«Дидардың» қонағы

Ырысбек АТАШЕВ, «Арай» тобының мүшесі: – Өнердің әр саласында бағымызды сынап көргіміз келеді

Өскеменге қазақ эстрадасының жұлдыздары Нұржан Керменбаев, «Арай» тобы, «Accord» триосы және Апош келіп, «Үлбі» мәдениет сарайында концерт беріп қайтты. Шығысқа гастрольдік сапармен аялдаған шығармашылық топ облыс орталығына ат басын тіремес бұрын Аягөз, Семей қалаларында да болып, концерт қойыпты. Концерттен кейін «Арай» тобының талантты өнерпаздары – Ырысбек Аташев пен Медет Көжекбаевпен сұхбаттасудың сәті түскен-ді.

Ырысбек АТАШЕВ, «Арай» тобының мүшесі: – Өнердің әр саласында бағымызды сынап көргіміз келеді

«Арай» – «А-студио» тобының
алғашқы атауы


– Әңгімемізді көпшілікті ойландырып жүрген сауалдан бастасақ. Топтың «Арай» деп аталуының себебі неде?

– Негізі біз алғаш құрылғанымызда «Арна» деген атаумен шықтық, кейін продюсерімізден ұсыныс түсіп, топтың атын «Арай» деп өзгерттік. Топ аты өзгергенімен құрамы сол қалпында қалды. Бүгінгі күні «Арай» тобы атанғанымызға 2 жыл толды. Топ атауын өзгертер алдында көптеген нұсқалар болды, әркім әртүрлі ұсыныстар айтып жатты. Ойлана келе «Арай» деген атауға тоқтадық. Бірақ, алғашында, сөздің шыны керек, «Арай» деген атауға біз де келісе қойған жоқпыз. Себебі, халық алдына осы атаумен алғаш шыққанымызда «Арай» қыздың есімі емес пе?» деген секілді көптеген сауалдардың қойылғаны рас. Бірақ бұл сөздің мағынасына терең үңіліп қарайтын болсақ, «Арай» деген еліміздің мақтанышы, танымал өнерпаздар «А-студио» тобының алғашқы атауы болған. Сол аға-әпкелеріміздің жолын бізге берсін деген ниетпен топтың атауы «Арай» деп аталды.

– Ал топ негізінен кімнің идеясымен құрылды?

– Медетке ұсынысты білдірген мен едім. «Медет бауырым, дауысың жаман емес секілді, бірге ән айтсақ қалай қарайсың?» деген ұсынысыма ол қарсылық танытқан жоқ. Содан бері сахна төрінде бірге келеміз.

– Сахна төрінде бірге жүргендеріңізге неше жыл болды?

– Бірге жүргенімізге 7 жылдай уақыт болып қалды, ал топтың құрылғанына биыл – 5 жыл.

– Бүгінде дуэт, трио, квартет болып ән салып жүрген әріптестеріңіз өте көп. Топ болып құрылған соң сіздер олардан қалайда ерекшелену керексіздер ғой. Қай жағынан ерекшеленеміз деп айта аласыздар?

– Біз қазіргі таңда түрлі бағытта әндер жаздырып, жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз. Әркімнің көзқарасы әртүрлі ғой. Біздің алға қойған үлкен мақсаттарымыздың бірі – ол рок болсын, аренби болсын, джаз болсын, әр стильдің өзіндік ерекшеліктерін көрсете отырып сахнаға алып шығу. Осындай жолмен өзгелерден ерекшеленгіміз келеді. Сондай-ақ, бұған дейін тек қазақи бағытта ән салған болсақ, Сәкен Майғазиев ағамызбен орындаған «Сен» атты дуэттен кейін репертуарға қосар әндерге эксперименттер жасап, эстрадаға жаңашылдық әкелудің жолын іздеп жатырмыз. Сол жағынан алғанда өзгелерден ерекшеленеміз бе деп ойлаймыз.

Тойда ән салғанның айыбы жоқ


– Дегенмен, ел арасында «Арай» көбінесе тойдың әндерін айтады» деген пікір бар. Бұған не дейсіздер?

– Той – халықтың қазынасы емес пе! Керісінше, әндеріміз той-томалақта шырқалмаса, өкінетін едік. Біз шетелдік әншілер секілді альбом шығару арқылы пайда таба алмаймыз. Клип түсірсек, керісінше, үлкен шығынға ұшыраймыз. Сондықтан біздің негізгі табыс көзіміз – той. Тойда ән салғанның айыбы жоқ. Шақырған жерден қалмаймыз. Биыл Алматыға келгенімізге жеті жыл болады. Осы уақыттың ішінде мейрамханада да ән салдық, тойға да шықтық. Біз мұны айтудан арланбаймыз. Неге десеңіз, кез келген әнші бұл жолдан өтеді.

