Спорт

Халық ойындары дүркіреп өтті

Үржарда аудан әкімінің жүлдесі үшін ХІІІ халықтық ойындар өтті. Бұл жолы қатысушылар спорттың 19 түрінен өзара мықтыны анықтады.

Атап айтқанда, волейбол, футбол, жеңіл атлетика, қазақ күресі, қол күресі, үстел теннисі, дойбы, шахмат, гір спорты, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ, теңге ілу мен бәйге ұйымдастырылды.

Халық ойындарын аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов ашып, өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Бұл жарыстың ерекшелігі сол, бір мезетте ауданның бірнеше ауылында өтіп, жергілікті халыққа ерекше көңіл күй сыйлады. Мәселен, Ақжар ауылының Б.Тұрлыханов атындағы орта мектебінде шахмат, тоғызқұмалақ пен дойбыдан сайыстар ұйымдастырылса, аудан орталығы Үржарда гір спорты, қол күресі мен жеңіл атлетикадан жарыстар өтті.

Сол сияқты, спорттың басқа түрлерінен де жарыстар тартысқа толы болды. Ал бәйгеде оза шапқан жүйріктердің иелері аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов пен аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәрсенхан Қабдолдановтың қолынан түрлі марапаттарға ие болды. Жарыс соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар, грамотолар және медальдар табысталды.

Айта кетейік, қызықты да тартысты өткен спартакиадада бірінші орынды Қарабұлақ ауылдық округінің командасы жеңіп алса, екінші орынға Үржар округінің спортшылары көтерілді. Ал үздік үштікті елтайлықтар түйіндеді.

Өкен Есімбек

Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button