Руханият

АБАЙДЫ СӨЗБЕН ТОҚТАТҚАН БЕКБОСЫН ШЕШЕН КІМ?

  АБАЙДЫ СӨЗБЕН ТОҚТАТҚАН БЕКБОСЫН ШЕШЕН КІМ?

Тарбағатай тауының күнгейін жайлаған Семіз Найман елінде көптеген батырлар мен би-шешендердің болғаны әмбеге аян. Солардың бірегейі – кезінде Абаймен сөз жарыстырып сынға түскен, һәкімнің өзі «Бекбосын шешен» деп ат берген, небәрі 35-ақ жыл ғұмыр кешкен Бекбосын биді қазақ халқы ұмыта алмайды. Зираты Қарақол ауылының солтүстік беткейіндегі жазықта мәңгілікке орын тепкен Бекбосын шешеннің ұрпақтары Үржар, Таскескен, Қарақол, Үйгентас, Үшарал маңында тұрады. «Адам баласының қара тілі» атанған Бекбосын шешен кім еді? Ол 1848 жылы Қарақолда туған. Ес біліп, етек жапқалы шешендігімен аты дүйім елге мәлім болған. Оның сүйегі Семіз Найманның Байтайлақ табынан шығады. Байтайлақ Қожабергеннің Керікбай, Домбай, Қабатай деген үш баласының Домбайынан туатын Бекбосын ел ішіндегі күрмеуі қиын дауларды шешіп, «қара қылды қақ жарар» әділдікпен төрелік еткен адам. Бидің жұрағаты болып келетін журналист, ақын марқұм Тынышбек Әбішұлы ағамыз ол кісі туралы ел аузынан біршама құнды деректер жинаған. Әділдігімен, бетке айтатын турашылдығымен даңқы аспандаған Бекбосын би бірде Садыр Найман еліндегі Төсібектің Базарбайы деген мықтының Қаракерейден жылқы барымталап, олжалаған малын туыстарына пышақ үстінен үлестіріп жіберетінін естиді. Осыдан әбден запы болған ел адамдары Бекбосын шешенге келіп: «Төлегейтайдың екі баласы бір-бірімен шабысып жатыр деген атаққа қалармыз. Базарбайға тоқтау айтпасаңыз болмас», – дейді. Бекбосын Базарбай ауылына аттанып, ат басын қонақ үйге емес, байдың өз үйіне тірейді.
– Уа, сөйлес! Кім бар? – деген дауысты естіген Базарбай:
– Мынауың кім? Барып білші, – деп күтуші жігітін жұмсайды.
– Кімсің? – деген күтуші жігітке Бекбосын аты-жөнін айтпай, \”Қаракереймін\”, – деп жауапты қысқа қайырады. Бұған шамданған Базарбай:
– Каракерей болса, менің әкем Садырды көріп пе? – деп күтушісін қайыра жұмсайды.
– Көрдім, – деп саңқ ете қалады Бекбосын. – Шұбар аты астында, шолақ найзасы қолында, Алатау мен Тарбағатай арасында күніреніп жүр екен, жарықтық. Жұмаққа барайын десем, Құдайдан қорқамын, тозаққа барайын десем, сайтаннан қорқамын. Балам Базарбайға айта бар, ағам Қаракерейдің жылқысын өзіне қайтарсын, – деп үш қайтара сәлем айтты.
– Апыр-ай, менен бір ағаттық кетіпті. Өзіңді көрмесем де, сөзіңді естуім бар еді, Беке! – деп Базарбайдың өзі үйден жүгіре шығып, Бекбосынды қолтықтап түсіріп алыпты. Осыдан кейін Қаракерей мен Садыр арасындағы барымта сап тыйылған екен дейді. Домбай биден тараған Әділбек, Қарабек ұрпақтары Қарақол ауылында, Астана, Алматы, Семей, Өскемен жақтарды мекен етеді. Сол сияқты, Қожабергеннің Қабатайынан тараған Бекбосын, Берікбол ұрпақтары да Қарақол, Сағат ауылдары мен Қазақстанның әр түкпірін мекен етіп келеді. Жалпы, бұл өңірдегі Байтайлақ табынан тараған сегіз қажы: Тапқанбай, Саңқайбай, Досбай, Босмойын, Шәкірт, Бекберген, Бекжан, Шағандардың бәрі де кезінде бес парызын өтеп, Мекке, Мәдинаға сапар шегіп, қажы атанғандар. Домбай, Бекбосын, Серең билер де осы Байтайлақ табынан. Саңқайбай қажы байлығы мен атақ-даңқы үш жүзге мәлім болған жан еді. Ел ішінде «Саңқайбай қажының қарақұрым жылқысы Қарақол өзенінен су ішкенде, өзен суы тартылып қалады-мыс» деген әңгіме әлі күнге дейін айтылады. Тарбағатайдың Ақшәулі тауынан бастау алатын ұзына бойы 186 шақырымға созылатын жойқын өзеннің суын сорғытатын қалың жылқының есебін шамалай беріңіз. Саңқайбай қажы 1847 жылы туып, 1924 жылы 77 жасқа қараған шағында дүниеден өткен. Бұл кісінің ұрпақтары да Қарақол, Семей, Алматы маңында. Бекбосыннан Қонақбай, Заманбек, Мөрлібек деген ұлдар туған. Олардан тараған ұл-қыздардың өзі бір қауым. Жалпы, Бекбосын шешендігімен ғана емес, еліне қорған болатын батырлығымен де аты шыққан адам. Бір жылы Бақанас – Көксала өзені бойындағы Семіз Найман елінің Қазығұл руының адамдары барымтаға келген бір Тобықты жігітін аңдаусызда өлтіріп алыпты. Бірақ сол кезде Тобықты адамдары дер кезінде құн сұрай алмай қалған екен. Араға біраз уақыт салып, өлген жігіттің ағайындары құн алып бер деп, болыс Абайға барыпты. Соны есіткен казығұлдықтар «Құнанбайдың болыс баласы келе жатыр» деп дүрлігіп, арнайы ат жіберіп, Бекбосын биді алдырады. Он шақты адаммен Қазығұл еліне келген Абайды қарсы алғандардың арасынан Бекбосын суырылып шығып амандасып:
– Жақсы жігіт жоқ іздейді, жаман жігіт боқ іздейді. Бірді көп іздейді, көпті кім іздейді? Жүрістерің суыт, қабақтарың қату ғой. Тобықтының сөзі Кеңгірбай еді, көзі Өскенбай еді. Құнекеңнің көзіндей боп жалғыз келгенің қалай, Абай? Базекем, Базаралым аман болса игі еді, – деп Абайды құшағынан босатпай тұрып алыпты дейді. Сонда сөз қадірін білетін, жөн білетін дара туған дана Абай:
– Алысқа жолаушылап бара жатқан соң, жолай бұрылып едік, рақмет, – деп Қазығұл ауылынан түстеніп қана аттанып кетіпті. Сөйтсе, осының алдында ғана Базаралы Қауменұлы бастаған Жігітектің 17 адамы итжеккенге айдалған екен. Бекбосын бидің осы оқиғаны тұспалдағанынан тұжырым жасаған Абай дауласып жатуды орынсыз көрген екен».

