Тарих

Жошы ханға жол сілтеген Кетбұқа

Жошы ханға жол сілтеген Кетбұқа

Ескі аңыздарда Найман елінің еншісін бөліскенде енші бөлу билігі Кетбұқаға беріліпті делінеді. Кетбұқа барлық руларға енші бөліп таңба таратқанда еншілес ағайынды Кетбұқа мен Келбұқаға малдарына таңба басатын орын жетпегендіктен таратылған таңбаның бірі шөмішті теріс жағынан басқандықтан «Теріс таңбалы» аталыпты дейді.
Кетбұқа бабаның таңбасына байланысты ертелі-кеш әртүрлі уақытта Шығыс Қазақстан облысын мекендеген қазақтардың қолжазба шежірелеріне назар аударсақ. Үржар ауданы Таскескен ауылының тұрғыны Тынышбек Әбішұлы мен Тарбағатай ауданы Жәнтікей ауылының тұрғыны шежіреші Ораз Саяқовтың қолында сақталған шежіре деректерінде жоғарыдағы аңыз деректері қайталанып, Кетбұқа Ақсұлу анамыздың тұңғышы екені айтылады.
Сол сияқты Көкпекті ауданының тұрғыны болған, белгілі айтыскер ақын, марқұм Қалиқан Алтынбаев облыстық «Дидар» газетінде: «Кетбұқа наймандардың «ноқта ағасы» көш бастаушы, көштің алдында түйені жетектеуші. Ноқта аға аталған адамға рәсім бойынша төрден орын беріледі, алдымен оларға сыбаға тамақ ұсынылады, олар асқа бата жасап, өзге руларға аға болып есептеледі» деп жазған екен.
Ал Ұлан ауданы Қанай ауылының қарт шежіреші ақсақалы, Әзкен Нәбиұлы: әСарманайдың бірінші әйелінен – Мейрамсопы, Ақсопы. Екінші әйелінен – Қоянбай, Жарғақ. Мейрамсопыдан-Арғын. Ақсопыдан-Найман. Қоянбайдан-Керей. Жарғақтан-Уақ. Шолмақтан-Елата (Елтай)-Серікбай, одан Кетбұқа мен Келбұқа. Елтай Шолмақтың немересі, Найманның жылқышысы. Найман өлген соң Ақсұлу Қызенейді (Қаракөз) Елатаға әйелдікке береді. Сондықтан атамның орнына ата болды деп «Елата» атандырған. Елатадан Кетбұқа мен Келбұқа. Кетбұқа таңба үлестіргенде таңба жетпей малына таңбаны теріс жағынан басып, Терістаңбалы аталған» деп тарқатады.
Міне, құрметті оқырман Кетбұқа нояан (батыр) туралы әр қилы шежіре деректері көп-ақ, адамдардың білім деңгейіне байланысты жазуы бойынша хатқа түскендіктен ол туралы әртүрлі құбылысқа түскен деректер кездеседі. Кетбұқа наймандардың ноқта ағасы-ақ, болсын дауымыз жоқ, бірақ ол үшін нақтылы дәлелді пікір керек емес пе? Қазіргі Шығыс Қазақстан облысын мекендеген терістаңбалылар мен Ұлытау өлкесін мекендеген терістаңбалылар тікелей Кетбұқаның ұрпағымыз деп қарайды.
Кетбұқа бүткіл Найман ұрпақтарына таңба үлестіріп, енші беру үшін тым болмаса, осыдан 1500-2000 жыл бұрын дүниеге келу керек еді. Тарихи фактілерге көз салсақ, Кетбұқа батыр Ертіс өзені бойында 1195 жылдпры дүниеге келіп, 1260 жылы 3 қыркүйекте Палестинада көз жұмған.
Кетбұқа әдебиет, тарих бетінде абыз, күйші, ноян ретінде ел есінде сақталған тұлға екеніне ешкімнің дауы жоқ. Ол XII ғасырдың аяғы мен XIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан тұстас адам болғандықтан, Найманның келіні Ақсұлу апамыз арқылы Сүгіршіден немесе Белгібайдан туып, бүкіл Найман руларына енші және таңба үлестірді деген дұрыс емес, бұл бос сөз, жаңсақ пікір.
Шежірелердің кейбір нұсқаларында Домбауыл, одан Елтін, (Елата) одан Серікбай, одан Кетбұқа мен Келбұқа. Кетбұқа терістаңбалы аталатын елдің, ал Келбұқа Шүршейт аталатын елдің түпкі атасы деп жазылған деректер бар.
Меніңше, Бағаналы тайпасындағы Домбауыл-Елаталар арқылы Кетбұқа ноян дүниеге келді деген дұрыс. Олай дейтінім, осы заманымызға дейінгі көне ғасыр тарихында таңба үлестіру туралы алғашқы дерек Оғыз хан заманында болған. Оғыз хан алты ұлынан туған 24 немересіне және тағы басқа кесек руларға таңба үлестіріп, ұлдары мен немерелеріне тайпалар мен руларды билеткені туралы мәлімет Қытай мұрағаттарында және Қ.Жалайыр шежіресінде анық жазылған. Оғыз хан біздің жыл қайыруымызға дейінгі (206-174) жылдар арасында өмір сүріп, Ғұн империясын құрған адам. Сол тұста наймандар «сегіз оғыз» аталды деуге негіз бар. Ендеше, Кетбұқа барлық найман руларына енші бөліп таңба үлестірді деудің мәні жоқ. Дегенмен «жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» деген қазақтың қағидасы бекер айтылмаған.

