Денсаулық сақтау

Жүрек дерті жасарып барады

Жүрек дерті жасарып барады


Жүрек-қан тамырлары дерттері әлем бойынша алдыңғы қатарда тұр. Дүниежүзі халқының он пайызы осындай дерттерге шалдыққан. Әлемде жүрек-қан айналымы жүйесінің ауруларынан жыл сайын 1 млн. 700 мыңдай адам қайтыс болады деген статистикалық мәліметтер бар. Қан айналымы жүйесінің дерттері – біздің өңірде де ең жиі кездесетін аурулардың бірі. 29 қыркүйекте дүниежүзі Жүрек күнін атап өтеді. Осыған орай біз облыстық аурухананың эндоваскулярлы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, эндоваскулярлы хирург Қуатжан Әбішевпен кездесіп, облыста жүрек ауруларын емдеуде қолданылатын жоғары технологиялармен, жергілікті дәрігерлердің мүмкіндіктерімен танысқан едік.

-Жүрек қан тамырларының дерттері бүгінде жасарып бара жатқаны алаңдатады. Қазір 25 жастағы қылшылдаған жас жігіттердің де жүрек инфарктіне ұшырауы кездеседі, – деп бастады сөзін Қуатжан Әбішев. – Жүрек инфаркті дегеніміз дер кезінде анықталмаған бір дерттің асқынған түрі. Осы ауыр жағдайға әкеліп соғатын алғашқы белгілер емханалар деңгейінде анықталуға тиіс.

Хирургтің сөзіне қарағанда, инфарктке әкеліп соғатын дерттердің бірі –атеросклероз, яғни, жүрек, аяқ-қолдың қан тамырларының тарылуы немесе зақымдануына әкеліп соғатын созылмалы ауру. Егер ағзада холестериннің мөлшері шамадан тыс артық болса, қан тамырларының ішіндегі май мен ақуыздың алмасуы бұзылып, қабырғасына жинала береді де, сол жер тарылып, қан жүрмей қалуы мүмкін. Одан қан қысымы көтеріліп, тамыр жарылып кетсе, науқас инсульт немесе инфаркт алып қалады.

Алтын стандарт

Бүгінгі таңда атеросклерозды емдеудің дүниежүзі мойындаған алтын стандарты бар, дейді хиург. Медицина тілінде аз инвазивті эндоваскулярлы интервеционды хирургия деп аталатын күрделі әдісті қарапайым тілмен жеткізсек, барлық хирургиялық іс-әрекеттер кеуде қуысын ашпай-ақ, қан тамырлары арқылы жасалады.

-Біз жабылып қалған қан тамырын ашып, сол жерге стенд қою арқылы қан айналымын қалпына келтіреміз. Стенд дегеніміз әртүрлі металдардың қоспасынан жасалған серіппе пішіндес зат. Оны кез келген жердегі зақымданған тамырға қоя беруге болады. Мысалы, жүрек тамырларынан басқа, ұйқы тамырына, бастағы, бүйректегі көктамырға да саламыз, – деп түсіндірді Қуатжан Мұратұлы.

Стендтің металдан жасалған, дәрілермен қапталған және уақыт өте келе ағзаға өз-өзінен сіңіп кететін үш түрі болады екен. Соңғысы ең қымбат саналғанымен он жылдық тәжірибе дәрімен қапталған түрінің ең тиімді екенін көрсетіпті.

-Мамыр айында Парижде әлем кардиологтарының жыл сайынғы басқосуына қатысып қайттым. Сол алқалы жиында танымал да білікті кардиолог мамандар он жылдық зерттеулердің қорытындысы бойынша дәрімен қапталған түрінің ең тиімді екенін мойындады. Біз де өз жұмысымызда осы түрін пайдаланамыз, – деп жалғастырды дәрігер.

