Денсаулық сақтау

Адамдардың психологиясы өзгеруі керек

Онсыз ештеңе де болмайды.  2020 жылдың қаңтар айынан елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істей бастайды. Осыған орай тұрғындар үшін әлі де көп сұрақтар түсініксіз. Медициналық көмек алуда нақты не өзгереді? Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін болатыны рас па? Сақтандырылмаған тұрғындарды не күтіп тұр?

Осы және басқа да көптеген сұрақтар жуықта белгілі тренер  Ольга Каплина МӘМС жүйесін енгізу тақырыбына қатысты жүргізген семинар-тренингте талқыланған еді.Қатысушылардың сауалдарына семинаржұмысына қатысқан міндетті  әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының  директоры Ғалымжан Абилов жауап берді.

  • Ғалымжан Нұржаубайұлы, Қазақстанда тоқсаныншы жылдары медициналық сақтандыруды енгізудің алғашқы тәжірибесі сәтсіз аяқталғанын бәріміз білеміз. Бүгінгі таңда халықтың жинаған қаржысына мемлекет тарапынан кепілдік бар ма? Осы уақытқа дейін шығысқазақстандықтардан қорға қанша қаражат түсті?
  • Алдымен облыс тұрғындарының жүйеге қатысудағы белсенділігіне келетін болсақ, 2017 жылдан бері аударылған жарнаның көлемі 14 млрд. теңгеден асады. Тек жыл басынан бері қорға өңірімізден бес миллиард теңгеден астам қаржы түсті. Басқа аймақтармен салыстырғанда көрсеткіштер жаман емес. Енді қордағы қаражатты сақтау кепілдігіне келсек, қазір қаржыны саквояжға салып, алып кететін заман емес. Қаржымен жасалатын барлық операциялар ортақтандырылған, есепшоттағы ақшаны шешіп алу үшін қомақты негіз, қаншама құжаттар керек.   Сол себепті «қордың қаражаты қолды болады» деп алаңдауға ешқандай негіз жоқ.
  • 2020 жылдың қаңтар айы туды делік. Емханаға, ауруханаға медициналық көмек алуға келгендер үшін не өзгереді?
  • Бұл жерде жаңа жылдың алғашқы үш айы өтпелі кезең болатынын ескерткен жөн. Әлі де болса емханаға тіркеліп үлгермегендер, мәртебелерін анықтамағандар үшін қосымша уақыт беріледі. Осы мерзім аралығында емдеу мекемелері жаңа жүйеге бейімделеді. Одан кейін азаматтарға дәрігердің көмегі екі пакетпен көрсетіле бастайды. Сақтандырылған тұрғындар үшін медициналық қызметтердің барлығы тегін. Оның ішіне қымбат кеңестік-диагностикалық қызметтер де кіреді. КТ, МРТ аппараттарында тексерілу, қымбат зертханалық сараптамалар үшін ақша төлемейді. Ал сақтандырылмаған азаматтарға келсек, оларды да ешкім медициналық көмексіз қалдырмайды. Ондай тұтынушыларға кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемінде қызмет көрсетіледі.
  • Облыста мәртебесі әлі анықталмаған қанша адам бар? Олармен қандай жұмыстар жүргізілуде?
  • Соңғы мәліметтер бойынша, 46465 адамның статусы әлі белгісіз. Бұл бағытта нақты шаралар қарастырылған. Үй-үйлерді аралап, тұрғындармен жеке әңгіме де жүргізіледі. Екінші мәселе, халықтың емханаға тіркелуі. Қазір өңірде 48 801 адам әлі өзіне емдеу мекемесін таңдап алмаған. Бұлардың тоғыз мыңнан астамы шетелге тұрақты мекенжайға кеткендер екені белгілі, әлі күнге дейін бізден тіркеуден шықпапты. Сегіз мың тұрғын шалғай елді мекендерде тұрады, 2500 адам ауылдарда интернет байланысы жоқтығынан тіркеле алмай отыр. Жоғарыда айттым ғой, аула-ауланы аралап, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өкініштісі, сақтандыру жүйесіне мүлде қатысқысы келмейтіндер де бар. Ондай жандарға кепілдендірілген тегін медициналық көмек қана көрсетіледі.
  • Емханаларға тіркелуде шектеу бар ма? Мысалы, отбасының ересек мүшелері қайда тіркелсе де ерікті, ал балаларын нақты тұратын мекенжай қарайтын емханаға тіркеу керек деген талап заңды ма?
  • Бұл жерде жаңа туған нәресте патронаж қызметінен шет қалып қалмауын ескеру керек. Сәбилерге сапалы медициналық көмек көрсету үшін, бір педиатрлық учаскедегі бала саны 800-ден аспауы тиіс. Одан кейін үйге дәрігер шақырғанда, мекенжай алғашқы медициналық-санитарлық емдеу мекемесінен он бес минутта жететіндей қашықтықта болуы шарт.  Ал бізде ата-аналар қайтеді? Өзінің жұмысына барар жолда орналасқан немесе басқа да өзіне қолайлы  жердегі емханаға тіркей салады. Мұндай жағдайда сәби үйлерді аралаған кезде есепке  алынбай қалады. Қазір балалардың денсаулығына деген назар күшейтілген. Қаражат педиатрлық учаскелерге бөлінеді, мемлекеттік сатып алу жүргізіледі. Мектептегі медициналық қызметкерлер де қазір денсаулық сақтау министрлігіне қарайды. Баланың дәрігерлердің назарынан тыс қалып қалмауы үшін тұрғылықты жеріндегі емханаға тіркеген дұрыс. Сақтандыру жүйесі дегеніміз –  бұл денсаулығына ортақ жауапкершілікекенін ұмытпаған жөн.

