Қоғам

Жасыл желекке жанашыр болған жан

Жасыл желекке жанашыр болған жан


Орман-тоғайды бәріміздің ортақ анамыз – Жер шарының өкпесі деп бағалайды ғалымдар. Бұл бекер айтылған сөз емес. Бүгінгі табиғаттың көп өзгеріске ұшырап, экологиялық ахуалдың ушығып тұрған кезінде осы «өкпенің» жағдайы өзекті мәселеге айналып отырғаны шындық. Ал ұлан-байтақ даламыздың шағын ғана аймағына біткен, онсыз да көп деуге келмейтін орманымызды қорғап-сақтап, кейінгі ұрпаққа табыс ету – бәріміздің міндетіміз. Сол себепті орман қорғау қызметі мамандарының иығына артылар жүктің ауқымды екендігі де түсінікті.

Бүгінде сексен жасқа толып, салиқалы ақсақал атанып отырған Қабылбаев Қайдар қария осы салада артық-кемі жоқ тура отыз жыл еңбек еткен екен. Сондықтан да оның есімі Күршім орман шаруашылығымен тығыз байланысты. Қазіргі кезде аудан орталығының іргесіндегі Мульковое ауылында тірлік кешіп жатқан Қайдар Сағымжанұлының туып-өскен, өмірінің саналы да жемісті кезеңдерін өткізген жері – Шірікаяқ ауылы. Кезінде 11 мың тұрғын мекен еткен Шірікаяқтың айтулы кеніштің, «Высокогор» совхозының орталығы болып, дүрілдеген кезі есімізден шыға қойған жоқ. Және онда кәсіптік білім беретін училище орналасып, мыңдаған түлекке түрлі мамандық сыйлағанын да жақсы білеміз. Міне, сол кезеңдерде Қайдар ағамыз бір топ әріптестерімен бірге осы маңдағы орман-тоғайды күзетіп, қорықшылық жасаған-ды.

– Қайдар ағаның күзететін аумағы осы аудандағы ең үлкен орман алқабы болатын, – дейді Күршім орман шаруашылығының директоры, Қ.Қабылбаевпен ұзақ жылдар бірге қызмет істеген Серік Есімов. – Ол кісінің басты қасиеті – өзінің міндетіне асқан жауапкершілікпен қарайтындығы деген болар едім. Қайдар Сағымжанұлы қадағалайтын аймақта заңсыз ағаш кесу, табиғатқа залал келтірерліктей тәртіп бұзу деген болмайтын. Орман күзетінен басқа отын, сырғауыл даярлау, шананың табанын, күрек сабын, бейнек әзірлеу секілді жұмыстар жетіп-артылып жататын еді. Сондай кездерде ағамыз қайбіреулер сияқты ешқандай себеп, сылтауды көлденең тартпастан, егде тартқан жасына қарамастан, қашанда қайнаған жұмыстың ортасында жүретін. Сонау тоқсаныншы жылдардағы айлап-жылдап еңбекақы ала алмаған, қызметкерлеріміз жаппай қысқартуға ұшыраған кезеңдерде де Қайдар аға осалдық көрсеткен жоқ. Күршімдегі қорықшылар қысқарып, жұмыс ауырлап кеткен шақта оларды сонау Шірікаяқтан әдейілеп шақырып алып, жұмысқа жеккен, сөйтіп, осы орманшылардың он-он бес күннен аудан орталығында әркімнің үйінде жүріп, қабақ шытпай еңбектенген кездері де есімізде.

Орман күзеті дегенмен, күзеттен гөрі осы қорықшылардың іссапарда жүретін кездері жиі болып тұратын еді. Көктем шыға ағаш егу жұмыстары басталады, одан соң қайың бүршігін, қылқан жапырақты ағаштардың тұқымын жинаумен жайлау төрінде, Құзғынды, Жайдақ, Сарытаудың қырқасында жүретін шақтар да ұмытылған жоқ. Қайда жүрсе де, Қайдар ағамыз аянбай еңбек етіп, кейінгі буынға үлгі-өнеге болды. Сөйтіп, шынайы құрмет-қошеметке қол жеткізді. Оны шаруашылық басшылары да, қарапайым жұмысшылар мен әріптестері де тегіс жақсы көріп, сыйлап, тұратын еді. Осының барлығы зая кеткен жоқ, табиғатқа шынайы жанашыр бола білген орман қорықшысы Қ.Қабылбаев көптеген сый-сияпаттар мен мақтау-марапаттарға ие болды. Сол кезеңдерде оның сан мәрте мақтау грамоталарын алып, аты жазылған сағат таққанына, кейіннен ол уақытта әркімнің қолына түсе бермейтін «Урал» мотоцикліне кезексіз қол жеткізгеніне де куәміз.

Тірліктегі бар мақсаты адал еңбек пен саналы ұрпақ тәрбиелеу болған Қайдар қария төрт ұл, екі қыз өсіріп, бүгінде олардан 10 немере, 1 шөбере сүйіп отыр. Жазира шешеймен бақытты да бақуатты тірлік кешіп жатқан Қайдар қария кенже ұлы Мергеннің өз жолын қуып, орман қорықшысы болып еңбектеніп жүргенін шынымен мақтан тұтады.

Туған анамыз, «мәңгілік панамыз – табиғат», – дейді. – Сондықтан табиғатқа әрдайым шынайы жанашырлық білдіріп, барынша қамқорлық жасау керек. Өзім осы жолда аянбай тер төктім, енді соны ұлыма, жалпы ұрпағыма аманат етіп, әркез айтып отырамын. Жалпы, өткен өміріме, тірлік кешкен заманыма өкінішім де, өкпем де жоқ, ендігі тілегім – ел іргесі аман болып, кейінгі ұрпақтың жақсылығы мен тыныштығын көре беруге жазсын.

Қарияның бұл тілегіне біз де ықыласпен қосылып, шын ниетімізбен қоштадық.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button