Облыстық аурухананың эндоваскулярлы хирургия бөлімшесіне науқастар жоспарлы түрде де, жедел түрде де жеткізіледі. Жүрегінің ауыратынына шағымданған жандарды алдымен жергілікті емхананың дәрігерлері жан-жақты тексереді. Аудандарда кардиолог мамандар науқастың жүрегіне ЭКГ, Эхо тексерулерін жүргізіп, диагнозы анықталмаған жағдайда бір тәулікке холтер аппаратын кигізіп, жүректің жұмысын бақылайды. Аспап науқастың қимылына, іс-әрекетіне қарай жүрек қағысының қалай өзгергенін мұқият жазып алады. Осындай тексерулерден кейін жүрегінде ақауы анықталған науқастар ғана жоспарлы түрде коронографиядан өту үшін облыстық ауруханаға жолданады. Ангиохирургтер жылына жүрек қан тамырларына екі мың коронографиялық тексерулер жүргізіп, 800-ден астам стенд қояды. Меңгерушінің айтысына қарағанда, ауруханада барлығы үш ангиограф бар. Емдеу мекемесі өткен жылы ең соңғы үлгідегі, голландық заманауи ангиограф құралымен жабдықталған болатын. Қазақстанда баламасы жоқ жаңа аппараттың артықшылығы – бір мезгілде ангиографиялық, коронографиялық тексерулер жүргізе береді. Компьютерлік томографияны да жасайды, зерттеулерді 3D кескінінде көрсететін мүмкіндігі бар. Бір жылдың ішінде осы құралмен мыңнан астам науқас тексерілген.

Коронография тексеруі тамырдың қай жері зақымданғанын, стенд қоюға келетін-келмейтіні анықтап береді. Стенд тек тамырдың тарылуы 50 пайыздан асқанда, көбінде 65-95 пайызға жеткенде ғана қойылады. Оған дейін кардиологтар науқасқа холестериннің мөлшерін азайтатын консервативті ем-дом тағайындайды.

Біз барған күні Қуатжан Мұратұлы түске дейін он бір ота жасап үлгерген. Төрт адамның жүрек қан тамырларына, бір науқастың мойын тамырына стенд қойыпты. Ота жергілікті ауырғанды басатын дәрімен жасалғандықтан, науқастар бәрін сезіп, тіпті, дәрігердің сұрақтарына жауап беріп жата береді. Сегіз-он күнде оңалып, үйлеріне шығады.

-Жалпы бөлімшеде мені қосқанда төрт хирург бар. Барлығы да бес-алты жыл жұмыс істеп жүрген, тәжірибелі мамандар. Бүгінгі таңда екі дәрігеріміз үш айға Лондон қаласына білімдерін жетілдіруге кетті. Қазір бөлімшеде екі-ақ дәрігер қалғандықтан, бір жарым тәулік жұмыс істеп, үйге жарты күнге ұйықтап, тынығу үшін ғана барып келеміз. Күніне 15-16 операцияға дейін жетіп қалады. Тіпті, бір жарым жастағы сәбиіммен ойнауға да мұршам келмей жүр, – деп күледі хирург.

Жүрек дерті жасарып барады

Осы сәтте медбике телефон шалып, Зыряннан жедел науқас түскенін хабарлады.

Операцияны өз көзіммен көрудің сәті түсті

-Сағат он екілер шамасында Зыряннан әріптестеріміз хабарласқан болатын. Қырық бес жастағы азамат жүрегінің ауырғанына шағымданған. ЭКГ жүректің бұлшық еттерінде өзгеріс бар екенін көрсетіпті. Өздерінде ангиограф болмағандықтан бізге әкелді. Коронографиялық тексеру жасаймыз, қажет болса, бірден стенд қоямыз. Сырттай бақылап отыруыңызға болады, – деп жүре жауап берген ангиохирург дәрігер науқасты қабылдауға асықты. Осылайша, маған ойламаған жерден жүрек тамырына стенд қойған операцияны өз көзіммен көрудің сәті түсті.

…Ангиограф кабинеті екі бөлмеден тұрады. Бергі бөлменің бір қабырғасы жартылай шыны. Науқас шыны қабырғаның арғы жағында жатыр. Қуатжан Мұратұлы алдымен үстіне салмағы 12 келіден асатын, рентген сәулесінен сақтайтын киім киді. Қолдарын жуып,
құрал-жабдық орнатылған, науқас жатқан арғы бөлмеге өтіп кетті.

