Қоғам

Жұпыны мектептің келбеті жаңарады

Жұпыны мектептің келбеті жаңарады


Әуезов кентіндегі мектепті күрделі жөндеуге облыс бюджетінен қаражат бөлінетін болды. Жарма ауданына іссапармен барған аймақ басшысы Даниал Ахметов кеншілер кентін осындай жаңалықпен қуантты.

Облыс әкімі бұл сапарын Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының жұмысымен танысуға арнады. Алтын қоры 280 тонна деп болжанған нысанды игеру үшін ресейлік инвестор 128 млрд. теңге жұмсамақ. «Полиметалл» компаниясының бас директоры Александр Несис бүгінде соның 51 млрд. теңгесі іске салынғанын баяндады. Облыс әкім осыншама инвестицияның кенттің дамуына қаншалықты әсер еткенін көзбен көрді.

Әуезов кентіне кіреберіс жолда бой көтерген кеншілер қалашығының сыртқы келбеті мұндағы өндірістің ауқымынан хабар беріп тұр. Облыс басшысы барлық цехты аралап, ондағы қондырғылардың қайдан әкелінгенін сұрады.

-Бұл жердегі алтын кені «тысталған» жынысқа жатады. Яғни, қатты кесектердің құрамына жасырынған. Сусыма кен сияқты сумен шайып қана алуға келмейді. Сондықтан мұнда әлемдегі ең танымал компаниялардың қондырғылары қойылды. Финляндия, Канада, Австралия сияқты жетекші мемлекеттердің технологияларын пайдаланамыз, – дейді «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС бас директоры Юрий Овчинников.

Талай инвестордың тісі батпаған Бақыршықтың алтынын аршып, өңдеуге әлемде теңдесі жоқ технология қолданылатындықтан мамандар да жан-жақтан тартылмақ. Мұндағы жұмыс вахталық үлгімен ұйымдастырылмақ. Асхана, жатақхана, спортзал ғимараттары бір-біріне жабық дәліздер арқылы жалғаныпты. Аймақ басшысы өндіріс қалашығының бастан-аяқ дұрыс жоспарланғанын атап, оң бағалады.

Ашық әдіспен игерілетін кеніш басында да облыс басшысы істеліп жатқан жұмыстардың дұрыс бағытта жүріп жатқанын атады.

-Бұл нысанда ең алғаш 1990 жылдардың аяғында және 2000 жылдардың басында болғанмын. Ол кездегі көрініс пен бүгінгі көріністің арасы жер мен көктей. Оны өткен жылғы сапарымда да байқағанмын. Бұл жолы қысқа мерзімнің ішінде кенттегі жағдайдың қалай өзгергенін байқадым. Инвестордың әлеуметтік жуапкершілікті де ұмытпағаны көңілге қонады, – деді облыс әкімі.

Ю.Овчинниковтың айтуынша, алтын қоспасы бар қыртысқа жету үшін 32 млн. тонна тау жынысы аршылу керек екен. Осы жұмыстарға жұмылдырылған ауыр техниканың негізгі бөлігі экономикалық одақтастарымыздан алынған. Бұдан бөлек, жапонның экскаваторларына да үлкен сенім жүктеліп отыр.

-Мұндағы алтын қорын 2039 жылға дейін игеріп боламыз. Сонымен шектеліп қалмау үшін қосымша барлау жұмыстарын жүргізбекпіз. Әуелі осы кенішті тереңдеп зерттейміз. Егер біз ойлағаннан да терең жиектерде алтын барланып жатса, әрі қарай жабық әдіске көшеміз, – дейді Ю.Овчинников.

Сапар соңында облыс басшысы Әуезов кентіндегі мектептің жұпыны келбетін жаңалауға уәде берді.

-Мектептеріңіз 25 жыл бұрын бой көтерсе де, әбден тозған екен. Оны жөндеуге 300 млн. теңгедей қаржы сұрап отыр. Бұл мәселені әлі жете зерделеп, қажет қаржыны бюджеттен бөлеміз. Қалған әлеуметтік нысандарға инвестор қолдау көрсетіп келеді. Қаңқасы ғана қалған балабақшаны қайта жарақтап, жылу жүйесін жаңалап берді. Биыл амбулаторияны жөндеудің екінші кезеңіне қаржылай көмек көрсетпекші. Осының бәрі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асып жатыр, – деді ол.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button