Қоғам

Ырғызбай кесенесі мемлекет қамқорлығына алынды

Ырғызбай кесенесі мемлекет қамқорлығына алынды


Тарбағатай ауданын орналасқан Ырғызбай Досқанаұлының кесенесі биылдан бастап толық мемлекеттің қамқорлығына алынды. Бұған дейін 16 жыл бойы демеушілер көмегімен жаңғырту жұмыстарын ұйымдастырып, кешенге қараушы болып келген Болат Тағабай мемлекетке еш ақысыз өткізіп берді.

Өңірімізде 18-19 ғасырларда өмір сүріп, көріпкелдігімен, емшілігімен, сынықшылығымен есімі елге кеңінен танылған дала дәрігерінің мәңгілік мекенін қайта абаттандырып, тиісті инфрақұрылымдарды тарту үшін облыстық бюджеттен 55 млн. теңге қаражат бөлінген. Оның бес млн. теңгесі жылына бес мыңға тарта адам келіп тәу етіп, мінәжат қылатын әулие ата кесенесіне жарық жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қарастырылып отыр.

Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің және «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Ырғызбай ата кесенесіне жасаған арнайы сапары барысында айтылды.

Қасиетті мекенге табан тіреген мәртебелі меймандар осындағы «Аманат» мұражайын аралап, онда еліміздің және әлемнің әр қиырынан жинақталған 600-ден астам тарихи құнды жәдігерлерді тамашалады. Бұлардың дені ХІХ-ХХ ғасырларда қазақ халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігінде кеңінен қолданыста болған тұрмыстық заттар. Тіпті, 5-6 ғасырлардың жәдігерлері де кездеседі. Ежелгі тас диірменді де, түрлі келілер мен торсықтар, ұлттық нақыштағы бесікті де, білтелі мылтықты да, қанжарлар мен қылыштарды да, қақпанның түр-түрін, көне ұлттық музыкалық аспаптарды, ұсталық құралдарды, алтын жіппен тоқылған парсы кілемін осы жерден көруге болады.

Облыс әкімі ұйымдастырушыларға осының бәрін мұражай талаптары мен ережелеріне сай реттеп, ғимаратын талапқа сай жаңғырту, абаттандыру керектігін ескертті. Ал Мұхтар Құл-Мұхаммед Тарбағатай өңірінде өз заманында елге танымал адамдардың, белгілі билердің бейіттері өте көп екенін, соларды облыстық мұражайлардан, ұрпақтарынан анықтап, бір ізге түсіруді, кейінгі ұрпаққа насихаттау қажеттігін айтты.

Үш ғасырлық кітаптар да бар мұнда

Үлкен кешеннің қонақтар соқпай кетпейтін бір бөлігі – «Дала даналары» кітапханасы. Кітапхана қорында бүгінде 2600-ден астам кітап бар. Олар халық емшілігі, дәрігерлік, діни, анықтамалық әдебиеттер, саяси, балалар, көркем, әлемдік, классикалық әдебиеттер болып жеке-жеке топталған.
Құнды жәдігерлер ретінде мұнда төте жазумен және арабша жазылған, өткен ғасырларда шығарылған 500-ге тарта діни әдебиеттер жинақталған. Арасында шыққанына 300 жыл болған кітаптар да бар.

Ырғызбай кесенесі мемлекет қамқорлығына алынды

Кітапханадағы көне діни кітаптарға ерекше қызығушылық танытқан Мұхтар Құл-Мұхаммед мұндағы әрбір діни кітаптың қысқаша паспортын әзірлеу керектігін жеткізді.

– Мыналардың бәрі қолға түсе бермейтін өте сирек дүниелер екен. Көпшілігі өткен ғасырларда Ташкент, Қазан, Уфа, Семей қалаларындағы баспалардан жарық көрген кітаптар. Алайда, мұнда келушілер төте жазумен, араб әрпімен жазылған кітаптарды түсіне бермейді. Сондықтан өңірдегі жоғары оқу орындарынан ғалым-мамандарды арнайы шақырып, әр кітапқа қайда, қашан шыққаны, не жазылғаны, авторы кім екені туралы шағын анықтама жасау керек. Осы шаруаны жеделдетіп қолға алыңыздар. Сонда кітаптардың құны еселене түседі, – деді ол.

