалы көлге демалушылар жыл сайын көбейіп келеді. Жақында болып өткен Үкіметтің алқалы жиналысында Алакөлдің туристік қабілетін арттыру жайы да сөз болып, жылына екі миллионға жуық туристерді қабылдауға көл жағалауының мүмкіндігі бар екендігі айтылды. Біз алдағы уақытта Алакөлдің Анталиядан кем түспейтін демалыс орнына айналарына толық сеніммен қараймыз.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button