– Өнер жолына түскеннен бері кімдермен тығыз шығармашылық байланыс құрып үлгердіңіздер?

– Бәрімен десек те болады. Бірақ эстрадада жүрген «Жігіттер» квартеті, «НұрМұқасан», сондай-ақ, «МузАрт» тобындағы ағаларымызбен етене араласып, шығармашылық жағынан болсын, басқа да мәселелер төңірегінде кеңес алып, ақыл сұрап отырамыз. Сондай-ақ, ерекше қамқорлығымен бізді өз қанатының астына алып жүрген ағаларымыздың қатарында әнші, композитор Ұлықпан Жолдасов та бар. Әрине, бұл азаматтарға өз тарапымыздан айтар алғысымыз шексіз.

– Шырайлы Шығыс еліне келгендегі мақсаттарыңыз?

– Ғаламторда отырғанда «Біздің өңірге қашан келесіздер?», «Неге келмедіңіздер?», «Концерт беріп қайтсаңыздар екен!» деген ұсыныстар мен сауалдар түсіп жатады. Шығысқа келуімізге де сол өтініш-тілектер себеп болды. Сонымен қатар, осы өңірде де біздің тыңдармандарымыз, жанкүйерлеріміз болғандықтан олардың да көңілдерін қалдырмай, жетпей жатқан әндерімізді жеткізу мақсатында арнайы келген жайымыз бар. Кенді өлкені шаттыққа бөлесек деген оймен жолдасымыз Нұржан Керменбаев, жаңадан танылып келе жатқан «Accord» триосымен Алтай өңіріне келіп отырмыз. Бізді күткен көпшіліктің де көңілдері көтеріңкі секілді. Тыңдармандарымыздың бізді өздері шақырып, осылай асыға күткендері, олардың ыстық ықыластары бәрімізге ерекше серпін береді. Айта кетеріміз, Шығысқа осымен екінші мәрте келіп отырмыз.

– Қай ән арқылы көпшілікке танылдық деп айта аласыздар?

– Бұл сауалыңыз турасында әртүрлі пікір айтылады. Бір жерде «Кешір жаным» атты әндеріңіз мықты дейтін болса, енді бір жерде «Сенің қою қара шашың» әні сәтті шыққан деп жатады. Ал өзіміздің көзқарасымыз бойынша бізді жақсы танымал еткен ән Сәкен Майғазиевпен орындаған «Сен» атты дуэтіміз деп ойлаймыз. Өйткені, сол әнмен бізді көптеген жерлерге шақыртып жатады. Дегенмен, біз не десек те халық өзіне ұнағанын тыңдайды ғой.

Алдымен сөзге, одан кейін әуенге көңіл бөлеміз


– Ән таңдағанда сіздерге оның сөзі маңызды ма, әлде, әуені ме?

– Екеуіне де ерекше мән береміз. Дегенмен, сөздің мағыналығы біз үшін алдыңғы орында тұрады. Себебі, біздің халық әр кезде сөзге ерекше мән берген, бүгінгі таңда да солай. Сондықтан алдымен сөзге, содан кейін әнге көңіл аударуға тырысамыз.

– «Сен», «Сен ғана», «Өзің ғана» деген тақырыптағы әндерді таңдаған себептеріңіз не?

– Алғаш шығармашылыққа келгенде біз көптеген композиторлармен жұмыс істеп көрдік. Оны да эксперимент деуге болады. Жаңағы «Сен ғана» секілді әндердің өкінішке орай сөзі керемет деп өзіміз де айта алмаймыз. Себебі, жұмыс істегеннен кейін бірақ білдік оны. Енді қазіргі таңда тек ақын Ринат Зайытовпен ғана жұмыс істеп жатырмыз. Сол бауырымыздың сөздері біздің көңілімізден шығып отыр. Ринаттың сөзіне жазылған әніміз жуықта ғана шықты. «Қайырлы түн» деп аталады. Біздің ойымызша, елімізде мұндай атаумен бұрын-соңды бірде-бір ән шықпаған. Бұл да бір жаңашылдық.

– Өздеріңізді жұлдызбыз деп есептейсіздер ме?

