Білім

Үздік ұстаздарға лайықты құрмет көрсетілді

Үздік ұстаздарға лайықты құрмет көрсетілді

Ғалым да, шахтер де бас иетін,
Ұстазым, бар сенің қасиетің.
Білім берген, ой берген, ақыл берген,
Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең, – деген өлең жолдарындағыдай, ұстаз – ұлы мамандық. Өйткені, Ұстаз – ұрпақтың ғана емес, бүтіндей ұлттың тәрбиешісі. Ендеше ертеңін ойлап, жарқын болашағына қол созған ел қашан да ұстаздарын құрметтейді. Кеше шығысқазақстандықтар да Ұстаздар күнін кеңінен атап өтті. Облыс орталығындағы Металлургтердің мәдениет сарайында өткен салтанатты шараға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қатысып, сөз сөйледі.
Бұл күні ұстаздар күні мерекесіне орай Өскемендегі Металлургтер сарайында өткен салтанатты шараға өңіріміздегі педагогтардың ең үздіктері жиналды. Оған облыстық басқармалар мен департамент басшылары, ұстаздар, тәрбиешілер мен оқытушылар, педагогикалық еңбек ардагерлері мен педагогикалық династиялар, көпбалалы педагог-аналар мен жас педагогтар қатысты. Келген қонақтарды Өскемендегі №16 орта мектептің «Мұрагер» домбырашылар оркестрі күмбірлеген күймен қарсы алды. Салтанатты шараға қатысушылар ең алдымен Металлургтер мәдениет сарайының фойесіне қойылған «Ұстаз – баланың көзімен» атты балалар шығармашылығының фотокөрмесін тамашалады.
Жалпы, облысымызда биыл мұғалімдер күнін мерекелеуге үлкен мән беріліп отыр. Осынау атаулы күнді мерекелеу аясында облысымызда алғаш рет бастауыш сынып мұғалімдерінің І облыстық форумы мен «Қ.Нұрғалиевтың педагогикалық мұрасы» атты облыстық педагогикалық оқулары өткізілгенін де атап өткеніміз абзал. Сондай-ақ, барлық білім беру мекемелерінде 21 қыркүйек пен 2 қазан аралығында түрлі экспозициялар мен фотокөрмелер, «Менің алғашқы ұстазым» атты шағын шығармалар сайысы, «Алғашқы ұстаз» оқулары мен кітап көрмелері, әдеби кездесулер өткізілді.
Салтанатты шарада да әр ауданның педагогтарына ерекше қошемет көрсетілді. Бұл күні Металлургтердің мәдениет сарайында шырқалған ән де, күй де тек ұстаздар қауымына арналды.
– Құрметті ұстаздар! Қадірменді білім саласының ардагерлері! Бүгінгі салтанатты жиынды пайдалана отырып сіздерді және барша ұстаздар қауымын төл мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Ұстаз – ұлағатты есім, қастерлі мамандық. Қай кезде және қай қоғамда болмасын Ұстаз аса құрметті де жауапты қызмет болған және солай бола бермек. Адамзаттың барлығы бала шақтан болашаққа, балалықтан даналыққа Ұстаз арқылы жетеді. «Адам бойындағы барлық жақсылық – Ұстаздан» дейді Ұлы Абай. Ұстаз өз ісімен, сөзімен Адам болуды үйретеді, – деп сөз бастаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бүгінгі күні аймақтың білім саласында 22 мыңнан астам педагог еңбек етіп жатқанын, олардың 69 пайызы жоғары және бірінші категориялы ұстаздар екенін атап айтты. Биыл білім саласын дамытуға 89,6 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бұл облыс бюджетінің 30 пайызын құрайды. Сондай-ақ, 33 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 179-ына жөндеу жасалуда. Облыс әкімінің айтуынша білім саласына салынған қаржы өзінің жемісін де беріп жатқан көрінеді. Өңірдің білім саласы бірқатар көрсеткіштер бойынша алдыңғы орыннан көрінуде. Әрине, бұл жетістіктердің артында ұстаздар қауымының ерен еңбегі тұрғанын аймақ басшысы ерекше атап айта келіп, десе де алда күрделі міндеттердің де тұрғанын, ең алдымен оқушылардың білім сапасын көтеріп, инновациялық технологияларды белсенді түрде енгізу қажеттігін, болашақ ұрпақты бейбітшілік пен төзімділік – өмірдің негізгі құндылықтары екенін сезінетіндей нағыз патриоттар етіп тәрбиелеудің маңыздылығын жеткізді. Сонымен қатар, Даниал АХМЕТОВ Елбасының жоғары сыныптарда сабақтарды ағылшын тілінде оқыту туралы тапсырмасын да ұмытпау керектігін, мұнымен қоса мемлекеттік тілді меңгеруге де басымдық берілетінін еске салды. Қазіргі күні облыс басшысының тапсырмасымен құрамында жетекші жоғары оқу орындарының оқытушылары мен жоғары категориялы мұғалімдер бар жұмыс тобы 2015-2018 жылдарға арналған көптілділіктің аймақтық бағдарламасын әзірлеу үстінде.
– Барлық уақытта мұғалім ізгіліктің жаршысы болған, бола да береді. Сіздердің жүректеріңіздегі мейірімділік пен даналық әрқашан сөнбесін. Шәкірттеріңіз өздерінің жеңістерімен, жетістіктерімен қуанта берсін. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен еліміздің бүгіні мен жарқын болашағы жолындағы еңбектеріңізге зор табыстар тілеймін, – деген облыс әкімі үздік мұғалімдерге марапаттар тапсырды.
Марапатталғандардың арасында облыстық №4 нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатының директоры Мұрат Шақабаев та бар. Ол Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне қадады. Сондай-ақ, тағы да бірқатар мұғалімдерге Ы.Алтынсарин атындағы және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері табыс етілсе, мұғалімдердің тағы бір шоғыры облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаттарына ие болды. Осынау салтанатты шарада облыстық кәсіби байқауларда жеңіске жеткен, биылғы ҰБТ бойынша ең жоғарғы нәтиже көрсеткен педагогтардың да мерейі үстем болып, оларға құнды сыйлықтар мен мақтау қағаздары берілді.
– Ұстаздық деген ерекше мамандық қой. Өзім ұстаздар отбасында туып-өскен соң ба, бұл мамандықты ерекше қадірлеймін. Әкем Бабағұмар Оқасов деген кісі Күршім ауданында 46 жылдай мұғалім болып еңбек еткен адам. Отбасында бірге туған апайларым мен ағаларым да ұстаздық жолды таңдады. Ал өзімнің бұл саладағы еңбек өтілім 30 жыл, – дейді «Ы. Алтынсарин» атындағы төсбелгіні кеудесіне қадаған Семей қаласындағы №8 балалар үйінің директоры Сержан Оқасов. Бүгінгі күні аталған балалар үйінде 3-18 жас аралығындағы 80 бала тәрбиеленіп жатқан көрінеді. Ол «ұстаз болу үшін ең алдымен, балаларды жақсы көру керек. Содан кейін керегі – шыдамдылық» дейді. Сержан Бабақұмарұлының сөзі біздің де көкейімізден шыққандай болды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button