Қоғам

Жауапсыздықтың емі бар ма?

Жауапсыздықтың емі бар ма?


Облыста бүгінгі таңда жүздеген дәріхана жұмыс істейді. Оларда күн сайын тұмауға қарсы, жоғары қан қысымынан, жүрек ауруынан және басқа да толып жатқан дерттерден әртүрлі дәрі-дәрмек сатылады. Алайда, өңірдегі бірде-бір фармацевтикалық мекемеден сараңдыққа қарсы таблеткалар, жауапсыздықтан сақтайтын сироп, адал жұмысқа арналған дәрі сатып алу мүмкін емес. Ал шындығында, осындай ем кейбір кәсіпкерлерге артық болмас еді…

КТМКК (кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі) деген жансыз аббревиатураның артында тағдырлар, тіпті адамдардың өмірлері тұратын жағдай аз емес. Өкінішке қарай, аймақта бүгінгі таңда мыңдаған адам күнделікті дәрі-дәрмекті қажет ететін жағдай қалыптасқан. Олар – қатерлі ісікке шалдыққандар, жүрек аурулары немесе қан айналымы жүйесі дерттері бар тұрғындар. Кейде олардың өмірі КТМКК шеңберінде берілетін дәрілерді жеткізуге жауапты тұлғаларға тікелей қатысты болатын жағдайлар кездеседі. Бизнесмендердің барлығы алдымен адамдар туралы ойлайды деуге келмес, керісінше, қалай да пайда табуға ұмтылатындары да бар.

Монополия ойыны

«ЕуроАзияФарм» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі директоры Күлнар Қалиасқароваға қатысты әңгіме 2015 жылдан басталады. Өскемендегі фармацевтикалық препараттар нарығында сол кезде нағыз детективке бергісіз оқиға өрбіген болатын. Жанрдың барлық белгілері: жалған қоңыру шалулар, шпионаж, тексерулер, интригалар мен зерттеулер бірден байқалып тұрды. Мәселенің мәнісіне келсек, облыс орталығының бір кәсіпкері дәрілік препараттарды өндіретін өзінің ісін ашпақ болады. Ол өзінің қалайша «монополия ойынының» қатысушысына айналғанын білмей де қалған. Бұған дейін нарықта осындай қызметтерді тек жоғарыда аталған «ЕуроАзияФарм» ЖШС ұсынып келген-ді. Жаңа конкуренттің бұрынғы монополистке ұнамағаны, оны қалай да нарықтан шығарып тастауды ойлағаны айтпаса да түсінікті шығар. Басқаша айтқанда, тұтынушыларда (бұл тек Өскемен қаласының тұрғындары емес, бсқа да ірі емдеу және медициналық мекемелер) таңдау мүмкіндігі пайда болды. Енді олар басқа тасымалдаушымен келісім-шартқа отыра алады. Солай болып та шықты. Жеке кәсіпкер Лихачева «№2 қалалық ауруханамен» үш жарым миллион теңгенің дәрілік препараттарын жеткізіп беру туралы келісім-шартқа отырады.

Бұдан кейінгі баяндаулар толығымен «ЕуроАзияФарм» ЖШС құрылтайшысына қатысты қылмыстық өндіріс материалдарына негізделген.

Сонымен, хаттама тілімен айтсақ, Күлнар Қалиасқаровада кәсіпкер Лихачеваның кәсіпкерлік қызметіне кедергі қоюға бағытталған қылмыстық ой туады. Ол өзінің жақсы танысына, сол кезде Шығыс Қазақстан облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметтерге бақылау жасау департаменті басшысының орынбасары болып істеген Ляззат Кусябгалиеваға телефон шалады. Олар бірлесіп, жоспарлы түрде конкурентті «істен шығара бастайды». Жалған өтініштердің қалай ұйымдастырылғанына, сенім телефонына шалынған қоңыраулар және тексерулерге жан-жақты тоқталмай-ақ қояйық. Бір ғана нәрсені айтамыз, «жолдан тайдырудың» бұл «әдістері» қылмыстық өндіріс кезінде толық дәлелденді. Қызық мынада… Сот дәріханалардың қожайыны шынында да азғырушы және көмектесуші болғанын анықтаған, алайда оған қарсы қылмысты іс «шын өкінуіне байланысты…» тоқтатылыпты. Күлнар Қалиасқарова өзінің қылмысты ойы ашылғанын түсініп, шындықты айтып берген. Нәтижесінде, Ляззат Кусябгалиеваның дүние-мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте, мемлекеттік органдарда және мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеу құқығынан айырылып, үш жылға бостандығына шектеу қойылады. Қанша дос болғанымен, Күлнар Қалиаскарова заң алдында шенеунікпен жауапкершілікті бөліскісі келмеген.

