Денсаулық сақтау

Жанама әсерлердің кесірі немесе АИТВ жұқтырғандарды емдеу неге қиын?

Жанама әсерлердің кесірі немесе АИТВ жұқтырғандарды емдеу неге қиын?


Елена есімді келіншек дәрігерлерден өзіне қойылған АИТВ диагнозын естігенде, есінен танып қала жаздаған. Бұл дертті қабылдағысы келмегені соншалықты, тіпті жүктілік кезінде де ем қабылдаудан бас тартады. Дәрігерлердің ескертуіне қарамастан, нәрестесін де емізе береді. Соның салдарынан кішкене сәби де ғасыр дертін жұқтырып үлгерді. Бүгінгі таңда байғұс әйел прокуратураның араласуынан кейін ғана бүлдіршінді емдеуге көніпті.

Сәбилердің кінәсі қанша?

Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және күрес орталығының бас дәрігері Марина Жегалконың айтуынша, өкінішке қарай, мұндай жағдайлар кездесіп тұрады.

-Бізде қазір осындай екі ана бар, біреуінің баласы екіде, екіншісі үш жаста. Біреуі ауданда тұрады. Өздері емделмегенді қойып, сәбилеріне жұқтырды.
Мұның өзі қылмыс саналады. Енді бөбектерінің басын өлімге байлап отыр. Біз осындай жауапсыз аналармен қамқоршылық органдары және прокуратура арқылы жұмыс істеуге мәжбүрміз. Алдымен біздің дәрігерлер үйлеріне барып, әңгімелесуге тырысқан. Олар есікті ашпағанды қойып, ит қосып қуды мамандарды. Тіпті, республикалық орталықтан келген қызметкерлер де олармен жолыға алмай кетті, – деп шағынудан бастады Марина Владимировна.

Қазір әйелдердің бірі бүлдіршінді емдеуді бастағанымен, дәрілерін уақтылы бермейтін сияқты. Өйткені, бақылау талдаулары кезінде қандағы вирустардың азаймағаны, емнің тиімсіздігі байқалған.

Бас дәрігердің айтқанынан түсінгеніміз, бүгінгі күні инфекционист дәрігерлердің бас ауруы – науқастарға емді уақтылы қабылдауды ұқтыру екен.
Жаңағы әйелдер ғана емес, диспансерлік есепте тұрғандардың басым бөлігі дерттерін мойындап, ем-домдарын уақытында қабылдаудан азар да-безер қашады. Дәл осы орталықтың дәрігерлеріндей басқа бірде-бір саланың дәрігерлері науқастарымен әуреленбейтін шығар. Кішкене балаға түсіндіргендей айтып береді, үгіттейді, өтінеді, тіпті жалынып-жалбарынады.

-Біз оларға ұялы телефонымызды да беріп қойғанбыз. Тәулік бойы хабарласуларына рұқсат етеміз. Кристина деген емделушім дәріні қабылдағаннан кейін үсті бөртіп кеткесін, ары қарай ішпей, емді үзіп тастады. «Маған неге хабарласпадың, мен түсіндірер едім» десем, «интернеттен оқыдым, жанама әсерлері көп екен» дегені! Ал солар есірткі тартып, ішімдікке салынған кезде жанама әсерлері болмады ма?- деп күйінді инфекционист дәрігерлердің бірі.

Әрине, науқастарды түсінуге болады, ауыр диагнозды қабылдау өте қиын. Алайда солай болып қалды, енді амал қанша?! «Басқа түссе, баспақшыл» демекші, енді тек емделу керек. Бұл үшін Қазақстанда барлық жағдайлар жасалған.

-Мен жуықта Италияның Милан қаласында халықаралық ғылыми конференцияда болып келдім. Еуропа мен Америкада АИТВ/ЖИТС дертіне шалдыққандардың әлсіз топтарға жататындары ғана әртүрлі қорлардың қолдауымен, қалғандары өз қаражатына емделеді екен. Көрші Ресейдің өзінде мемлекет қажеттіліктің тек 40 пайызын ғана жабады. Ал біздің облысқа 2017 жылы тек медикаменттерге ғана 750 миллион теңге бөлінді. 11 миллион теңгеге жергілікті бюджеттің есебінен ең тиімді деген дәрілерге қол жеткіздік, – деп жалғастырды Марина Жегалко.

Есепке алынған науқастарға бірден антиретровирусты арнайы ем тағайындалады. Үш түрлі дәріден басталып, кейде күніне алты таблеткаға дейін ішуге тура келеді. Емделушілерге ем-дом жеке-жеке кесте бойынша бекітіледі. Кейбіреуінің ағзасы препараттың химиялық құрамына қарсы шығады, жүректі айнытуы мүмкін. Өмір бойы ішу керек. Осыларды көтере алмаған емделушілер кейде өз беттерімен емді тоқтатып тастайды. Егер дәрігерлердің нұсқауын бұлжытпай орындап, емделуді үзбесе, жұқпаны жұқтырғандар 20-30 жылға дейін өмір сүреді. Облыс орталығында 1997 жылы Теміртаудан көшіп келген бір азамат тұрады. Нашақорлықтан арылу үшін осы жаққа қоныс аударған 22 жастағы жігіттің қанынан сол жылы АИТВ жұқпасы анықталыпты. Міне, 21 жыл болады, әлгі азамат әлі тірі. Отбасын құрған, жұмыс істейді. Қазір нашақорлармен әңгімелесіп, олардың дұрыс жолға түсуіне ықпал жасап жүр.

