Оқиғалар

Женяны құтқарып қалған полицей жігіт

 Женяны құтқарып қалған полицей жігіт

Маңайындағыларға қауіп төнген кезде, оқыста келген қатерге тойтарыс беру үшін өлімге басын тіккен жандар туралы аңызға бергісіз ақиқаттар бар. Басқан-тұрғанның бәрі бақай есеп болып кеткен бүгінгі заманда ерлікке пара-пар іске барып, ананы, баланы, азаматты ажалдан аман алып қалып жатқан мұндай қайсар адамдардың қаһармандығы, батырлығы бәрімізге үлгі.

Кенеттен төнген қатер
2012 жылдың сәуірі. Қар көбесі сөгіліп, күн шуағы төгіліп, жан жадыратар жылы шақ туған мезгіл. Түс ауа Өскемендегі Үлбі аудандық полиция бөлімінің жедел қызметкері Арман Смағұлов әлдебір қылмыстық іске қатысы бар деген күдікпен тұрғылықты жері жоқ екі қаңғыбасты іздеп, қала шетіндегі қазаншұңқыр маңына келген болатын. Қаңғыбастарды білетіндер ол екеуінің көбінесе осы Лопатино аралы жақтағы «земснаряд» деп аталатын аумақта жүретінін айтқан еді. Кезбелер туралы бұл деректі алысымен, ол осылай қарай тартты. Сол төңіректегі саяжайларды аралап шықпақ оймен қызметтік көлігімен қазаншұңқырға таяй берген Арманның алдынан жасанды көл жағасында ойнап жүрген бес-алты бала шыққан. Бірі велосипед теуіп, бірі доп ойнап жүрген олардың жанынан әрі қарай өте берді. Іздеген адамдары жүреді-ау деген жерлерге барып, саяжай ішін бір сүзіп өткен лейтенант қаңғыбастар көрініп қала ма деген оймен қайтарда тағы да қазаншұңқыр жақты бір шолып өтуді жөн көрді. Ойлы-шұңқырлы жолда ақырын, жан-жағын барлай жүріп келеді. Кенет. Кенет сонау жердегі дөң басына велосипедпен ойқастап шыға келген ұл кілт бұрылып алып көлге қарай зымырай жөнелді. Қар еріп, қазаншұңқырдың мұзы жұқарып, су жүріп, айран-асыр болып жатқан аласапыран мезгіл мынау, велосипедпен мұз үстінде зулап бара жатқан бала анау. Тоқтамаса екен. Тоқтамаса екен. Егер сол қарқынымен жүре берсе, мұз жарылғанша өтіп кетуі мүмкін. Тоқтаса, барлық салмақ бала тұрған жерге жиналып, жұқа мұз ілезде ойылып түседі. Жоқ. Бала мұздың ойылып бара жатқанын көл ортасына барғанда бірақ сезді ме екен, кім білсін, тура ортасына барғанда қарқынын бәсеңдетіп, кері бұрыла берді. Бұрыла берді де жоқ болды.

Киезін кәністірдің көмегі тиді

Арман машинаны тоқтата сала, жалма-жан көлге қарай жүгірді. Жағаға жеткен беті сырт киімінің бәрін шешіп тастап, мұзды суға қойып кетті. Не жүзуге, не жүруге келмейтін мұз құрсауындағы су барған сайын текетіресіп, тереңдеп барады. Бірақ нендей күштің көмектескені белгісіз, ол бір батып, бір шығып, жан ұшыра айқайлап жатқан балаға санаулы секундтың ішінде жетіп үлгерді. Жетті де, төрт жарым метр шұңқырдағы батпақты судың астына батып бара жатқан ұлдың денесін жұлқи тартып, бір қолымен қапсыра құшақтаған күйі жоғарыға қарай құлаш сермеді. Алайда, мұз құрсауындағы көл екеуін де тереңіне қарай тартып, алға да, жоғарыға да жылжытпады. Лай су барған сайын қоймалжың тартып, су астындағы арпалыстан көлдің асты да, үсті де батпаққа айнала бастады. Жалаңаш денесін осқылаған мұздан тілгіленбеген жер қалған жоқ. Алдын жаба берген үлкен сеңді аяғымен итеріп, алға қарай тағы бір ұмтыла берген сәтте, жағаға келген машинадан жүгіріп шықан екеуді көрді.

 Женяны құтқарып қалған полицей жігіт

Олар лақтырған ұзын арқан көл ортасындағы өзіне жетпей қалып, Арман тағы соңғы демін жинап, бар күшімен алға қарай жүзді. Лақтырған арқанның ұзындығы енді өзі жүзіп келген жерге жететіндей болып қалғанымен, салмақсыз бос арқан ширатылып, тағы да орта жолда қалып қоя берді. Баланы құшақтаған қолы қарысып, икемге келмей барады, бала болса сұлық жатыр. Көмекке келген екі жігітке «Арқанға кәністір байлап лақтырыңдар» деп айқайлады амалы таусылып. Арқан сонда кәністірдің салмағымен өзі тұрған жерге дейін жетуі тиіс. Оларда кәністір де жоқ болып шықты. Сонау жерде қалған өз машинасында киезін кәністір бар болатын, олар жүгіріп барып, соны алып кеп, арқанға байлап лақтырды. Алдыңғы жағына келіп түскен киезін кәністірді ұстап алғанда ғана Арман бар демімен «уһ» деген. Кәністірді ұстаған қалпы жағаға жеткенше асықты. Өйткені, дыбыссыз қалған баланың денесі былқ-сылқ етіп, жансызданып бара жатты.

