Қоғам

Жапон ғалымы сый жасады

Жапон ғалымы сый жасады


Семейде Бахия Атчабаров атындағы ХIII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Экология. Радиация. Денсаулық» тақырыбын қамтыған конференцияға шетелдің белгілі мамандары қатысты. Олардың қатарында Жапония, Оңтүстік Корея, Чехия, АҚШ, Белорусь, Украйна және Ресей ғалымдары, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, дәрігерлер бар.

Конференция аясында радиациялық экология және қауіпсіздік, алдын алу, емдеу және оңалту мәселелері қарастырылды.

-Семейдегі мемлекеттік медицина университетінде бұл конференцияның дәстүрлі түрде өткізілуі тегіннен тегін емес,-деді университет ректоры Ерлан Жүнісов,-біздің университетте радиация мәселесін зерттеуге байланысты бай қор жинақталған.

Пленралық отырыста Хиросималық профессор Масахару Хошидің (Жапония) зерттеу жұмыстары жоғары бағаланды. Медицина университетінің клиникалық орталығындағы педиатрия бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Ертісбаеваның айтуынша, бүгінде Семейде онкологиялық сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтуда еш бөгет жоқ.

-Хоши мырзаға және оның жұбайына біз үлкен рақмет айтамыз,-деді Семей өңіріндегі бас гематолог Раушан Қиқымбаева,-бүгінде бізде есепте әртүрлі қатерлі ісік анықталған 18 жасқа дейінгі 73 бала тұр. Олардың 38-і лимфа жүйесі және қантамырлары бойынша есепке алынған. Хоши мырза жұбайымен бізге дәрі-дәрмектер, балаларға қағаз тырнаның оригамилерін сыйға тартты. Бұл кісілерге үлкен рақмет!

Бахия Атчабарұлы 1957-1960 жылдар аралығында ең алғаш өзі жетекшілік жасап, жұмыс істеп тұрған Семей полигоны маңындағы ауылдарға кең көлемді экспедициялық зерттеулер жүргізген білікті маман. Мақсаты Семей өңіріндегі ядролық сынақтың адам ағзасына тигізер әсерін зерттеу еді. Нәтижесінде «Қайнар Синдромы» анықталып, ғылымға белгілі болады. 1949 – 1989 жылдар аралығында Семей сынақ полигонында 456 аядролық және термоядролық жарылғыш заттар жарылып, нәтижесінде миллионнан астам адам жоғары сәулеленуге шалдықты.

Раушан Нұғманбекова
Семей

Осы айдарда

Back to top button