Тендер үшін күрес

Осыдан кейін «ЕуроАзияФарм» ЖШС-нің директоры істеген ісіне өкінеді деп ойлауға болар еді, егер оқиға одан ары өрбімесе. Өткен жылдың мамыр айында облыстық денсаулық сақтау басқармасы «ЕуроАзияФарм» ЖШС-не қатысты бұл фирманы мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушысы деп тану туралы арызданды, өйткені тендерге қатысатын кезде кәсіпорынның салықтық борышы бар болатын. Ал бұл ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына қайшы келеді. Сол кезде мемлекеттік кірістер департаментінде бізге кәсіпорынның мемлекетке 2010-2015 жылдар аралығында 239 миллион теңге қарыз екенін растаған болатын.

Осы жерден қызық басталады. Күлнар Қалиасқарова облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен дәрі-дәрмек тасымалдайтын бірнеше компанияға қарсы арызданып, соттан «бірнеше келісімшарттарды жарамсыз деп тануды, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс ұйымдастырушылардың іс-әрекетін және тендерге қатыстырмағанды және тасымалдау бойынша бекітілген шешімдер мен келісім-шарттарды заңсыз деп тануды» сұрайды. Әлемдегі ең ізгі сот … тендерге қатысқанда жауапсыздық танытқан, мемлекетке қарыз ретінде қылмысты жауапкершілікке тартылған адаммен келіседі.

Соның кесірінен, сол кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасымен дәрі-дәрмектерді тасымалдауға келісімшартқа отырған фирмалар ештеңе істей алмайды. Яғни, адамдар қажетті медициналық препараттарсыз қалды. Біз «ЕуроАзияФарм» ЖШС-нің құрылтайшысы мен ауданаралық экономикалық соттың іс-әрекеттерінен зардап шеккен адамдардың санын тіпті болжамды түрде айта алмаймыз. Тек бұл жағдайда олардың әлеуметтің ең осал топтарына жататын науқас адамдардың жағдайын көп ойламағаны түсінікті. Тегін препараттар зейнеткерлерге қажет, олар үшін бұл кейде денсаулықты түзетудің бірден-бір мүмкіндігі. Тегін дәрілер жанға батқан ауруын басу үшін онконауқастарға қажет. Бұл туралы ешкім ойланған жоқ.

Жауапсыздықтың емі бар ма?

Жалғасы бар

Мұнымен оқиға бітпейді… Облыстық денсаулық сақтау басқармасы «ЕуроАзияФарм» ЖШС-ін жауапсыз мердігер деп тануға болатын себептер көрсетілген тағы бір арыз жолдайды. Атап айтқанда, Зырян мен Көкпекті ауданында дәрілерді толайым бағамен саудалайтын нысандардың бар екенін растайтын құжаттардың жоқтығы. Бұдан басқа, фирманың құрылтайшысы тендерлік комиссиядан 2016 жылы сатып алу келісім-шарттарын дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылғанын жасырып қалған. Осының өзі фирманы мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушысы ретінде тануға жетіп тұрған. Тексерген кезде тағы бір өрескел факт анықталды – фирма жарамдылығы өтіп кеткен немесе бітуге жақындап қалған препараттарды тасымалдаған. Сонда онсыз да өмірі онша жақсы емес адамдарға тағы да қауіп төнген.

26 мамырда сот «ЕуроАзияФарм» ЖШС жауапсыз мердігер деп таныды. Алайда, фирма тағы да бұл шешіммен дауласып, сотқа тексеру комиссиясының үстінен апелляциялық арыз жазды.

Қазіргі таңда іс сотқа қайтадан апелляциялық арызды тексеру үшін жолданған. Біз қазір соңғы қорытындылар жасауға құқылы емеспіз, бірақ жоғарыда келтірілгеннен-ақ «ЕвроАзияФарм» ЖШС-нің құрылтайшысы және директорының қызметіне жауаптылығы үлкен күмән тудыратыны байқалады.
Газетіміз оқиғаның қалай өрбитінін қадағалап отырады және детективке бергісіз оқиғаның қалай аяқталғанын оқырмандарға міндетті түрде жеткізеді.

Серафима Березовская

Осы айдарда

Back to top button