Қоғам

Зілтемірші қыздарымыз жарады

Зілтемірші қыздарымыз жарады


Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан өткен ел чемпионатында облыстың құрама командасының екі бірдей өкілі жүлдемен оралды. Байрақты бәсекеге қатысқан жерлестеріміздің бірі Екатерина Долгих күміс жүлдемен марапатталса, Лидия Ануфриева қола медальды місе тұтты.

Семейлік Екатерина Долгих 63 келі салмақта сынға түсіп, серпе көтеру жаттығуында қарсыластарынан басым түсті. Жұлқа көтеруде шығысқазақстандық зілтемірші 80 келіні бағындырып, өзінің жеке рекордын жаңартты. Ал серпе көтерудегі көрсеткіші – 95 келі. Жалпы, бұл жарыста жанкүйерлердің қолдауына ие болған Екатерина Долгих алдағы додаларда 195 (85+110) келіні бағындыруды жоспарлап отыр.

Ел чемпионатында қола жүлдегер атанған өскемендік Лидия Ануфриева 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Жуықта жарақат алып қалған спортшы бабына енді келе бастапты. Осы жолғы жарыста жоғары нәтиже көрсетпесе де, алдағы байрақты бәсекелерде жарқырап көрінуге шамасы бар екенін байқатты ол. Лидия Ануфриева қоссайыс қорытындысында 170 (75+95) келіні бағындырды. Осы орайда, жарыстағы жұлқа көтеру жаттығуында Лидиядан бір келі артық көтерген семейлік Елизавета Белоусова жанкүйерлердің ерекше ықыласына бөленгенін айта кеткен жөн.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button