 Женяны құтқарып қалған полицей жігіт

Реанимация тәсілін меңгергеніне таңғалдым

Жағаға шығысымен, жан дәрменімен балаға алғашқы медициналық көмек көрсетуге кірісіп кетті. Жатқызып, тізерлетіп отырғызып, аузынан жұтып қойған суды шығарып, ес-түссіз жатқан ұлды жасанды жолмен демалдырып, сілкілеп, жүрегіне массаж жасай білетін медициналық көмектерінің бәрін көрсетіп жатыр… Бірнеше минуттан соң келіп жеткен жедел жәрдем дәрігерлері баланың әлі тірі екенін, баяу болса да жүрегі соғып жатқанын айтты…
-Өскемендегі БСМП ауруханасының реанимация бөліміне түсіп, үш күн ішінде комадан шығып, беті бері қарап, есін жиған Женяны палатаға шыққан соң өзім іздеп бардым. Әрине, өзі де, анасы да ағынан жарылып алғысын айтты. Жұмысыма да іздеп келіпті артынан. Бұл мен үшін ерлік емес, баланы құрмет көрейін, белгілі болайын деп құтқарғам жоқ. Менің орнымдағы кез келген адам осылай істеуі керек деп ойлаймын, -дейді Арман Смағұлов.

БСМП ауруханасы реанимация бөлімінің сол кездегі меңгерушісі Ольга Зырянова жедел жәрдем жеткенше, суға тұншыққан балаға алғашқы көмек түрлерін көрсетіп, аман алып қалған Арманның бұл іс-қимылына қатты қайран қалып, риза болып: «Реанимация тәсілдерін жақсы меңгеріп, бұлжытпай орындаған бұл полиция қызметкерінің баланы судан алып шыққанынан бөлек, медициналық көмек көрсетіп, тұншығып қалған баланың өмірін сақтап қалғанына қатты таңғалдым. Мұндай қатты тұншыққан адамның аман қалуы сирек кездеседі, 27 жылдық тәжірибемнің өзінде сирек кездестірдім», – депті.
14 жасар өскемендік Женяның есінде сол оқиғадан елес боп велосипедпен көлге түсіп кеткені ғана қалғанымен, ол өзін екінші рет өмірге әкелген Арманның есімін енді ешқашан ұмытпайды.

Қазір Үлбі полиция бөлімінде аға жедел қызметкер, полиция капитаны болып қызметін әрі қарай жалғастырып жатқан Арман Смағұлов дәрігерлердің өзін де қайран қалдырған әртүрлі алғашқы медициналық көмек тәсілдерін мектеп қабырғасында, одан соң әскерде жүріп үйреніп, біліпті.

– Өзім Күршім ауданындағы Құйған ауылының тумасымын. Құйғандағы орта мектепте оқып жүргенде, денешынықтыру пәнінен сабақ беретін Құмар Камалиев деген ұстазымыздың да алғашқы көмек көрсетуге байланысты үйреткен, көрсеткен қарапайым тәсілдері көп болды. Ауылымыз жағалауда тұрғандықтан, суға жүзуді де осы ауылда, ауылымның адамдарынан үйрендім, – деген Арман 1996 жылы Шымкент қаласында әскерде жүріп те әскери бөлімдегі жолдасын бір ажалдан аман алып қалыпты. Әскери бөлімнің жөндеу алаңында бұзылып, қаңтарылып тұрған танкіні ауыр техниканың бірі келіп сүйреп әкетіп бара жатады. Тура сол танкінің екінші қатарында, сәл алдыңғы жақта тағы бір бұзылған әскери машина тұрады. Екі техниканың арасы жарты метрге жетер-жетпес қана жер. Бұзылған әскери машинаның астында отырып жөндеу жүргізіп жатқан сарбаз бір кезде аяғын жүріп келе жатқан танкінің жолына қарай созып жіберіп, танкіні көрмеген ол қаннен-қаперсіз жөндеуін жалғастыра береді. Танкіні сүйреп бара жатқан машина ішіндегі жауынгер машинаны жөндеп жүрген оны мүлде байқамаған. Танкі келіп қалғанын, аяғын өзіне қарай тартып алмаса, езіп кететінін айқайлап айтқанмен, машина астындағы сарбаз бәрібір ештеңе ұғып үлгермейтін еді. Осы мезетте жақын маңда жүрген Арман көз ілеспес жылдамдықпен секіріп барып сарбаздың аяғын жолдан тартып ала қояды, сол-ақ екен ауыр танк те жүріп өте шығады. Қас пен көздің арасында бола жаздаған оқыс оқиғадан сарбазды құтқарып қалған шығысқазақстандық батыл да епті жігітке үш күн демалыс беріліп, әскери бөлім басшысы марапаттау жариялапты.

Біздің қаһарман кейіпкеріміз жары Әсемгүл екеуі бір қыз өсіріп тәрбиелеп отыр. Өмірден ерте озған әкесінің орнына тірек болып, ұлын бауырмалдыққа, қайсарлыққа, адалдыққа тәрбиелеп, баулыған ардақты анасы Мәрия апай қазір өзінің жанында. Қысылтаяң сәт туып, қатер төнген шақта қатардағы досын қорғай біліп, өрімдей баланың өмірін сақтап қалған ұлымен асыл анасы да, арқа сүйер елі де мақтанады.

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Сурет пресса Жанаргүл –«Арман Смагулов» 3 сурет анасы, отбасымен және қызметте

Осы айдарда

Back to top button