Қоғам

Жастардың көбі жалақысы жақсы жұмысты іздейді

Жастардың көбі жалақысы жақсы жұмысты іздейді


Облыс орталығында Қазақстан жастар конгресінің ұйымдастыруымен өткен қоғамдық тыңдауда жастарды жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы мен оның проблемалары талқыланды. Қазақстан жастар конгресінің жоба үйлестірушісі Арай Байтенова қоғамдық тыңдауда көтерілген мәселелердің барлығы ескеріліп, одан қорытынды шығарылатынын атап өтті.

Қазақстан жастар конгресі Дін істері және азаматтық қоғам минстрлігінің тапсырмасымен «Азаматтық бастамаларды қолдау» жобасы аясында еліміздің бірнеше өңірлерін аралап, ондағы жастардың мәселесіне назар аударып отыр. Арай Байтенованың айтуынша, әр өңір жастарының мәселелері сан түрлі болғанымен, барлығына ортақ бір дүние бар. Ол-жұмыссыздық.

Елімізде жұмыссыздықтың салқыны әуелі жастарға тиюде. Жұмыссыздықпен күрес қызу жүргізілгенімен, бұл мәселе әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Облыстық ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабековтің айтуынша, өңір халқының 21 пайыздан астамын 14 пен 29 жас аралығындағы жастар құрайды. Өткен жылы бөлім облыстағы жұмыссыз жастардың санын анықтау мақсатында рейд өткізіп, еңбекпен қамтылмағандарды мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмысқа орналастыруға тырысқан. Аталған шара барысында өткен жылы 4200-ден астам жұмыссыз жас анықталды. Олардың басым көпшілігі жастарға арналған «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі», тегін кәсіптік білім алу сынды бағдарламалар бойынша еңбекке, білім алуға тартылғанымен, нақты саны 1182 жас мұның барлығынан бас тартқан. Биыл жұмыссыз ретінде тіркелген 2697 адамды бағдарламалар аясында жұмыспен қамту ісі жалғасып келеді.

Мемлекет іске қосқан «Дипломмен – ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Өнімді еңбек және кәсіпкерлікті жаппай дамыту», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламаларының аясында еліміздің барлық облыстары мен аудан орталықтарында жұмыспен қамту орталықтары ашылып, жастарға бос жұмыс орындарын ұсына бастады. Алайда аталмыш бағдарлама арқылы екі қолға бір күрек тапқан жас мамандардың жалақысы – 30-40 мың теңгенің айналасында. Ішкі саясат басқармасының жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Арайлым Есімбекованың айтуынша, олар мұны місе тұтпайды. Көбісі бірден жақсы қызметке орналасқысы келеді.

Сондықтан жастардың көпшілігі бағдарлама бойынша қызмет етуден бас тартып, өздігінен жұмыс іздеуге тырысады.

Қоғамдық тыңдау барысында жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау, бағдарламалар жөніндегі ақпаратты жеткізу тәсілін өзгерту жөнінде ұсыныс айтылды. Өйткені көпшілігі елімізде жастар арасында жұмыссыздық мәселесін шешуге арналған бағдарламалардың барын, оның іске асу тетіктері жөнінде хабарсыз болып шыққан. Жұмыссыздықпен күрестің тағы бір шешімі ретінде еңбек адамының мәртебесін өсіруге көңіл бөлу қажеттілігі де ұсыныс түрінде енгізілді. Сөз алған жастар мамандық таңдау барысында мектеп түлектері жұмысшы мамандықтарын болашағы жоқ деп танитындықтарын айтып, бір мекемеде 40 мың теңгеге есепші болып отырғаннан, егін алқабында одан үш есе көп айлыққа тракторшы болып жұмыс істеу әлдеқайда тиімді екендігін мысал ретінде келтірді.

Жастардың көбі жалақысы жақсы жұмысты іздейді

Мамандықтар картасы жасалса

Қазіргі жастардың көбінде бір емес, бірнеше диплом бар. Жоғары оқу орнын бітірген түлектерді ешқандай жұмыс беруші құшақ жая қарсы алмайтындығы да ақиқат. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының әкімшілік бөлім басшысы Раушан Таймулдинаның айтуынша, «Жастар тәжірибесі» – жас түлекті еңбекке тартып, осы мәселені шешуге арналған бірден-бір бағдарлама. Жас маманның тәжірибе жинақтап, еңбек нарығында өзінің бәсекеге қабілетті екендігін танытуға берілген мүмкіндікті бүгінгі күні өңірдің 946 жасы пайдаланған. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына 29 жасқа дейінгі жоғары оқу орнын бітіріп, соңғы үш жылда өз мамандығы бойынша жұмыс істемеген барлық жас мамандардың қатысуға мүмкіндігі бар. Ең бастысы, олар ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. «Жастар тәжірибесіне» қатысатын жас мамандардың еңбекақысы республикалық бюджеттен төленеді. Аталмыш бағдарлама бойынша алты ай қызмет ететін жас мамандарға ай сайын 40-50 мың теңге көлемінде жалақы беріледі. Бұл бағдарлама жас мамандардың жұмыс тәжірибесіне қатысты мәселесін шешуге үлкен көмегін тигізетіні анық. Алайда тағы да жалақының аздығынан көптеген жас мамандар бағдарлама бойынша жұмыс істеуден қашқақтайды. Жастардың осындай әрекеттеріне қарап, олардың жұмыссыздығы қолдан жасалып отырғандай көрінеді. Сондай жастар артынан «жастардың жұмыс істеуіне мүмкіндік жоқ» деп шығады.

