ЖаңалықтарСпорт

Азия ойындарының жүлдегерлеріне сый-құрмет көрсетті

Қытайда өткен құрлықтық додадан олжалы оралған бір топ спортшы мен олардың бапкерлерін облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов қабылдап, байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаған саңлақтарға қошемет көрсетті, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Еске салайық, аспан асты елінің Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия және Пара Азия ойындарында ұлттық құрама сапында Шығыс Қазақстан облысының спортшылары да өнер көрсеткен еді. Және жерлестеріміз бір емес, бірнеше медальға ие болып, жанкүйерлерін ерекше қуантып тастады. Өнерімен көзге түскендердің арасында жүзуден Пара Азия ойындарының қола жүлдегері Нұрәлі Советханов, ескек есу слаломынан жазғы Азиаданың күміс медалисі Анастасия Ананьева мен қола жүлдегері Александр Куликов, сондай-ақ осы спорт түрінен құрлықтық бәсекенің қола жүлдесін жеңіп алған Екатерина Таранцева да бар. Сонымен бірге бұл күні облыс басшылығы атынан сый-құрметке ие болғандардың арасынан үстел теннисінен бірнеше байрақты бәсекенің жүлдегері, Қытайдағы Пара Азия ойындарының қатысушысы Ардақ Нұрмағамбетов те табылды.

Әлбетте, мұндайда дүбірлі додадан жеңіспен оралған спортшылармен бірге оларды баптаған жаттықтырушылар да назардан тыс қалмайды. Бұл жолы да солай болды. Ел құрамасы сапында Сары құрлықтың кіл мықтысы қатысқан жарыста намысты қолдан бермей, бірнеше медаль алып қайтқан саңлақтарымыз бен бапкерлерді аймақ басшылығы атынан облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов құттықтады.

– Барлығыңызды жарқын жеңістеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Әрине, бұл жеңіс оңай келмегенін түсінеміз. Қай-қайсыңыз да жүлделі орыннан көріну үшін көп еңбектендіңіз, аянбай тер төктіңіз. Енді міне сол табан ет пен маңдай тердің өтеуін көрудесіздер. Негізі, спортта жетістікке жету үшін таланттың өзі аздық етеді. Спортшы деген темірдей тәртіпке бағынған, үлкен құрбандықтарға баруға дайын мінезді адам ғой. Сіздердің барлығыңызда мұндай қасиеттер бар. Сол себепті, түрлі деңгейдегі жарыстарда табысты өнер көрсетіп, жанкүйерлеріңізді қуантып жүрсіздер. Алдағы байрақты бәсекелерде де намысты қолдан бермейсіздер деп сенеміз. Сіздердің жетістіктеріңіз өзгелерге де тың күш-жігер сыйлайтындай. Жеңісті күндеріңіз көп болсын! – деп құттықтаған Д.Сапанов артынша спортшылар мен бапкерлерге алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті.

Осы айдарда

Back to top button