– Жоқ. Жұлдыз көкте ғана. Сондықтан жұлдыз ауруына шалдықтық деп те айта алмаймыз. Бірақ жұлдыз ауруына шалдыққандарды көзіміз көрді. Сондай азаматтарды көре тұра барынша қарапайым болып, олар жасаған қателікті қайталамауға тырысамыз.

– Тыңдармандарыңыз телефон шалып, жиі мазалайды ма? Мұндай жағдайлардан қалай шығасыздар?

– Иә, телефонға тыным жоқ. Барынша сабырлылықпен жауап беруге тырысамыз. Бірақ ұйықтап жатқан кезде, қарбаласқан жұмыс үстінде жасырын номермен звондап, үндемей тұратындар да бар. Сондай жағдайларда шалынған қоңырауды көтермеуге тырысамыз.

– Жұлдыз ауруына шалдыққан емеспіз дедіңіздер. Бірақ шалынған қоңырауға жауап бермеудің өзі сол жұлдыз ауруына шалдыққанның белгісі емес пе?

– Жоқ, әрине. Барынша дұрыс жауап беруге тырысамыз ғой. Бірақ қоңырау шалып, үндемей тұратындары ызаландырады. Үнемі қарбалас жұмыста жүргендіктен ондай қоңыраулардың бәріне жауап беруге уақыт тапшы. Ал ондай «үндеместердің» біздің номерді қайдан тауып алатындары әзірге өзімізге де жұмбақ болып отыр.

– Біздің білуімізше, сіздерді танымал еткен «Саз әлемі» байқауы. Бұл пікірге келісесіздер ме?

– «Саз әлеміне» дейін жұмысымыз қалай болса, одан кейін де солай жүріп жатыр. Бұл байқауға дейін де еліміздегі өңірлердің бәріне концертпен барып жүрдік, хаттар да келіп жататын.

– Сахналық киімдеріңізді қадағалайтын арнайы стилиспен жұмыс істейсіздер ме?

– Иә, Жарас деген бауырымыз бар. Сол жігіт біздің сахналық киімдерімізді қарап, стилімізді қадағалап жүреді.

Репертуарымызда жиырмаға жуық ән бар


– Өздеріңіз кімді үлгі тұтасыздар?

– Біз Мұқасан ағамызды үлгі тұтамыз. Ол кісінің қайсар мінезділігі, өзін-өзі ұстауы ұнайды және Сәкен ағамызды ерекше құрметтейміз. Осы екі кісіні үлгі тұтып, өзімізге жақын тартамыз. Осы ағаларымыздан көп нәрсені үйреніп, үлгі алуға болады.

– Қазір репертуарларыңызда бас-аяғы неше ән, неше клип бар?

– Репертуарымызда 20-ға жуық ән, 5 клип бар әзірге. Жеке альбом шығарамыз дегенімізге де біраз уақыт болып қалды. Бірақ жаңа әндермен толығып жатқанымыздан әзірге күте тұруды жөн көрдік.

– «Киноға түсіп, актерлік қабілетімізді байқап көргіміз келеді» деген екенсіздер. Бұл тілектеріңіз орындалды ма?

– Шүкір, тілегіміз ретіне қарай жүзеге асып жатыр. «Ел арна» ұсынған бірнеше мерекелік жобалар мен қысқа метражды фильмдерге түсіп, бұл саланың да өзіндік дәмін татып көрдік. Өнердің әр саласында өзімізді сынап көргіміз келеді. Әйтпесе, екеуміз де Алматыдағы Чайковский атындағы колледждің әншілік бөлімін бітіргенбіз, яғни, бұл саладағы арнайы біліміміз жоқ.

– «Екі кеменің басын ұстаймыз» деп жүріп, әншілік жолда қалар деп қорықпайсыздар ма?

– Қайта қазіргі таңда әншілік өнерімізді одан әрі жандандырып жатырмыз. Сәкен Майғазиев ағамызбен бірігіп «Сен» деген жаңаша бағыттағы әнге бейнеклип түсірдік. Бүгінде сол клип көрермендердің көңілінен шығып, еліміздің жетекші арналарынан беріліп жүр. Өнердегі тағы бір әріптесіміз Ерке Есмаханмен үш дауыста «Махаббат бекеті» фильмінде орындалған Төлеген Мұхамеджановтың сазына сөз жазып, үлкен сахнаға алып шықтық. Тағы да махаббат тақырыбындағы бірнеше әніміз студияда жазылып бітті.

– Әңгімелеріңізге рақмет!

Әңгімелескен –
Меруерт Молдағалиева

Осы айдарда

Back to top button