Аймақтар аухалыБілім

Жағалаудағы заманауи мектеп

Хасен Зәкәрия, Күршім

Тәуелсіздік мерекесімен ұштаса Зайсан көлінің жағалауынан орын тепкен Жолнұсқау ауылында айтулы бір жиын болды. Мерекеге ауыл тұрғындары, округ жұртшылығы және арнайы барған қонақтар ортақтасып, қуанышты қауым бірін-бірі ықыласпен құттықтап жатты. Бұл көптен күткен игілік, осындағы жаңадан салынған мектептің ашылу салтанаты болатын. Мектептің салынып жатқанынан бәріміз де хабардар едік, «құлақ естігенді көз көреді» дегендей, жаңа білім ордасының шәкірттерге айқара есік ашқанына да куә болдық.

Құрылысы облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей тапсырмасы бойынша қолға алынған бұл білім ордасының тағаны тез құйылып, құрылысы шапшаң жүргізілген болатын. Алғашқы қазығы өткен сәуір айында қағылған еңселі ғимарат қараша айында пайдалануға әзір болып, жаңа мектептің ашылуын  асыға күтіп жүрген жас өрендердің қуанышына орай, Тәуелсіздік мерекесі күні табыс етілді. Қанатқақты жоба бойынша (кәсіпкерлер өз қаржысына салады да, оны аудан әкімдігі сатып алады) 50 оқушыға арнап салынған бұл мектеп  заманауи талаптарға сай  жабдықталып, барлық қажетті мүліктермен қамтылып отыр.

Осы салтанатқа Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышев арнайы келген болатын. Онымен бірге бұл қуанышқа ортақтасуға аудан әкімі аппаратының жетекшісі С.Дүзбаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Қасымбаева, Amanat партиясы Күршім аудандық филиалының атқарушы хатшысы А.Әбілмәжінов, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Елеубаев, осы бөлімнің әдіскері А.Жакуперова, Балықшы ауылдық округінің әкімі Е.Тілеубаев және бұқаралық ақпарат құралы өкілдері ошарлы топ құрып, бірге жеткен-ді.

Алдымен сөз беріліп, жұрт алдына шыққан аудан әкімі жолнұсқаулықтарды жаңа мектептің ашылуымен  құттықтады. Алмат Талғатұлы сонымен бірге бірқатар ауыл тұрғынын, осы құрылысты жүргізген мердігер «PLAZA-konstruktion» ЖШС бас директоры  Сержан Тоқтарханұлы, бас инженер Сырым Дүсіповті, жоба жетекшісі Жандос Мыңғалиевті  аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

Осыдан кейін құттықтау сөз ардагер ұстаз Ж.Жоламановқа беріліп, ол кісі жүрекжарды тілегін ортаға салып өтті.

Бұдан соң ауыл ақсақалы, Күршім ауданының Құрметті азаматы Шайсолтан Сәрсеков пен ардагер ұстаз Шолпан Кенжебаева жаңа білім ошағының лентасын қиып, шәкірттерге ақ баталарын берді. Лента қиылған соң, ауылдың ақылман әжелері Ш.Кәрімжанова, Б.Әміржанова ақ ниеттерімен шашу шашып, бүлдіршін бишілер көпшілікке өз өнерлерін ұсынды. Жаңа мектептің көрінісіне көңілдері тойып, көздері қанған ауыл жұрты осындай игілікке бастамашы болып отырған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Даниал Ахметовке ақ көңілден шыққан алғыстарын арнап, шынайы ризашылықтарын білдірумен болды.

 

Осы айдарда

Back to top button