  АБАЙДЫ СӨЗБЕН ТОҚТАТҚАН БЕКБОСЫН ШЕШЕН КІМ?

Суретте: Бекбосын шешеннің немересі Махмет Заманбекұлының отбасы

«Болар бала боғынан» дейді аталарымыз. Бекбосын Домбайұлы да бұғанасы қатпай дау-шарға кірісіп, төрелік айтқаны жайында Тынышбек Әбішұлы ағамыз айтып отыратын: «Қаракерейден тарайтын Байыс, Байсиық елдерінің арасындағы бір барымтада Домбайдың жылқысы қолды болыпты. Домбай ақ-адал малын қуып, Байыс еліне қанша барса да, қайтып ала алмапты. Бірде Байыс елінде сиез өтіп, ол жиынның басы Тана мырза деген хабар құлағына тиген он екі жасар Бекбосын әкесі Домбайдан рұқсат сұрап, жолға шықпақ болады.
– Балам, әлі бұғанаң қатпаған жассың. Ол жерде «түу» дегенде түкірігі жерге түспейтін, иісі қазаққа белгілі би, шонжарлар болады. Сенімен олар сөйлесуші ме еді, қой, балам, – депті Домбай баласының әрекетін құптай қоймай. Бірақ баласының алған бетінен қайтпас түрін көріп, ақырында батасын беріп, қасына ел адамдарын қосып аттандырады. Сиез жұмысы аяқталар тұста Бекбосын бала ордаға кіріп келіп, сәлем берсе, сәлемін ешкім ала коймайды. Тана мырза екі қолын желкесінің астына қойып жататын кісі екен. Сонда Бекбосын:
– Сөздің басы сәлем еді,
Елдің басы Тана мырзадай данам еді.
Танекем жарықтық дүниеден күдер үзіп,
Жамбасына басқан ба қара жерді.
Қайран ағатайым-ай! – деп дауыс салып, төрге ұмтылғанда, Тана мырза:
– Ой, енеңді ұрайын, мынауың бала емес, бәле ғой өзі, – деп басын көтеріп алған екен.
Бекбосын осы жолы жылқысын айдап қайтыпты.
Қарақолдан шығып, қазақ еліне атағы мәлім болған Бекбосын Домбайұлы 1848-1883 жылдар шамасында құйрықты жұлдыздай қысқа ғұмыр кешкен біртуар тұлға. Қаракерей-Семіз Найман елінен шыққан белгілі би. Өз заманында Алшынбай, Құнанбай сынды билермен, Абаймен дәмдес-тұздас, дастарқандас, сұхбаттас болған. Белгілі ақын Дулат Бабатайұлымен кездесіп, әңгіме-дүкен кұрғаны туралы мәліметтер ұшырасады. Ал осындай елге белгілі бабалары туралы деректер жинап, көнекөз қариялармен тілдесіп бізге жеткізген марқұм Тынышбек Әбішұлы, Салық Әкімбайұлы, Еженхан Несіпбайұлымен бүгінде көзі тірі Досбай қажы немересі Қабдығали (Қабаш) және Саңқайбай қажы шөбересі Нұрсәлім (Бөкен) бауырларымызға мың алғыс айтамыз.
Жоғарыда айтқанымыздай сегіз қажы, үш би шыққан генофонд – Қаракерей – Семіз Найман – Байтайлақ бабамыздың осындай елге тұтқа болар ұрпақтары ғұмыр кешкен.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button