Пациентті білмеймін, менің жүрегім қобалжығаннан тарсылдап қоя берді. Алдымдағы мониторға қарап қоям, бірдеңе жыбырлап кетіп бара жатқан сияқты, басқа түк түсінбеймін. Сондықтан шыны қабырғадан бақылағанды жөн көрдім. Екі көзім хирургтің қимылында. Ол кісі біресе алдындағы мониторға қарайды, біресе науқасқа қарап, тіл қатады. Дауысы еміс-еміс естіліп тұр…

15.45 те басталған операция 16.13-те аяқталды.

Қуатжан Әбішев әріптестерімен жарты сағаттың ішінде тағы бір адамның өміріне араша түсіп шықты. Операцияның ойдағыдай өтуіне реаниматолог Мунир Мохсин, анестезиолог Нәзигүл, операция медбикесі Мария Павленко, рентгенлаборант Наталья Бутенко, санитар Елена Иващенко өз үлестерін қосқанын айта кеткен жөн болар. Мунир Мохсин Пәкістаннан көшіп келіпті, қазір Қазақстанның азаматы, отбасы бар. Семейдің медициналық академиясын тәмамдаған.

-Инфаркт деген болжамды сараптамаларына қарап жасаған едік, солай болып шықты. Коронографияда артқы жағындағы артерияның зақымданғаны анық көрінді. Дәрімен қапталған жақсы стенд қойдым. Тез оңалып кетеді. Сосын кардиологтардың бақылауында болады, – дейді ангиохирург.
Сөз арасында айта кетейік, бір стенд қоюдың құны 800 мың теңгеден асады. Елімізде осындай операциялардың барлығы қазақстандықтар үшін тегін. Препараттармен де ақысыз қамтамасыз етіледі.

Хирургтің сөзіне қарағанда, тез аяқталғанымен мұндай оталардың барлығы жоғары технологиялы, күрделі операцияға жатады. Өте қиын, тіпті, стенд қоюға келмейтін немесе хирургтен көз ілеспейтін шапшаңдықты, зергердің қимылындай ептілікті қажет ететін сәттер де кездеседі екен. Мысалы, сол жақ артерияның тіні ең жауапты жер, ол жерге стенд қою аса шеберлікті талап етеді, дұрыс қойылмаса науқас бірден өліп те кетеді. Тым күрделі операция кезінде кардиолог, басқа да мамандарды жинап, кішігірім консилуим да өткізіп жіберуге тура келеді екен. Ми тамырында кездесетін аневризма да аса қауіпті дерт. Сонымен қатар, балтырдың бұлшық еттері тартылса, тізенің асты талып, шаршаса аяқтардың тамырларына ангиограф жасап, міндетті түрде тексеру қажет. Ангиохирург кез келген органның тамырларына тексеру жасай алатындарын айтады. Ишемиялық инсульт алған науқастардың ми қан тамырларындағы тромбты да алып тастайды.

Жүрек дерті жасарып барады

-Біздің ауруханаға Зырян, Көкпекті, Жарма, Күршім, Зайсан,Үржар, Мақаншы аудандарынан келетіндер бар. Аудандардан күніне жоспарлы түрде төрт-бес науқасты қабылдаймыз. Абай, Бесқарағай сияқты аудандардың тұрғындарына Семейге қатынау жеңілірек. Ол жерде де ангиограф бар.

Қуатжан Әбішев – Семейдің медициналық университетінің түлегі. Кейін Новосібір қаласындағы атақты академик Мешалкиннің клиникасында эндоваскулярлы хирургия саласы бойынша мамандандырудан өткен. Бүгінде облысқа белгілі, қолы жеңіл, білікті ангиохирургтердің бірегейі. Төлеген Жігітаев, Игорь Чканов сияқты хирургтерді өзінің ұстазы деп санайды. Осы уақытқа дейін мың жарымнан астам ота жасаған. Алғашқы операциясын 25 жасында бірден жүрекке жасапты. Әкесі Мұрат Әбішев те Семейде хирург болып істейді екен.

Қуатжан Мұратұлы қазір осы мамандықты таңдағаныма қуанышты екенін жасырмайды.

Ол кісі үшін науқастардың алғысынан артық ештеңе жоқ. Тілек жазатын арнайы журналға арнау өлең жазып кететіндері де кездеседі. Қазір отбасымен араласып кеткен пациенттері де бар екен.

Айна Ескенқызы
Мақала облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қолдауымен жазылды.

Осы айдарда

Back to top button