Жырау қай жылы дүниеге келген?

Кетбұқа (1202-1204 ж.ж.) Бұйрық хан бастаған найман хандығы күйреген соң, кейбір найман руларын бастап Ұлытауға тұрақтағаны туралы хатқа түсіп, біздің заманымызға жеткен тарихи деректер бар.
Кетбұға туралы тарихи құжаттар мен ғалымдар зерттеуіне тоқталайын.
«Кетбұқа аңыз бойынша көне замандағы қазақтың ең ұлы абызы, сиынатын пірі, бақсылар осы күнге дейін оның атын атап, аруағын шақырады.
Қазақ елінің қасиетті дегдарының бірі – ұлы абыз, ұлы жыршы, ұлы ноян Кетбұқа. Ол туралы аңыздардың әрқайсысында тек қана елдің мүддесі қозғалады. Соған қарағанда жер бетіне ойран салған XIII ғасырдағы «Сұм заманның» тұсында ғұмыр кешкен Кетбұқаның тағдыры да тістескен тамыр сияқты Шығыс пен Батыстың арасындағы ондаған халықтың бақ талайымен байланысып жатты. Қабағынан қар жауған Шыңғыс ханның өзіне елі үшін басын тігіп, ұлының өлімін естірткен дана жырау.
Біз «Құпия шежіре», «Алтын топшы» беттерінен Найман хандығы екіге бөлінгенін білеміз. Инаных Білім Бұқа хан қайтыс болған соң оның екі ұлы: Таян (Байбұқа) хан тәж бен таққа таласып, найман елін екіге бөлген.
«Таян хан үлкен ұл болғандықтан, әкесінің орнына мұрагерлік етіп, ойпатты мекендеген, Бұйрық ханға қарасты ел тау арасын қоныстанған. Бұл екі иелікке бөлінген наймандардың әрқайсысы өз алдына дербес әрекет істеген, олар өзара қырқысып отырған. Бірін жау шапса, екіншісі көмекке келмейтін» деп жазады Рашид-ад-дин.
Тарих ғылымының докторы М.Оразбай: «Кетбұқа шамамен 1195 жылдары Ертіс өзені бойында дүниеге келген. Ол 1260 жылы 9-ыншы айдың 3-і күні қайтыс болған. 1202 жылы Шыңғыс хан қосыны найман мемлекеті мен хандығын жаулап алады. Найман ханы Таянды өлтіріп, оның он мыңдаған сарбаздарын өзіне қаратады. Осы кезде жеті жастағы Кетбұқа Шыңғыс хан мемлекетіне тәуелді наймандармен бірге моңғол империясының қол астына өтеді.
Мұхтархан Оразбай жалықпай іздену нәтижесінде Кетбұқа жыраудың көзі тірісінде қолына домбырасын ұстап, күй шертіп отырған суретін Тећран қаласында сақталған архив қазынасынан тапқанын қуанышпен хабарлайды. Бұл жағдай Кетбұқа ноянның тарихи тұлға екенін дәлелдейді.
Филология ғылымының докторы Нысанбек Төреқұл «Егемен Қазақстан» газетінде: «Шыңғысхан өзінің жаулап алған жерлерін төрт баласына бөліп беріп, үлкен ұлы Жошы ханға (1187-1227 жж) Ертіс пен Орал тауының аралығын мекен еткен елдер мен бұрынғы Ресейдің батыс аймағы тиеді. Ұлытауда алты алаш бас қосып, бірлесе келіп, бөрі басты, қыл құйрықты ақ туды көтеріп, алғаш рет Жошы бастаған Алтын Орда хандығы құрылады. Жошы хандығының бас биі, ақылгөй кеңесшісі Кетбұқа болып сайланады. Содан былай Кетбұқа би Жошы ханмен бірлесе отырып, талай шайқастарға қатысады.
Жошының батылдығы мен батырлығы Кетбұға бидің ақылды, кемеңгер билік шешімдері нәтижесінде толағай жеңістерге жетіп отырады» -деп жазды.

