Қоғам

Журналистер мемлекеттік сатып алуды бақылайды

Журналистер мемлекеттік сатып алуды бақылайды


Өңірдің бір топ журналистері мен облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық белсенділер медицина саласындағы мемлекеттік сатып алу барысын қадағалау мүмкіндігіне ие болды. Өткен аптада облыс әкімі Даниал Ахметов осы мәселелерге сыни тұрғыда қарайтын журналистердің тобын құруға тапсырма берген болатын. Сейсенбі күні аймақ басшысы осы топқа кірген БАҚ және қоғам өкілдерімен кездесті.

– Біз қоғамдық бақылаудың тиімді жүйесін құрғымыз келеді. Топқа кірген бақылаушылар мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізеді, көмек көрсетеді және объективті арбитрлар болады. Комиссия мүшелері медициналық құрал-жабдықтар мен кепілдендірілген тегін медициналық көмектің аясында сатып алынатын тегін дәрі-дәрмектің мемлекеттік сатып алуларын бақылайды, – деді аймақ басшысы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов медициналық жабдықтарды сатып алуға бөлінген алты миллиардтан астам қаржы қалай, нақты қандай құралдарға жұмсалатыны жайында баяндап берді. Маусым айында құрылған арнайы комиссия облыстағы барлық емдеу мекемелерінің жабдықталуына аудит жасап, кемшіліктерді анықтаған болатын. Әсіресе облыстық онкологиялық диспансер мен №1 қалалық аурухана бөлімшесінің құралдары сын көтермейтіні белгілі болған-ды. Марат Шоранов практикалық дәрігерлердің қатысуымен аса қажетті деген 1023 медициналық техниканың тізімі жасалғанын жеткізді. Осы мақсатқа алты миллиард 58 миллион теңге бөлініп отыр.

Журналистер мемлекеттік сатып алуды бақылайды

Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Гүлмира Сағидуллина құралдарды таңдауда олардың әлемдік стандарттарға сәйкестігіне, кепілдік қызмет көрсетілу мүмкіндігі мен техникалық сипатына басты мән берілгенін айтты. Онкологиялық диспансер алдағы уақытта компьютерлік томография, операция блогына қажетті эндоскопиялық аспаптармен, көпфункционалды төсектермен толығатын болады.

Тізімге енген он алты бақылаушыға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының қолымен бекітілген құжат беріледі. Олар тендердің конкурсын бақылап, өздерін қызықтырған мәліметтерді алуға құқылы. Бірақ тендер комиссиясының жұмысына араласа алмайды.

Облыс басшысы бұл тәжірибе нәтижесін беріп жатса, келешекте басқа да салаларда қолдануға болатынын ескертті.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button