Қоғам

«Жасыл көпір» жасыл экономикаға жетелейді

«Жасыл көпір»  жасыл экономикаға жетелейді


2012 жылы БҰҰ-ның «РИО + 20» саммитінен кейін ел Президенті жасыл экономиканы мемлекетті ары қарай дамытудың негізгі факторлары ретінде белгілеген болатын. Бүгінде елімізді жасыл экономикаға жетелейтін «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы бар. Өткен аптада осы бағдарламаның үйлестірушілері өңірімізге ақпараттық тур жасап, «Жасыл көпірдің» тұжырымдасы және бағыттарымен таныстырды.

20-дан астам ел осы Хартияға қол қойған

Қоғам «жасыл» экономика сөзінің мәнісін әртүрлі түсінеді. Бірі бұл елдің табиғатын жақсартатын экономиканың жаңа саласы деп түсінсе, басқалары оны табиғатқа көмектесуге және пайда келтіруге бағытталған деп есептейді. Үшіншілері, экологиялық таза өнімдерді құруды мақсат еткен экономика деп ойлайды. Негізінде, бүл түсініктердің барлығы оның бір бағыттары ғана. «Жасыл» экономика – бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану арқылы қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған, сондай-ақ қалдықтарды өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. Осындай экономикаға біртіндеп көшуімізді қамтамасыз ететін жобалардың бірі – « Жасыл көпір». БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алангерелдің айтуынша, «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын 2010 жылы ІІІ Астаналық Экономикалық форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған. Осы бағдарлама 2012 жылы БҰҰ саммитінде де барлық елдердің қолдауына ие болып, ол «ЭКСПО-2017» көрмесін ілгері жылжыту тұғырнамасына айналды. Сондай-ақ, «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы туралы Хартияға 20-дан астам ел қол қойған. Мунхтуя Алтангерел атап өткендей, Қазақстанның жаһандық деңгейдегі Париж келісіміне қол қоюы Қазақстанның жасыл экономикаға қарай жасаған алғашқы қадамы іспетті. Ендігі кезекте мемлекет пен қоғамдық ұйымдар, жергілікті билік пен бизнес құрылымдар осы бағытта бірлесіп жұмыс істуі керек.

– БҰҰ бұл орайда Қазақстанға көмек қолын созуға әрдайым дайын. БҰҰ Даму бағдарламалары Қазақстанда жұмыс істеген уақыт аралығында 180-нен астам әлеуметтік, экономикалық, экологиялық жобаларды жүзеге асырды. «Жасыл көпір» бағдарламасы да елдің тұрақты даму моделі бар экономикаға өтуіне атсалысатын болады. Біз шығыс өңіріне сапарымыз барысында Қатонқарағай ұлттық паркімен танысып, алдағы уақытта осыған қатысты жобалар жасасақ дейміз,-дейді Мунхтуя Алтангерел.

Табиғи қорды тиімді пайдаланады

Еуропамен салыстырғанда Қазақстанда жер қорларының басым бөлігі химикаттар және пестицидтермен ластанбаған. Сондықтан, халықаралық нарықта сұранысқа ие болатын таза азық-түлік тағамдарын өсіруге мүмкіндік бар. «Жасыл көпір» секілді жобалар біздің шаруаларға жақсы пайда әкелетін және жаңа технологиялар сатып алуға мүмкіндік беретін тауар өндіруге көмектеседі. Облыстық әкімдікте өткен ақпараттық тур аясында бағдарлама жетекшілері еліміздің өзге өңірлерінде іске асқан осындай жобалармен таныстырды.

Жоба менеджері Т.Кертешевтің айтуынша, «Жасыл көпірдің» «Эко-Даму» бағыты бойынша Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының 83 жобасына 275,325 млн. теңгенің шағын несиесі берілген. Нәтижесінде 175 жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың ішінде омарта, құс шаруашылығын дамыту, қымыз бен шұбат өндіру, тігін цехін ашу, бау-бақша өсіру сияқты жобалар көп.

– «Жасыл көпір» аясында биоәртүрлілікті сақтау, аквамәдениет пен балық шаруашылығын дамыту, жер ресурстарын тиімді пайдалану, Қазақстанды энерготиімді жарықпен қамтамасыз ету сияқты бағыттары бойынша елімізде жүздеген нәтижелі жоба жүзеге асты,-дейді Т.Кертешев.

Энерготиімді жарықтандыру бағдарламасы аясында Аягөз ауданында қанатқақты жоба іске асқан болатын. Аягөз қаласының көпсалалы гимназиясында жарықты модернизациялау нәтижесінде жарықты 58 пайызға дейін үнемдеуге қол жеткізілді.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button