-Қазір көптеген тұрғындар  медициналық қызметтерді алу үшін жеке клиникаларға ауысып кетуі мүмкін. Өйткені оларда қолайлы жағдайлар жасалған, мамандар кіре берістен күлімдеп қарсы алады дегендей.  Мемлекет меншігіндегі отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар қаңырап бос қалады деп қорықпайсыздар ма?

-Бұл –нарық. Егер мемлекеттік емдеу мекемелері бәсекелестікке қабілетті болмаса, онда кім сапалы қызмет көрсетсе,  қаражатты сол алады. Сақтандыру жүйесінде ақша пациенттің  соңынан еріп отырады.  Мысалы,  мен жеке клиниканың бас дәрігері болсам, егер емделушілердің көп келіп жатқанын көрсем, қосымша филиал ашып, мамандар тауып, барлық жағдайды жасауға тырысар едім. Бұл жерде бір ғана талап бар, бір учаскеге тіркелген ересек адамдардың саны 1700-ден аспау керек.

-Тіркелген емханада лор, невропатолог сияқты мамандар бар делік. Бірақ пациент жеке клиникадағы маманға қаралғысы келеді . Учаскелік терапевтің жолдамасымен бұл қызмет тегін бола  ма, әлде ақылы көрсетіле ме?

Сақтандырылған азаматтар кез келген маманға қаралуды таңдай алады және қызмет тегін көрсетіледі. Тек таңдаған мекемесі сақтандыру қорымен шартқа отырған болса…

-Облыстағы емдеу мекемелерінің  сақтандыру қорымен шартқа отырған-отырмағанын қайдан білуге болады?

Өңірдегі 127 емдеу мекемесі сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен. Олардың 53 пайызы жекеменшік клиникалар. Бұл мәліметтерді қордың сайтынан көруге болады. Сонымен қатар, сайтта бұл мекемелердің қай-қайсысы өзара қызмет көрсету жөнінде келісімшартқа отырғаны туралы да мәлімет бар.

-Ғалымжан Нұржаубайұлы,  оқырмандарды ең қызықтыратын сауал – тегін емделу. Осыған қайта оралайықшы. Сақтандырылған азаматтарға медициналық қызметтің бәрі тегін бола ма?

