Қоғам

Заманның өзі үздіксіз білім алуды талап етеді

Заманның өзі үздіксіз білім алуды талап етеді


Өскеменде өткен ғылыми конгресте АҚШ, Канада, Германия, Франция және Оңтүстік Корея ғалымдары ғылым-білім саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқыға салды. Маңызды іс-шара Қазақ-Американдық еркін университетінің жаңа оқу ғимаратында өтті.

Халықаралық конгресс ҚЕАУ президенті, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ережеп Мәмбетқазиевтың 80 жасқа толуымен сәйкес келгенін атап өткен орынды. Мерейтой иесіне арналған жылы лебіздер отандық және шетелдік әріптестері, облыс басшылығы, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың тарапынан айтылды. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің құттықтау хатын оның орынбасары Әсем Нүсіпова оқып берді.

– Елімізде Сіздің ғалым, ректор және қоғам қайраткері ретіндегі сан қырлы әрі жемісті қызметіңізді жоғары бағалайды. Тәуелсіздік жылдары елде үздіксіз білім берудің тиімді моделі қалыптасты. Бұл ретте егемен Қазақстанның тұңғыш білім министрі ретіндегі Сіздің де үлесіңіз көп. Сіздің аса бай өмірлік және кәсіби тәжірибеңіз халықаралық серіктестік университетін құруға ықпал етті. Бүгінде Сіз басқарып отырған Қазақ-Американдық еркін университеті өзінің инновациялық қызметіне өңіріміздегі педагогтарды, ғалымдарды, бизнес, өндіріс кәсіпорындары, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар өкілдерін белсенді тартып отыр. Сізге мықты денсаулық, бақ-береке және ел игілігі үшін қолға алған барша бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! – делінген құттықтау хатта.

Салтанатты жағдайда Ережеп Мәмбетқазиевтың иығына шапан жабылды. Сондай-ақ ұстаздардың ұстазына тек облысымыздың ғана емес, бүкіл еліміздің білім саласына қосқан өлшеусіз үлесі үшін алтын медаль табысталды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа маған білдірген сенімі және көпұлтты мемлекетіміздің қалыптасу кезеңінде Ғылым министрлігін басқару мүмкіндігін бергені үшін айтар алғысым шексіз! Президентіміз сондай-ақ 23 үшін жыл бұрын ҚАЕУ-дің ашылуына өзі келіп қатысты, келесі сапарында алғашқы түлектерімізге дипломдарды өз қолымен табыс етті. Үштілділік бағдарламасы енгізілгеннен көп бұрын біз республикада алғашқы болып көптілді мамандарды дайындай бастадық. Қазіргі кезде жоғары оқу орнымыздан 11 мыңнан астам түлек ұшырылды, олардың төрт мыңдайы шет елдерде еңбек етуде. Біз көшбасшыларды баптау бағытында едәуір тәжірибе жинақтадық. Осының бәрі де Нұрсұлтан Назарбаевтың және шетелдік әріптестердің жан-жақты қолдауы арқасында мүмкін болып отыр, – деп ой бөлісті Ережеп Мәмбетқазиев.

Конгресс барысында АҚШ, Канада, Корея және Германиядан келген ғалымдар өз елдерінің тәжірибелері турасында баяндады. Олардың айтуынша, қазіргі кезде бүкіл әлемде ең алдымен өздігінен ойлана алатын, дербес шешім қабылдай алатын тұлға тәрбиелеуге ден қойылуда, Елбасымыздың айтып жүргені де осы.

– Бүгінгі таңда барлық салада автоматтандыру процесі жүріп жатыр. Заманауи технологиялар күнделікті өмірімізге дендеп енуде. Бұл аға буын компьютерлік технологияларды қалыспай меңгеруі, ал жастар бәсекеге қабілетті әрі кәсіби тұрғыда озық болуы тиіс дегенді білдіреді. Қазіргі кезде бізге тығыз ынтымақтасу қажет, себебі келешекте оқу орындары қазіргідей дара жолмен емес, ғаламдық жолмен дамитын болады, – деп әріптестікке, өзара қарым-қатынас орнатуға үндеді «Strategic Resources Group» корпорациясының директоры Роберт Робак.

Неміс тілін оқитындарға шәкіртақы тағайындайтын германиялық ДААД қорының Қазақстандағы өкілі Барталамеус Минковски қазіргі білім беру жастық кезеңмен шектелмей, бүкіл өмір бойы жалғасуы керек екенін баса айтты. Еуропада дәл солай, жұмыс орындары қысқаруда, жасы 40-тан асып қызметінен айырылғандар сұранысы бар мамандықты меңгеріп, әрі қарай еңбек ете береді, себебі басқа жол жоқ, қазіргі технология заманының талабы – осы. Ендеше біздің болашақ жастарға жай ғана жоғары білім жөніндегі диплом алып шығуға емес, нағыз кәсіби маман, өз ісінің кәнігі шебері атануға тырысу керек.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button