«Дидардың» қонағы

Жұмабек ЖӘПІШЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы: – Аударыспақ көкпардың көлеңкесінде қалып келеді

Сәуірдің 12-18 күндері Тараз қаласында жасөспірімдер арасында ұлттық спорт түрлерінен 2-ші республикалық біріншілік өткен болатын. Осы сайыста біздің облыстың намысын қорғауға барған аударыспақшылар жалпы есепте бірінші орынға табан тіреген. Бір айта кетерлігі, бұл жолғы жарысқа барып, орын әкелген балалардың бәрі – облыстық ұлттық спорт түрлері бойынша мамандандырылған мемлекеттік мектептің оқушылары. Біз осы орайда олжалы оралған жастардың бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жоғары санатты төреші Жұмабек Жәпішевпен ой бөліскен едік.

Жұмабек ЖӘПІШЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы: – Аударыспақ көкпардың көлеңкесінде қалып келеді

Бес шәкіртім де биіктен көрінді


– Жүлде құтты болсын, аға! Әңгімені осы қуанышты қадамнан бастасақ. Аталған сайыста алқалы болып қайтқан балаларды атап өтсеңіз. Бұл бірінші жеңістеріңіз емес шығар?

– Әрине, бірінші жеңіс емес. Өткен жылы Павлодар қаласында алғаш рет өткен біріншіліктен де бірінші орынды әкелгенбіз. Биыл да сол жеңісті жолдан жаңылғамыз жоқ. Жалпы, бұл жолы аударыспаққа бес бала апардық. Құдай қолдап, бесеуі де жеңіс тұғырынан көрінді. Жеке-жеке айтар болсам, жуықта ғана Үшбиік өңірінен әкеліп, жаттықтырған шәкіртім Шәмшіхан Мәсәлім 70 келіден жоғары салмақта топ жарды. Бір айта кетерлігі, осы өңірден бұдан бұрын мұндай жеңімпаз шықпапты. Бұл жігіт ақтық сында өзінен 40 келіге жуық ауыр салмақтағы жігітті небәрі 3 секундта аттан жұлып алып, айды аспанға шығарды. 70 келілік салмақтағы Бағдат Сақтағанов пен 60 келі ауырлықта сынға түскен Жәнібек Сайлаубаев екінші орынды қанжығаларына байлады. Ал өткен жылы Керекуде жасындай жарқылдап, топ жарған Ақжол Әбуғалиев пен жеңіл салмақтағы Асхат Қанафин үшінші орынға табан тіреді. Бұл жолғы сайыста тек аударыспақтан ғана емес, теңге алудан, қыз қуу мен көкпар тартудан да біздің облыстың намысын қорғаушылар үшінші орынмен оралды.

– Өзіңіз жаттықтырушы болып келе жатқан мектептің тыныс-тіршілігіне тоқтала кетсеңіз. Бұдан бұрын да сіздің тәрбиеңізді көрген жеңімпаздар көп деп естиміз.

– Бұл мектептің негізін қалап, ашқан – Тоқан Базарханов ағамыз. Елімізде біздің мектеп тектес он мектеп бар. Арман Базарханов басқаратын біздің мектеп соңғы он жылдың ішінде төрт рет біріншілікті жеңіп алған үздік мектептердің бірі болып отыр. Мен аталған мектептің аударыспақ саласы бойынша бас бапкерімін. Осы спорт түрімен 35 жылдан бері айналысып келемін. Соңғы сегіз жылдың ішінде аударыспақ бойынша ең үздік спортшылар осы біздің мектептен шығып отыр. Атап айтар болсақ, үш дүркін «Қазақстанның ең үздік аударыспақшысы» атағын иеленген, сондай-ақ, Қазақстанның жеті дүркін жеңімпазы Мақсат Аренов, Қазақстанның тоғыз дүркін жеңімпазы, менің ұлым Ермек Жәпішев, Қазақстанның төрт дүркін жеңімпазы Ерасыл Қуандықов сынды көптеген талантты жігіттер шыққан орда бұл. Аллаға шүкір, әлі де сол мықтылардың сабақтастығы үзілген жоқ. Бүгінгі жеңімпаздар – сол сөзіміздің дәлелі.

– Аударыспақтың өзі тектес спорт түрлерінен айырмашылығы неде? Жалпы, мықты аударыспақшы болудың ең негізгі шарттары қандай?

– Бұл спорт түрінің басқалардан айырмашылығы сол, кез келген адамның қолынан келе бермейді. Бұған нағыз жүрек жұтқан, амал-айласы күшіне сай келетін жігіттер ғана қатыса алады. Аты әлемге әйгілі, мықты балуандар мен боксшылардың өзі атқа мініп, аударыспаққа шыға бермейді. Тіпті, көкпаршылардың өзінің аударыспаққа шығуға жүрексінетіні бар. Осыдан-ақ бұл спорттың құдіретін аңғаруға болатын сияқты. Ал алғышарттарына келетін болсақ, ат пен азамат сәйкесуі керек. Тіпті, жеңіске жету үшін аттың рөлі 70-80 пайызды ұстауы мүмкін. Сондықтан да біз әр баланы өзі жарысқа мінетін атымен қоса тәрбиелейміз.

Басты кемшілігіміз – бағалау жүйесінде


– Жеңіске жетудің алғышарты аттың мықты болуы екен. Сіздер мықты аттарды қалай таңдайсыздар және ат сатып алуға қаржыны кім береді?

