Қоғам

№20 ауданға жарық тартылады

№20 ауданға жарық тартылады


Келесі жылдан бастап Өскеменнің бірнеше жерінде саяжай өнімдерін сатуға арналған ақысыз орындар жұмыс істеуі мүмкін. Аймақ басшысы Даниал Ахметов Ұлан ауданы мен Өскемен қаласының әкімдеріне осындай тапсырма берді.

Сауатсыз жобаның шығыны шаш етектен

Өткен сенбіде облыс әкімі Өскемендегі құрылыс алаңдары мен әлеуметтік сауда орындарын аралады. Әуелі ол №19 шағын ауданға ат басын бұрды. Әкім мұндағы құрылыс жұмыстары сауатсыз ұйымдастырылғанын айтып, қала әкімдігі мен құрылыс басқармасының жұмысын сынға алды.

-Жұмыстарыңызда бірізділік жоқ. Бір жерден бастадыңыздар ма, соның маңайын түгел салып бітіру керек. Бірін аяқтамай жатып, екіншісін бастаған соң шығын да шаш етектен болады. Ауданның әр шетінде шашырап жатқан нысандарға жеке-жеке инфрақұрылым тарту өте қымбатқа түсетінін ойламадыңыздар ма? Әлде құрылыстың осылай бейберекет жүруі базбіреулерге тиімді ме? Жауапты мамандардан сұрасам, геологиялық кедергілерді желеу етіп отыр. Бұл жерде жалғыз кедергі бар. Ол – қала сәулетін жобалаушылардың сауатсыздығы, – деді облыс басшысы.

Аталмыш аудан тұрғындары үшін К.Маркс даңғылының бойынан 200 орындық балалар ауруханасы салынып жатыр. Мердігер – «Элхон» ЖШС. Компания басшысы Лұқбек Тұмашинов құрылыс басында 200 адам жұмыс істеп жүргенін айтады. 2014 жылы басталған құрылысты 2019 жылдың сәуір айында аяқтау жоспарланған. Л.Тұмашинов құрылысты қаржыландыру жағын ширатса деген тілегін де айтты.

-Биыл суық түскенше төрт қабатты тұрғызып, шатырлап үлгереміз. Біз өз міндетімізді мүлтіксіз атқарып келеміз. Ал бөлінген қаржы кешігіп жетуде. Сол қолбайлау болып тұр. Кестеден кешікпес үшін ақшадан тарыққан кезде, несие алуға да тура келді, – деді ол.

Биыл бұл құрылысқа облыс бюджетінен 1,2 млрд теңге бөлінуі керек болған. Бұған дейін де бірнеше рет қаржының кешігіп бөлінуі салдарынан құрылыс мысықтабандап жылжып келеді.

-Нысан шағын аудан үшін өте маңызды. Сондықтан қажетті қаржыны дереу бөліңіздер. Қажет болса, қаржысы жөнді игерілмей жатқан жобалардың ақшасын осы нысанға бағыттаңыздар. Биыл қалайда бұл жобаға бір миллиард теңге бөлінуі тиіс, – деді аймақ басшысы.

Күн сайын іргесі кеңейіп келе жатқан бұл шағын ауданға кішігірім саябақ салынбақ. Қала әкімі Қуат Тұмабаевқа саябақ жобасын бір айдың ішінде дайындау жүктелді. Орны белгіленіп қойыпты. Аймақ басшысы ендігі салынатын тұрғын үйлердің бәрі осы саябақтың маңайына шоғырлану керектігін баса айтты.

-Бұл саябақ жобада болған жоқ. Алайда халық бос уақытында сейіл құрып, бала қыдыртатын орын болуы керек қой. Тұрғын үйлердің бәрі осы маңайға шоғырлануы керек. Сіздерге салса, әр бес шақырым сайын бір үй салынатын түрі бар. Ертең ол үйдегі балалар мектепке қалай жетеді? Осының барлығы ескерілуі тиіс. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» 2000-нан астам тұрғын салым құйып отыр. Солардың сұранысын қалай ұтымды қанағаттандыру керектігін ойластыру қажет, – деді әкім.

