Қоғам

19 тұрғын ауданды торып жүрген шын мәнінде қасқырлар ма?

Осыдан екі-үш күн бұрын WhatsApp желісінде «Өскеменнің шеткері ауданында қасқырлар жүр» деген ақпарат тарады. Тұрғындар түн мезгілінде жыртқыштардың 19-шы тұрғын ауданда жаңадан салынған қоқыс контейнерлерінің қасында тамақ қалдықтарын шашып жатқан жерінен, бейнежазба жариялады. Айтуларынша, бұлар қасқырдың биылғы күшіктері, Алайда, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.

«Мұнда үш кішкентай қасқыр. Қоқыс алаңында жүр. Адамнан, көліктің жарығынан қорықпайды, – деген еді бейнежазба авторы. Желіде бұл айтылғандарға күмәнмен қарағандар да, бұлар нақты қасқырлар дегендер де болды. Бейнежазбадан жырқыштар жүрген жер Көкжал Барақ көшесінің бойындағы үйлердің бірінің ауласы екендігі, анадайдан Қазыбек би даңғылы бойындағы “Ана мен бала” орталығының жаңа ғимараты айқын байқалады.

«Қасқырлар адамдарға осыншама жақындап келмейді. Келсе де, бұлай камераға қарап тұрмас еді. Көп адамдар иттерді қасқырмен шатастырып жатады», – деп жазды олар. Кейбір желі қолданушылары бұған дейін Сәтпаев даңғылының бойынан шын қасқырды көргендерін, бұрынырақта осы тұрғын ауданға аю да кіріп кеткенін жазды.

Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтады.

– Біз 19-шы тұрғын ауданда іздестіру жұмыстарын жүргізіп, «жыртқыштардың» қасқырға ұқсас иттер екенін анықтадық. Яғни желіде тараған ақпарат жалған, – деді Орман және аңшылық шаруашылығы жедел жасағының өкілі Мақсат Шәкіров.

Айта кетейік, бұл маңда №46 орта мектеп орналасқан және көше бойымен таңертең жарық түспестен ерте мектепке барған және кешкісін үйге қайтқан оқушылар ағылып жатады. Сондықтан кішкене балалар үшін қасқырды қойып, аш, қаңғыған иттердің өзі де қауіпті екенін есте ұстаған абзал.

“DIDAR” ақпарат

Осы айдарда

Back to top button