– Егер көрсетіліміне байланысты дәрігер КТ, МРТ, УДЗ сияқты зерттеулерді  тағайындаса, онда тегін. Мысалы, науқас асқазаны ауырып келді. Оған  УДЗ емес, ФГДС аппаратында тексерілу тағайындалады. Пациент тексеріліп  шықты, бәрі дұрыс. Бірақ дәрігер айтуы мүмкін: «маған мына бір жер ұнамайды.  Сол себепті  іш құрылыстарыңызды УДЗ аппаратымен тексеріп көріңіз» деп.  Міне, осы жерде бұл қызмет түрі енді ақылы болады, себебі алғашқы диагноз – асқазан ауруына қатысы жоқ.  Науқастың нақты шағымына байланысты тексерулер ғана тегін жүргізіледі. Біз бір адамды бастан-аяқ тексеріп шығуға міндетті емеспіз. Әрбір көрсетілген қызмет түрін сараптамашылар жан-жақты  тексереді. Егер емдеу мекемелерінің оңды-солды, ешқандай негізсіз  қызмет көрсеткені анықталса, ондай қызмет түрлерінің ақысы қор тарапынан төленбейді.

 

-Өткен бір жиында сақтандыру жүйесіне қатысушылардың барлығы дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіледі деп еді. Бұл қаншалықты рас?

Дәрі-дәрмек қазіргі қалыптасқан тәртіппен босатылады. Яғни,  тек созылмалы дертке шалдыққан, диспансерлік есепте тұрған науқастарға ғана медициналық препараттар бекітілген стандартқа сай тегін беріледі.

Семинар барысында сақтандыру жүйесіне өткенде адамдардың психологиясын өзгерту қажеттігі айтылды. Қазір тұтынушылардан өз денсаулығына деген ортақ жауапкершілік талап етіледі. Аурудың алдын алуға көбірек көңіл бөлінеді. Елімізде алты түрлі скринингтік тексерулер тегін жүргізіледі. Шетелде, мысалы, скринингтік тексеруден өтпеген науқасты тек ақылы түрде емдейді екен. Сақтандыру пакетінде оңалту шараларына басымдық берілген. Инсульт алған, кардиологиялық немесе  жарақатына ота жасалған науқастарды оңалту шеңбері кеңейтілген. Осы шаралардың барлығы ұлт денсаулығын жақсартуға, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге бағытталып отыр.

Облыс МӘМС жүйесіне дайын

 Жуықта «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының денсаулық сақтау саласы бойынша комиссиясы облыс МӘМС жүйесіне өтуге дайын, тек кейбір техникалық мәселелерді шешіп, мәртебесі анықталмаған тұрғындармен жұмысты күшейту керек деген қорытындыға келді.

Жиында міндетті  әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының  директоры Ғалымжан Абиловтың берген мәліметі бойынша,  өңірдегі мемлекеттік медициналық ұйымдардың техникалық дайындығы 100 пайыз болса, жеке клиникалардың көрсеткіші – 82 пайыз. Жалпы алғанда, облыс республика бойынша медициналық сақтандыру жүйесін дәл қазір енгізуге дайын бес аймақтың ішіне кіреді.

Басқосуда шалғай ауылдарда интернет желісінің жылдамдығының нашарлығы, әлі де мәртебесі анықталмағандардың бар екені сияқты проблемалар көтерілді. Жиындаөзін-өзі қамтамасыз етушілерді салық органдары мен полиция арқылы анықтау туралы ұсыныс айтылды.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Әнуарбек Мұхтархановтың сөзіне қарағанда,  жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға сәйкес,  шығысқазақстандықтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы ақпараттануы соңғы кезде күрт өскен. Тұрғындардың жаңа жүйеге деген көзқарастары да оңды.

-Демек тұрғындар денсаулық саласындағы өзгерістерге дайын. Енді техникалық жарақтандыру мәселелерін шешу  қалды. Біз еліміз бойынша көшбасшылардың бестігіне кіреміз, бұл қуантпай қоймайды, – деді Әнуарбек Мұхтарханов.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button