Жастардың көбі жалақысы жақсы жұмысты іздейді

Раушан Таймулдинаның мәліметіне сүйенсек, «Өнімді жұмыс және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 6 652,5 млн. теңге бөлінген. Тегін кәсіптік білім беру мен қысқа мерзімді қайта даярлау курстарында оқытуға, жергілікті жерлерде шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған несиелер беруге негізделген бағдарлама өзінің жемісін де бере бастаған көрінеді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының әкімшілік бөлімі ұсынған деректерге сүйенсек. 2017 жылы кәсіптік білім беруге арнап 1 802,8 млн. теңге қаржы бөлінген. Қыркүйектің бірінен бастап 1730 студент 33 колледждің базасында 29 мамандық бойынша білім алуда.

Ішкі саясат басқармасы жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Арайлым Есімбекованың тарапынан кәсіптік білім беру кезінде өңірге қажет мамандықтардың картасы жасалып, мамандықтар квотасы сол бойынша берілсе деген ұсыныс айтылды.

– Бір ауданда жыл сайын 100-ден астам аспаз, шаштараз даярлай бергеннен не ұтамыз? Олардың барлығын жұмыспен қамту мүмкін емес. Жұмыссыздықты осылайша қолдан жасап отырған жоқпыз ба? Мәселен, Зайсан ауданын алар болсақ, соңғы жылдары бұл өңірде мұнай өндіру ісі қолға алынғаны белгілі. Алайда сол өндіріске өзге өңірлердің мамандары жұмысқа тартылған, өйткені Зайсан қаласында мұнай-газ саласының жұмысшыларын даярлайтын кәсіптік курстар жоқтың қасы. Егер 30 аспаздың орнына сонша мұнай саласының жұмысшыларын даярласақ, аудандағы жұмыссыздар саны да азаяр еді, – дейді Арайлым Есімбекова.

Жастардың көбі жалақысы жақсы жұмысты іздейді

Жастар миграциясы алаңдатып отыр

Қоғамдық тыңдау барысында көтерілген мәселенің тағы бірі – жастар миграциясына қатысты. Экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің бөлім басшысы Лейла Мұқтағанованың айтуынша, соңғы жылдары облыс жастарының өзге өңірлерге қоныс аударуы жиілеп кетті. Тек өткен жылы 1419 жас көшіп кеткен. Жастар негізінен жақсы білім, жақсы тұрмыс іздеп кетіп жатыр. Миграцияның белең алуына Ресей жоғары оқу орындарының түлектерді тестілеусіз, байқаусыз оқуға қабылдауы да себеп болып отыр. Бүгінгі күні облыста жастардың көші-қонын тоқтатып, оларға өңірде сапалы білім беру және жұмыспен қамту бойынша кешенді шаралар жоспары қолға алынып отыр. Оның жастар миграциясына қаншалықты әсер ететіндігі алдағы уақыттың еншісінде.

Қоғамдық тыңдау барысында Қазақстан жастар конгресіне өңір жастарының мәселесі ретінде бірнеше ұсыныс жолданған болса, олардың дені жұмыссыздықпен күреске бағытталды. Олар – университеттер мен колледждерде аудан күндерін өткізу. Сол арқылы ауданға жас мамандарды тарту. «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірлерден келіп, білім алып жатқан студенттердің біраз бөлігін алып қалу арқылы облыстың моноқалаларындағы кадр тапшылығын шешу көзделіп отыр. Осы орайда серпіндік жастарды Шемонайха, Риддер сынды моноқалаларда баспанамен қамтамасыз етуге қол ұшын беру де мәселе ретінде көтерілді.

Жұмыссыз жастар қатарын азайту мақсатында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар аясында қаншама жас еңбекпен қамтылып, білім алып жатқанымен, жұмыссыздардың саны азаймай отыр. Әлі күнге дейін ауылдарға мұғалім, дәрігер, агроном қажет, бірақ оған баратын маман жоқ. Қоғамдық тыңдау барысында келтірілген мәліметтерге қарап, олар шынымен де, үлкен компания мен «жұмсақ кресло» арманының жетегінде жүр ме деп қаласың.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button