Келесі ретте облыс әкімі мен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары кешен аумағындағы абаттандыру жұмыстарымен танысты. Тарбағатай ауданы әкімінің құрылысқа жауапты орынбасары Асхат Смаиловтың мәлімдеуінше, жергілікті мердігер «Бота» ЖШС қолға алған абаттандыру жұмысы алдағы қазан айының соңында толық аяқталады.

– Үш мың шаршы метр жерге үш деңгейлі тақта-тастар төселіп, аумақ толық қоршалады, жасыл желекпен көмкеріледі, көгал болады. Осы абаттандыруға бөлінген 50 млн теңге мақсатқа сай уақытымен жұмсалуда. Алда енді кешенді тұрақты жарықтандыру мәселесі тұр. Ол үшін 36 шақырым жердегі Базар ауылынан жарық тарту үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге бес млн теңге облыстан бөлінді. Құжат қазан айында мемсараптамадан шыққан соң облыс әкіміне ұсынылады. Осыдан екі ай бұрын аймақ басшысы келгенде, бұған дейін демеушілер салған мешітті, кітапхананы, мұражайды, 100 орындық қонақ, үй кешенін мемлекетке алуға тапсырма берген болатын. Ол тапсырма толық орындалды. Жердің иесі Болат Құнанбайұлы өз еркімен жері мен осындағы ғимараттарды еш ақысыз коммуналдық меншікке толық өткізіп берді. Оларға тиісті құжат жасалған соң, ауданнан қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Келер жылы ағаштар егіп, көгалдандыруды толық аяқтаймыз. Нәтижесінде бұл жерде кішігірім саябақ пайда болады. Себебі, бұл елімізден, шетелден қонақтар көп келетін киелі жер болғандықтан, атамыздың кесенесі барлық талапқа сай болуы тиіс, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Абаттандыру жұмыстарын аралап көрген облыс әкімі Даниал Ахметов жауапты мердігер мекеме басшысы Қайрат Қожахметовке мұндағы құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыруды әрі сапалы жүргізуді тапсырды.

– Облыс әкімі Даниал Ахметов Ырғызбай кесенесін қайта жаңғыртуға үлкен қолдау көрсетіп қаржы тауып беріп отыр. Ал ауданның алдында тұрған міндет – Ырғызбай Досқанаұлы туралы деректер базасын қалыптастыру. Ол үшін әр жердегі мұражайларды ақтарып, нақты ресми мәліметтер іздеу керек. Әсіресе, Семейдің облыстық мұражайын қарау керек. Алынған мәліметтерді аңыздан аршып алып, нақты тарих жасау қажет, – деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Ақсуаттың абыройы асқақтап тұр

Тарихи нысанның мемлекет қамқорлығына алынуына айрықша үлес қосқан жандардың бірі, жыл сайын Ақсуат ауылында дәстүрлі түрде өтетін Ырғызбай Досқанаұлы атындағы халықаралық турнир идеясының авторы, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы Бәделхан Камалханұлы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ел көңілін серпілткен бастама болғанын айтады.

-Ырғызбай Досқанаұлы атындағы халықаралық турнир биыл Әлем Кубогы дәрежесінде ұйымдастырылғанын білесіздер. Мәртебелі турнирдің алдында облыс әкімі Даниал Кенжетайұлына кіріп, осы сайыс жөнінде, әулие кесенесі туралы айтқанымда, ол кісі бірден қызығушылық танытып, бар жұмысын тастап, ұшақпен осында арнайы келіп, тарихи нысанды тамашалап, мемлекет қамқорлығына алу қажеттігін айтты. Міне, көп уақыт өтпей әулие кесенесі мемлекет қарамағына берілді. Кесенені абаттандыруға облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Осы елдің азаматы ретінде құнды мұрамызға құрмет білдіріп жатқан аймақ басшысына зор алғысымды айтамын, – дейді өнер, спорт жанашыры.