Шыңғыс ханның балаларына күй үйреткен

Кетбұқа ноян туралы орыстың тюрколог ғалымы Л.Гумилев: «Сирия науқанының қызған шағында 1259 жылдың күзінде Хулағу хан өзінің ағасы, жоғарғы хан Мөңкенің қайтыс болғаны жөнінде хабар алды. Сондықтан кіші хан Палестинада Кит-Бұқа ноян басшылық еткен небәрі 20 мың жауынгерін қалдырып, жеделдете Иранға оралды» – деп жазған.
Бұл құжаттан Кетбұқа қолбасшының нақ сол жылдарда Хұлағу ханның ең сенімді адамы және ұлы қолбасшысы екені анықталады. Л.Гумилев Кетбұқаның Палестинадағы соғыс тетрында қаза болғанын былай көрсеткен:
«1260 жылдың 3 қыркүйегінде Айн-Жалуд жанында моңғол-армян әскерлері талқандалды, ал Кетбұқаның өзі қолға түседі. Қолға түссе де өзін барынша ержүректілікпен ұстай білді. Ол өзіне рахым сұраған жоқ, бірақ жеңімпаз Кутузды «сен заңды солтанды өлтірдің» деп айыптап, бұл орайда мамлюктердің қылмысты істеріне моңғолдардың адалдығын қарама-қарсы қойды. Дереу сол арада оның басы кесілді»-дейді.
Л. Гумилевтің бұл деректерін шындық деп қабылдаймыз, өйткені ол Ресейдің және Батыс Европа елдерінде сақталған құжаттармен және белгілі ғалымдармен жұмыс істеген. Біздің ғалымдарымыз да осы дерекке сүйенген. Кетбұқа жырау-батырдың тарихи бейнесі оның туып-өскен жері Қазақстанға да кең түрде таралған. Ол туралы Қазақ Совет энциклопедиясында екі түрлі құжат келтірілген.
«Кетбұқа (шамамен 1150-1225 ж.ж) жырау, күйші-композитор, аңыз кейіпкері. Руы найман, оның ішінде балталы. XIV ғасырда жазылған «Шаджарат әл-атрак» («Түрік шежіресі») атты кітаптағы деректер мен ел аузындағы аңыздар бойынша, Дешті Қыпшақ әмірі Жошы хан аң аулап жүріп қаза тапқанда Шыңғыс ханға қаралы хабарды жеткізуге ешкім батпайды. Сонда Кетбұға бас кесер ауыр міндетті өз мойнына алады.
Әуелі:
Теңіз бастан бұлғанды,
Кім тұндырар а ханым.
Терек түптен жығылды,
Кім тұрғызар а ханым,
– деп Шыңғыс ханды қаралы хабарға әзірлеп алады да, баласы Жошының өлі¬мін күймен естіртеді. «Ақсақ құлан-Жошы хан» күйі осылай туыпты. Бізге Кетбұ¬қаның осы күйі және күй шығарар алдында айтқан бірнеше жол өлеңі ғана жетті.
Бұл құжаттың мәніне назар аударсақ, Кетбұқа Жошы хан, оның әкесі Шыңғыс ханмен достас, етене жақын жүрген адамдардың бірі екені анықталады. Кетбұқаның жастайынан күйшілік өнері бар адам екенін тарихшы М.Оразбай: «Кетбұқа сарай басы Кептегүл әміршісіне: «Мен Жошының өлгенін ұлы ханға естіртем дейді. Қаћарлы Шыңғыс ханның алдына барып қоңыр домбырасын сарната отырып, «Ақсақ құлан» атты күйін шертіп береді. Шыңғысхан күйді әбден естіп болып, ауыр күрсінеді, «ећ, Жошы өлген екен ғой?!»деп басын салбыратып, қамығады», – деп жазады.
Ары қарай М.Оразбай мақаласында Кетбұқаның ең алғаш ел арасындағы атағы тұтас моңғол еліне жайылып, 1125 жылы Шыңғыс ханмен бірге Моңғол үстіртіне барғанын тілге тиек етіп, Төленің балаларына күй үйретіп, аталы өнерге баулу міндеті Кетбұқаға тапсырылды.
Кетбұқаның алғаш рет ел арасындағы атағы содан бастап монғол еліне жайылды, деп жазады.
Біз енді Кетбұғаның кім екенін, қай елдің азаматы екендігі жөнінде толық мәлімет беретін Қазақ Совет энциклопедиясында басылған екінші құжатты талдап көрейік.
Кетбұқа – Орта жүз Найман тайпасының руы. Ол көбінесе «Бағаналы» деген атпен мәлім, өйткені оның рулық таңбасы бақан болған. Сондай-ақ, қарақалпақтардың Қоңырат тайпасының құрамында Бақаналы деген Кетбұқаға жақын ру бар.