-Ғылым бір орында тұрмайды. Қазір күніне бір рет қана ішетін таблетка да бар. Бірақ ол барлық науқастарға жарай бермейді. Ғалымдар айына бір рет қана ішетін дәріні ойлап тапқан, оны қазір сынақтан өткізіп жатыр. Біздің жұмысымызда үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, патронатты медбикелер көп қолдау танытады, – дейді бас дәрігер.

Жанама әсерлердің кесірі немесе АИТВ жұқтырғандарды емдеу неге қиын?

Үкіметтік емес ұйымдардың көмегі көп

Науқастардың арасында нашақорлар, бас бостандығынан айырылғандар аз емес, оларда С гепатиті, туберкулез сияқты қосымша аурулардың белгілері де көп кездеседі. АИТВ жұқпасын жұқтырғандармен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тығыз жұмыс істейді. Олар өздері де осы дертті бастарынан кешіргендіктен, науқастармен тең дәрежеде әңгімелесіп, көп нәрсеге көздерін ашады.

Бүгінгі таңда облыста екі үкіметтік емес ұйым USAID халықаралық ұйымының қолдауымен «Флагман» жобасына енген. Еріктілер орталықтың дәрігерлерімен бірлесіп, емнен бас тартатын қиын науқастардан құрылған топтармен жұмыс істейді. Өздерінің бастарынан кешкен жағдаймен бөлісіп, ақыл-кеңестерін береді. Тіпті телефон арқылы дәрігерге келіп, дәрі-дәрмегін алатын мезгілдің жеткенін, препаратты ішетін уақыттың болғанын ескертеді. Үйлеріне барып, шай үстінде әңгіме-дүкен құрып, көңілдерін аулайды. Науқасқа деген сенім мүлде жоғалған болса, оның ішіп жүрген таблеткаларын санауға дейін барады.

-Бізден дәрілерін алғанымен, ішпей жүргендерін аңғару қиын емес. Өйткені қанына талдау жасаған кезде, қандағы вирустардың саны азаймағаны көрінеді, яғни емнен ешқандай пайда жоқ. Емнің тиімсіз болғаны өз алдына, қыруар қаражат желге ұшады ғой. Барлығымыз бірлесіп, соған жол бермеу үшін, әр науқаспен баланы алдағандай сөйлесуге, көндіруге тырысамыз, – деді Марина Владимировна. Бұдан басқа, патронатты медбикелерге арналған халықаралық төтенше бағдарлама жұмыс істейді екен. Бұл жобада медициналық қызметкерлер үшін науқастарды емге 100 пайыз қалай тарту керектігінің әдістемелері жасалады.

Алдын алу шараларына 35 миллион теңге жұмсалды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы АИТВ/ЖИТС дертімен күрес барысында 90-90-90 стандартын енгізген. Мұндағы бірінші сан жұқпаны жұқтырғандардың 90 пайызы өзінің АИТВ мәртебесін білуі керек дегенді білдіреді. Облыста бұл көрсеткіш 79 пайыз. Екінші сан науқастардың 90 пайызы диспансерлік есепке алынсын деген сөз, бізде бұл көрсеткіш – 75 пайыз. Ал соңғы сан емнің тиімділігінің көрсеткіші. Бізде науқастардың 63 пайызында ем-домның тиімді, яғни нәтижесі бар екені байқалған.

-Емделемін деген науқасқа елімізде тиімді ем-дом көрсетіледі. Бізде есепте тұрған қыз-келіншектердің 80 пайызы еммен қамтылған. Олардың көбі саналы, өйткені болашақта бала сүйгілері келеді. Ал жалпы әлемдік деңгейде қарасақ, отбасында бірнеше осындай науқас бар әйелдер дәрі-дәрмекті көбінде алдымен күйеуіне, сосын баласына береді де, өзін ұмытып кетеді екен. Облыста жұқпаны жұқтырғандардың 94 пайызы 15-49 жас аралығындағы қоғамда белсенді азаматтар. 2017 жылы төрт адамда ЖИТС анықталды. 2000 жылдары дерт негізінен есірткінің инесі арқылы тараса, бүгінде қауіпті жұқпаны науқастардың 56 пайызы төсек қатынасы арқылы жұқтырғанын білдік, – дейді Марина Жегалко.

Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніміз АИТВ жұқпасынан ешкім де сақтандырылмағанын көрсетеді. Науқастардың арасында өте ауқаттылар да, қызметте істейтіндер де бар. Олар өз мәртебесін қан тапсырған кезде немесе ауруханаға түскенде кездейсоқ білген. Кейбіреуі осы диагнозбен 7-10 жыл жүріп келген. Осыдан бірнеше жыл бұрын қорғалмаған, қауіпті төсек қатынасы болғанын кейбіреуі әрең естеріне түсірген.

-Осы орайда аурудың алдын алу өте маңызды. Бір жиында мен профилактикалық жұмыстарға 35 миллион теңге жұмсалды дегенде депутаттар тарапынан қатты сынға ұшырағаным бар, – деп есіне алды бас дәрігер. – Нашақорлар арасында тегін презервативтерді тарату ( бұл да алдын алу) үшін қыруар қаржы жұмсап не керек деп шуласты. Егер дерттің алдын алмасақ, ол он есе өседі деп саналады. Жарайды, бізде тіпті екі есе ғана ұлғайсын, сонда 750 миллионның орнына 1 миллиард 500 миллион теңге қажет болар еді.

Қазір орталықта 1400 науқас ем-домын тұрақты алып келеді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button