Тарих

Ақ батасы әр қазақтың жадында

  Мұхаммедшүкір – бұл есім көпшілікке таныс бола қоймас. Десек те, 1991 жылғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі дәл осы есіммен тікелей байланысты еді. Бірден ойыңызға Шәкір Әбенұлы түссе, онда қателеспегеніңіз анық. Осы ретте аңызға айналған абыз жайлы біраз деректерді келтіруді жөн санадық.   

Кешегі бабалардың өткен өмірі жас ұрпаққа тарих беттерінен бөлек, ауыз әдебиетінен, тарихи дастандардан, жырлар мен аңыз әңгімелерден жетті. Ұлттық әдебиеттегі поэма жанрын байытуда ұлы Абайдың дәстүрін жалғас­ты­рған, қазақтың абыз ақыны, күйші, сазгер  Шәкір Әбенұлының орыны әсте ерекше. Ол 1900 жылы Абай ауданы, Құндызды ауылында дүниеге келді. Дүйім жұртқа Шәкір ретінде танымал болғанымен азан шақырып қойған есімі – Мұхаммедшүкір. Әкесінің ықпалымен ерте ауыл молдасынан мұсылманша хат танып, Семейдегі приходская мектебінде үш жыл оқыды. Жастайынан зейінді, мұсылманша және орысша сауатын ашқан Шәкір өнер-білімге құштар жан еді. 1915 жылы Семейдегі ер балалар гимназиясына оқуға түскенімен, 1916 жылғы көтеріліске байланысты оқуын жалғастыра алмай, ауылына қайтады. Ақындық өнерде Абайды пір тұтып, өлеңдерін жаттап өседі. Сол секілді Шәкәрімнің ойшылдық ұлағатына қанығып, Сұлтанмахмұт Торайғыровпен етене араласқан деседі. Әсіресе Шәкірдің ақындығын Сәкен Сейфуллин және Ілияс Жансүгіров сынды марқасқалар жоғары бағалапты. Дегенмен, оның саналы ғұмыры тар жол, тайғақ кешуден тұрды. Қазақ шайыры Алаштың бодандық қамытынан құтылатын күнді аңсап өтті. Сондай-ақ өзі де осы жолда басын бәйгеге тікті. Шәкірдің отаршылдық езгіге қарсы қолданған басты қаруы – ұлттық әдебиет еді.

1921 жылы Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы кезекті сайлауда орысша-қазақша сауатты Шәкір Қызыладыр болыстық басқармасына көмекші етіп сайланып, 1922 жылға дейін жұмыс істеді. Ақынның өміріне үлкен әсерін тигізген 1917 жылғы Қазан төңкерісі. Шәкір осы дүркіреген дүбірдің ортасында қалың халықпен бірге болды, оның қасіретін көзімен көрді. Саналының жүрегін мұңды қылған, санасыздың көңілін жынды қылған дәуірдің жымысқы саясатын тани білген болашақ абыз өзінің әрекетімен қазағына тура жол сілтеуге тырысты. Қандай қиын-қыстау кезеңдерде де осы ұстанымнан айрылған жоқ, – дейді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері Нұрсұлу Санақбекқызы.

Тоталитарлық режимге қарсы тұрған дала саңлағының әрекетін Кеңес одағы үнемі басып-жаншып отырды. Олай дейтініміз, абыздың жарты өмірі темір қапаста қамалумен өтті. Бұл жөнінде Нұрсұлу Санақбекқызы былай деп ой өрбітті:

«1928-1930 жылдары Шәкір Мақаншы аудандық тері-терсек мекемесінде қабылдаушы болып еңбек етті. Екі жылдан соң бұл мекеме жабылып, Үржар аудандық тері-терсек мекемесіне қоймашы болып орналасады. 1933 жылы Үржарда «сәдуақасовшылардың» қара тізіміне ілініп, Ақтөбе лагерінде айдауда болды. Арада екі жыл өткеннен кейін одан босап, мамыр айында  Абай аудандық жер бөлімінде статист ретінде қызметке араласты. Талай игі жақсылардың тағдырын жалмаған 1937 жылы Шәкірдің де басына қауіп төніп, Аягөз ауданындағы Мыңбұлақ станциясына барып жанын сауғалауға тура келеді. Ал 1938 жылы Қазақ ғылым академиясының филиалында халық ауыз әдебиетінің озық үлгілерін жинайтын корреспондент, сонымен қоса, 1939 жылға дейін Жамбылдың екінші хатшысы болып жұмыс істеген. 1940 жылдың аяғында туған жері Семей облысына келіп, ел аралап, шығармашылыққа ден қояды. Бұған қоса, Абай мұражайында экскурсовод болып қызмет етіп үлгерген екен. Бір жыл өткен соң оны ұстап, Фрунзе қаласындағы түрмеге жабады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, 1942 жылы майданға сұранып, «штрафбаттың» құрамында фашистермен айқасады. Алайда Брянскіде болған шиеленісті ұрыста Шәкір ауыр жарақаттанады. Госпитальден сауығып шыққаннан кейін соғысуға жарамсыз деп танылып, елге оралады. Ақын мұнда да тыным таппай, Жданов ұжымшарында тыл жұмысына белсене араласты. 44 жасында Серікбүбі Молдаханқызына үйленіп, бала сүйеді. 1947 жылы қуғын-сүргін қайта басталып,  ақынға «Үкіметке қарсы үгіт жүргізіп жүр» деген айыппен 1949 жылы 1-ші шілдеде тұтқынға қайта алынады. Тұңғышы Дауа екі жастан асар-аспас уақытта қуғын-сүргіннен көз ашпаған Шәкір нақақтан-нақақ он жылға Сібірге айдалып кете барды. 1955 жылы қазан айының 3-і күні Шәкір түрмеден босатылды. 60 жасқа толған уақытында ақынға жазықсыз айып тағылғандығы туралы мәселе қаралып,  Қазақ КСР Жоғарғы соты қылмысы жоқ деп тауып, Шәкір Әбенұлының  ақталуы туралы шешім қабылдайды», – деді сарапшы маман.

Осылайша, қайсарлықтың арқасында шайыр бүкіл ауыртпалықты жеңе білді. Бодандықтың бұғауынан жігері мұқалмады, керісінше рухы асқақтай түсті. Қайғы-қасіреттен көз ашпаса да, қолынан бір сәтке де қара домбырасын тастамай өтті. Шәкір Әбенұлы 40-қа жуық әннің, 20-ға жуық күйдің авторы. Ол  «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Таңшебер – Жапал», «Кейпін батыр», «Тоқтамыс», «Пәрмен»  сынды сүбелі поэ­ма­лар­ды жазып шыққан. Сол сияқты «Ортақ арал» поэмасы, «Қорқыт қобызы», «Пәрмен», «Алданған қыз», «Патша мен байғыз», «Ана махаббаты», «Шыңғыстау сазы»,  «Дастандар» деп аталатын жырлары жинақтарға енді. Оның айтыс ақыны ретінде де кеңінен танымал болғанын айта кеткен орынды. Әсіресе, Тәңірберген Әміреұлымен айтысы «Айтыс» жинағында жарияланыпты. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Шәкір 1990 жылы «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. Десек те, арқалы ақынның басты арманы елінің дербестік алып, жеке мемлекет құруы еді. Абыз ақсақалға бұл күнді көру, тоқсанның біріне шыққанда бұйырды. Тек жай ғана көрмей, 1991 жылы Республика Сарайында елдің Тұңғыш Президентіне бата беру мәртебесін иеленді.

Жырлайтыны Қорқыт, Тоқтамыс және Жапал батырлар. Қарап отырсаңыз, кілең ұлттық философия мен салт-дәстүрге негізделген қазақтың тарихы. Мұны көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым өкілдері біле отыра ұлықтау салтанатына дәл Шәкірді әдейі таңдаған шығар. Ол кісі 90 жаста ақылы мен ойынан жаңылмаған ерекше ақын болды.  Екіншіден, білімі, тілінің өткірлігі, қайсарлығы, ғұмыр бойы егемендікті аңсап келгендігі, ғасыр жасына тақап қалса да ақыл-есінің дұрыстығы осыған септігін тигізді деп ойлаймын. Сонымен қатар, бұл Абай, Шәкәрім және Мұхтардай алыптар дүниеге келген киелі мекенге жасалған құрметтің белгісі болса керек, – дейді Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің қазақ филология факультетінің деканы, профессор Айбар Қадыров.

Шәкір Әбенұлы 1994 жылы қазан айының 23-ші жұлдызында дүниеден өтті. Ақынның тұрған үйінде 2003 жылы Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музей бөлімі ретінде экспозиция ашылған. Абыздың қолынан шыққан поэмалардың шоқтығы биік. Өйткені, олардың формалары мен мазмұны ұлттық әдебиеттің өлшемінде құрылған. Қазыналы ақынның мысалдап, астарлап айтқан ойлары оқырман жүрегінен әлі де жол табары хақ.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ

Семей

Осы айдарда

Back to top button