– Ат, ер-тұрман, бәрін өз қаражатымызға аламыз. Біз ең әуелі жақсы ат табамыз. Содан кейін ат құлағында ойнайтын, тақымы берік балаларды іздестіреміз. Қазір аударыспаққа мініп жүрген бес айғырымыз бар. Бұл айғырларды ешқашан үйірге салмаймыз, тек орнын басатын аттар табылғанда ғана оларды ауыстырып отырамыз. Тіпті, жыл он екі ай бойы көк шөп тістемей, тек қолымызда бағылып отырған аттар бар. Егер ондай қиындықтарына көнбесең, жеңістің ауылы алыстайды. Ал аударыспаққа түсетін аттар ең әуелі күшті, жүректі болуы шарт.

– Аударыспақты халықаралық аренаға шығару ойларыңызда бар ма? Бар болса, қандай талпыныстар жасалып жатыр?

– Өте орынды сұрақ. Ең алғаш осы бір ұлттық ат спорты түрлерін Сәдібек Түгел ағамыз қайта жандандырған еді. Бұл жарыс түрлері алғаш рет 1996 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған еді. Содан бері сіз ортаға тастап отырған ойдың жетегінде келеміз. Қазіргі кезде Азия көлемінде азды-көпті ойындар өткізіп жүрміз.

– Қазір ұлттық ат спорты десе, көкпарды ғана ауызға алып жүрміз. Сіздің ойыңызша аударыспақтың насихатталуы қалай?

– Қазір республикалық арналар тек көкпар жарысын ғана көрсетеді.Сондықтан аударыспақ сынды ойындар соның көлеңкесінде қалып келеді. Ал басқаларды түсіруге қаржы жоқтығын айтып, алақандарын жаяды. Бұл – ұйымдастырушылардың қателігі. Біз жоқ дегенде қыз қуу, теңге алу, аударыспақ сынды ойындардың ақтық сынын экраннан көрсетуге ұсыныс жасаумен келеміз. Бірақ нәтижесі өздеріңіз көргендей. Егер біздің тілегіміз қабылданып жатса, қызығушылардың да саны көбейер еді. Десе де, бұл аударыспаққа қызығатын балалардың саны аз дегенді білдірмейді. Мысалы, қазір менің тәрбиелеуімде 70-ке жуық бала бар. Бұлар – нағыз аударыспақтың фанаттары.

– Қазіргі аударыспақтың бағалау жүйесіне көңіліңіз тола ма?

– Қазіргі аударыспақтың бағалау жүйесі тұрғай, бағалаушыларының өзіне көңілім толмайды. Өйткені, төрешілер ебін тауып, жеңісті бергісі келген адамға бұрмалап, бере алады. Әрине, мықты төрешілер жоқ емес, бірақ көбі «аспаннан топ ете түскендер». Олар баға беруді қойып, аударыспақтың не екенін білмейді. Оның үстіне бағалауды да бір балдық жүйеге қойып тастаған. Ал мұндай бір балдық жүйе кейде нағыз мықтылардың обалына қалып жатады. Жоғарыда келтіріп өткенімдей, аударыспаққа атына және білек күшіне сенген, нағыз жүректі азаматтар қатысады. Сондықтан, олардың барлық әдіс-амалын жасауына мүмкіндік беру керек. Бұрын біздер аударыспаққа шыққанда халық дегенің шулап, жаны шығып кете жаздап тұратын. Қазір ондай жанкүйерлердің қатары аз. Сондықтан бұл қазіргі бағалау жүйесі аударыспақтың жанкүйерлеріне де кесірін тигізіп келеді деген сөз.

Нақты насихат жетіспейді


– Басқа спорт саласындағы қыз-жігіттерді арнаулы тамақпен азықтандыратынын білеміз. Ал өзіңіз жүрген салада бұл жағы қандай деңгейде қарастырылған?

– Біз арнайы тамақ дегенде, балалардың барлығы жылқыжанды болғандықтан, оларды қымызбен және жылқы етімен тамақтандыруға құлшынамыз. Бұлар ең құнарлы тамақ екені белгілі. Ал өз басым әр баланы жаттықтыру барысында оның физикалық жағдайына, жүректілігіне қарай, жеке-жеке баулимын. Осы орайда айта кетейін, мен өзімде тәрбиеленіп жүрген барлық баланы жекпе-жекке шығаруға құлшынамын. Ол көп жағдайда мүмкін бола да бермейді. Әйтсе де, облыстық жарыстарда балаларымды әр ауданның атынан, бөліп қатыстыруға күш саламын.

– Ақиқатын айтыңызшы, қазір аударыспаққа не жетіспейді?

– Ең бастысы, бұқаралық ақпарат құралдарының насихаты мен жергілікті әкімдердің қолдауы жетіспейді. Бізді бір жарысқа қатыстыру үшін ешкім де ақша төлеп, сатып алмауы мүмкін, бірақ, басқа спорт түрлерінен ақшаларын аямайды. Біз бір атқа қанша жемшөп беріп жатырмыз, жастарды жаттықтыруға қанша тер төгіп жүрміз, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Тек жаттықтырушыға ғана еңбекақы төленеді. Ал мың жерден жеңімпаз болса да, балаларға еңбекақы тұрғай, шәкіртақы да төлемейді. Бұл – ерекше ой жіберетін мәселе. Бірақ мен ұлттық спорт түрлерінің болашағы жарқын болатынына сенімдімін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан –
Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button