Базар иесіне ескерту жасалды

Бұдан кейін өңір басшысы №20 шағын ауданның тұрғындарымен кездесіп, базыналарын тыңдады. Төрт жылдан бері жарықты автономды көздерден алып келе жатқан жер үй тұрғындары кездесуден көңілдері жайланып тарады. Өйткені, жыл соңына дейін бұл ауданның 500-ден астам үйіне электр желісі тартылатын болды. Ол үшін бюджеттен 120 млн теңге бөлінген екен. Ал келер жылы 980 млн теңгеге су құбыры тартылмақ.

-Қаңтар айында «Нұр Отан» партиясының қабылдауында болған едік. Сонда облыс басшысы осында келіп, жағдайымызбен танысатынын айтқан. Сөзінде тұрды. Жай ғана келмей, ең басты мәселелерімізді шешіп кетті, – дейді Қыдырғазы Баймұратов есімді тұрғын.

Тұрғындар әкімге ұрлық маза бермей тұрғанын айтып, көшелер мен жолдарды асығыс жобалаудың салдарынан үйлердің арасы тұйықталып қалғанын айтты. Жанын жалдап, әупіріммен жүрген халықтың мүлкіне «жиендік» жасайтындар тіптен құнығып алса керек. Жаз шыққалы оншақты үйдің құрылыс материалдары жоғалыпты. Енді мұнда полиция бекеті қойылып, қоғамдық тәртіпті назарда ұстайтын болады.

Бұдан кейін облыс әкімі Өскеменнен 35 шақырым жерде орналасқан «Нұр Береке» шаруа қожалығына барды. 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысынан қоныс аударған Қожақұл Типлабеков атты кәсіпкер Ұлан ауданынан 325 гектар жер алып, соның 70 гектарына көкөніс өсірген екен. Жыл сайын мың жарым тонна өнім алуда. Мемлекеттен алған 42 млн теңге несиені осы өнімдерін қала базарларына өткізу арқылы өтеп келеді. Енді Айыртау ауылының бұрылысында 2000 тонналық қойма мен жылыжай салмақшы.

№20 ауданға жарық тартылады

-Биыл орамжапырақтың келісін 45 теңгеден, қиярды 120 теңгеден, қызылшаны 60-70 теңгеден тапсырамыз. Соның бәрін ешқандай делдалсыз өзіміз емін-еркін сататындай жағдай жасалса, – дейді кәсіпкер.

Аймақ басшысы кәсіпкердің өтінішіне орай «Ертіс» ӘКК-ге, Ұлан ауданы мен Өскемен қаласы әкімдігіне бірқатар тапсырма жүктеді. Бұдан былай қала халқын жергілікті өнімдермен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік дүкендерге Ұлан ауданының ауылшаруашылық өнімдері көптеп өткізілмек. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап жаз бойы қаланың орталық бөліктерінен саяжай өнімдерін сатуға арналған ақысыз орындар ашылуы тиіс. Ал көкөніс пен жеміс-жидектің саудасы қызып тұрған «Дина» базары жабылуы мүмкін.

Базарды бастан-аяқ аралаған әкім оның басшыларына қатаң ескерту айтты.

-Басқасын былай қойғанда ұсынылған өнімдердің бағасы да ілінбепті. Базар аумағында санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптары мүлде сақталмаған. Базардың иесі заңсыз жұмыс істеп отыр. Оны қадағалайтын қызметтердің біреуі де жоқ. Не базар саудасы тәртіпке келу керек, не мүлде жұмысын тоқтату қажет. Қала әкіміне тапсырма бердім. «Фрешмаркет» пен бүгінгі базарда тауар өндірушілер неге өнімдерін делдалсыз сата алмайтынын анықтап, маған ақпарат беретін болады, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button