Бір кездері әйгілі Құнанбайды емдеп жазған Ырғызбай әулие жайында сөз қозғағанда тұлға атындағы дәстүрлі турнир турасында айтпауға болмас. Ұлтымыздың төл өнері – қазақ күресін әлемдік деңгейде насихаттап жүрген Бәделхан Камалханұлы әулие есімін ұлықтау бағытындағы игілікті шаралардың қалайша бастау алғанын тебірене еске алады.

-1990 жылдары Серік Апрымовтың «Ақсуат» деген фильмі экранға шыққаны белгілі. Ол уақытта Алматыда қызмет істейтін едім. Бір күні бір жерде қонақта отырып әлгі фильмді көріп қатты ыңғайсыздандым. Шын мәнінде, бұл кино Ақсуатта емес, Сарыөзектің Кербұлақ ауданының бір фермасында түсірілген екен. Алайда бұл фильм ел-жұрттың Ақсуатқа деген көзқарасын күрт өзгертіп, тіпті біздің елге қыз бермейтін жағдайға дейін жетті. 2000 жылдардың басында қызмет бабымен ел жаққа ауысқанда ең әуелі ойыма келгені – өсіп-өнген мекенді өркендетіп, мерейін асқақтату болды. Содан ойлана келе аудан жұртшылығына, кәсіпкерлік саласында жүрген аға-інілеріме қазақ күресінен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы турнир өткізу қажеттігін айтқанымда бәрі бірдей қолдады. Сол кездегі облыс басшылығы да бұл ойымды құптады. Әуелгі жылы жарысты облыстық деңгейде өткіздік. Келесі жылы халықаралық дәрежеде ұйымдастырдық. Бірақ халықаралық деңгейдегі турнир өткізу үшін қонақүй керек екен. Содан марқұм өткен ең үлкен ағам Дәлелхан Сабуров бастап кеткен істі аяқтап, Ақсуатта 70 орындық қонақүй салдық. Ол жылы турнирге 10 мемлекеттен балуандар келді. Бәрі ойдағыдай өтті. Бір ғана дүние жаныма батты – Ырғызбай ата кесенесінің тозып тұрғандығы. Үйдегі аға-інілеріммен ақылдаса келе, кесенені өз отбасымыздың қаржысына толықтай күрделі жөндеуден өткізейік деген шешімге келдік. Сөйтіп, Баянауылдан 25 «Камаз» тіркемесімен көк тас алдырып, 10 адам 50 күнде қашап шығып, кесенені елге ұялмай көрсететіндей етіп жасадық. Одан кейін турнирді екі жыл қатарынан Гран-при деңгейінде өткіздік, әлемнің 20-дан астам мемлекетінен білекті балуандар келді. Биыл Әлем Кубогы дәрежесінде ұйымдастырып, дүние жүзінің төрт құрлығынан 30-ға жуық спортшылар келді. «Қазцинк» компаниясы мен «Титан-магний комбинаты» турнирге демеуші болды. Бір таңданарлығы, биыл дүбірлі доданы екі миллионнан астам көрермен тамашалапты. Халықаралық дәстүрлі күрес түрлері қауымдастығының (FILA) комитет төрағасы Гентаутас Вилейта мұның әлем күресі тарихында ауылда өтіп тұрған тұңғыш Әлем Кубогы екенін айтса, академик Ғарифолла Есім: «Ақсуат бүгін ұзатылған қыз сияқты болып тұр» деп таңданысын жасыра алмады. Расында, бүгінде Ақсуат адам танымастай өзгерді. Туған жерді түлету үшін осындай қадамдар жасалды, – дейді Б.Камалханұлы.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button