Әскерлері қандай рулардан құралған?

Тарихи деректерге қарағанда, Шыңғыс хан наймандары талқандағаннан кейін Кетбұқа жоғарғы Ертіс пен Алтайдағы өз қоныстарын тастап, батысқа қарай жылжыған.
Кетбұқа қыста Сарысу, Шу өзендерінің төменгі сағасын, Қаратаудың батыс бөктері мен Сырдария жағасын мекендеп, жазда Ұлытау, Арғанаты таулары мен Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жезді өзендерінің алқаптарын жайлаған.
Кетбұқа Ақтаз, Байназар, Бекболат, Сарғалдақ, Көкжарды, Төртқара, Қожас, Ибесеке, Жұртшы, Қоқан болып бөлінеді.
Кетбұқаның таңбалары: У,ψ, ψ,Z . Бұл құжатты талдап қарасақ:
Бірінші, Кетбұқа найман тайпасының Бағаналы руының адамы, рулық таңбасы бақан (шөміш).
Екінші, ол Жошы хан тұсында, мүмкін одан сәл кейінірек Ұлытау өңіріне ауған адам.
Үшінші Кетбұқаның таңбасы жалғыз бақан болса, мына құжатта әртүрлі ру таңбалары көрсетіледі. Ендеше, Кетбұқаның айналасында әртүрлі рудың сарбаздары болған.
Төртінші, Кетбұқаның соңынан ерген сарбаздар Ақтаз, Байназар, Бекболат, Сарғалдақ, Көкжарлы, Төртқара, Қожас, Ибеске, Жұртшы, Қоқан деген бөлімдерден құралған. Көріп отырмыз, Қоқан мен он түрлі рулардың аты аталған. Егер Қоқанды қоспасақ тоғыз түрлі ру адамдары. Мүмкін кейбірінің таңбалары болмағандықтан қағазға түспей қалған. Осы рулардың ішіндегі Ақтаз деген кесек ру Бағаналыға жатса, Көкжарлы жеті руға бөлініп, Шығыс Қазақстан облысын мекендейді. Ал Ұландағы Терістаңбалы ішінде біраз «төртқара» руларының адамдары бар болса, мына құжаттағы Саржомарт төртқаралары болуы мүмкін.дейміз.
Олай дейтінім, Саржомарт, Бағаналы, Балталы, Көкжарлы, Бура руларының ежелгі мекені Тарбағатай таулары мен Аягөз, Бақанас өзендері бойын сол тарихи дәуірде жайлаған және Саржомарт бірлестігін құрап Ергенекті аталған.
Негізінен Кетбұқа батырдың соңынан ерген сарбаздары Бағаналы, Балталы, Көкжарлы, Саржомарт, Шүршейіт руларынан құралған мыңдаған адамдар екенін Тарақты Ақселеудің «Балталы Бағаналы ел аман бол» деген шежіресі дәлелдейді.
Деректерді қорыта келсек, Кетбұқа ноянның соңынан ерген мыңдаған сарбаздар тобы Найман тайпасын құрайтын Бағаналы, Балталы, Саржомарт, Көкжарлы, Шүршейіт ру-тайпаларының адамдары. Бұлар Шыңғыс хан бастаған моңғолдар Найманның Бұйрық хан бастаған екінші хандығын талқандағанда Домбауыл, Кетбұқа батырлардың айналасына топтасып, үлкен армия құрғаны айқындалады. Сондықтан қазақ энциклопедиясында Кетбұқаның таңбалары деп төрт-бес ру таңбалары көрсетілген. Ал Кетбұқа батырдың жеке таңбасы бақан, шөміш. Ендеше, Бағаналы елінде қолбасшы батыр Кетбұқаға «ноэн» (қанзада, қағанды билеуші) атағы берілгеннен кейін өз таңбасына архардың басын қосқан.
Ал Кетбұқаның таңбасын бақан шөмішті малдың теріс жағынан басу тарихы осыдан туындаған. Кетбұғаның жекеменшік таңбасы бақан яғни, шөміш. Сондықтан Кетбуға барлық Найманның ноқта ағасы болмайды.
Кетбұға бабамыздың жырау, ақын, күйші, би болғанына күмән келтіруге болмайды. Өйткені қазақ әдебиетінің шынар басында тұрғандардың бірі Доспамбет жырау. Доспамбет XV ғасырдың 90-ыншы жылдарында Азу қаласында туған. Ол: «өз заманындағы талай-талай әскери жорыққа қатысқан жауынгер жырау туыстас түрік тайпаларының арасындағы көп соғыс қырқыстың бірінде, 1523 жылдың бас кезінде Астрахань түбінде қаза табады». (Бес ғасыр жырлайды. Алматы ,1989 жыл, 30 бет.).
Доспамбет жырау толғауында Кетбұқаның кім екенін анықтайды:
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда.
Күмбір-күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда.
Толғамалы ақ балта,
Толғап ұстар күн қайда.
Алты құлаш ақ найза,
Ұсынып шаншар күн қайда.
Садақ толған сай кез оқ,
Масағынан өткеріп.
Басын қолға жеткеріп,
Созып тартар күн қайда.
Кет-Бұғадай билерден,
Кеңес сұрар күн қайда.
Еділдің бойын ел жайлап,
Шалғынына бие біз байлап.
Орындықтай қара сабадан,
Боз баламен күліп ойнап.
Қымыз ішер күн қайда!-деп өткен тарихи өмірді көз алдына елестетіп, өкініп аңсайды. (Бес ғасыр жырлайды. Алматы, 1989 жыл, 30 бет).
Шыңғыс хан Жошы хандар тұсында Кетбұқа батыр тобындағы Қоңырат наймандар туралы айтпақ болған. Мақала барысында Кетбұқаның тобындағы Қоңырат-Наймандар Қарақалпақ тайпасында екені айтылады. С.Аманжолов кестесінің айырмашылығы, Серікбайдан Төлеген деген атаны таратады.
Бірақ Шығыс Қазақстанды мекендеген шежірешілер дерегінде Сүгіршіден-Төлеген, одан Саржомарт болып таратылатынын кездестіреміз.
Кейінде жазылған шежіреде (Б.Жарылқап, Қазақ шежіресі) Найман – Елата – Серікбай – Келбұға, Кетбұға (Терістаңбалы). Келбұғадан – Шүршейіт – Тілеуберді (Нарманбет) – Әлімбет, Жолымбет, Тетен. Кетбұғадан-Ақтана, Ақтоғас, Балталы деп жазылса, Е.Құранбай «Шежіре шерткен шер мен сыр» деген еңбегінде «Кетбұқа (Елата – Терістаңбалы) – Келбұға, Кетбұға. Келбұғадан – Шырсейіт (Шүршейіт). Кетбұға – Бағаналы, Балталы, Ақтана, Ақтоғас» деп төрт атаны Кетбұқадан туғызады. Б.Жарылқап шежіресінде Келбұқадан – Шүршейіт дұрыс таралады да Кетбұқадан – Балталыны, Бағаналыны тудырып, үлкен қателікке ұрынған.
Е. Құранбай Кетбұқадан – Балталы, Бағаналы тайпаларын тудырып, өзі түсініксіз шежіре деректерін тым күрделендіріп, шатастырып жібереді.
Бағаналы, Балталы ру-тайпалары туралы аңыз-деректер бұдан 1,5 мың жыл бұрын ел аузында айтылып келе жатқан аңыз-деректер.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» поэмасында қазақ қыздары Баянсұлу, Ай, Таңсық «Балталы, Бағаналы ел аман бол» – деп жырлап, қош айтысып жылады емес пе?
Ендеше, Бағаналы, Балталы қалайша XII ғасырдың аяғы мен XIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Кетбұқадан туады? Бұған қоса тарих беттерінде тайға таңба басқандай жазылып қалған Манас соғысына Бағаналы, Балталы руларының қатысқаны жазылады, бұл VIII ғасырдың аяғы мен IX ғасырдың бірінші жартысында болған оқиға.
Бұл жерде мен деректерді ел аузынан жазған шежірешілерді кінәлап, бетіне күйе жағу емес, тарихи құжаттармен шежіре деректерін салыстырып, жіберілген кемшіліктерді түзетуді мақсат етіп отырмын. Қорыта келгенде, Кетбұқа терістаңбалы аталған елдің қолбасшысы болған сеніммен айтуға болады.

Зайнолла Қайсенов,
тарихшы, шежіреші.

Осы айдарда

Back to top button