Қоғам

Велошабандоздар бақ сынады

Велошабандоздар бақ сынады


Биылғы қала күніндегі тосынсыйлардың бірі – Өскемен қаласы әкімдігінің және «Казцинк» ЖШС-нің ұйымдастыруымен өткен веложарыс болды.«Велосипедің болса – стартқа шық!» ұранымен өткен жарысқа велосипеді бар барлық қала тұрғындары, веломектеп спортшылары да қатысуға мүмкіндік алды.

Үш жас санаты бойынша өткен жарысқа мектеп оқушылары 14 жастан қатысса, жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері және ересектер жеке-жеке күш сынасты.

Веложарыс Республика алаңынан басталып – Орджоникидзе – Пермитин – Горький – Головков көшелерінен жүіп отырып үш айналымда өтті. Әрі қатысушылардың басым бөлігін жастар құрады.

Сайыс кезінде қатысушылар жарақат алып қалмас үшін және басқа да қолайсыз жағдайларды болдырмау мақсатында жекелеген топтарға бөлініп, сайысты.

– Мен қалада өтетін осындай веложарыстарға тұрақты қатысып келемін. Спорттың осы түрін дамытуға Өскеменде көп көңіл бөлінуде. Бұл өте қуанышты жағдай. Қатысушылардың арасында Риддер қаласынан келген әуесқойлар бар екен, – дейді жарысқа қатысушылардың бірі Алексей Овчинников.

– Веложарыс форматы барлық жастағы адамдар үшін, әсіресе жастар мен студенттерге қызықты. Бұл бір жағынан, жастарды спортқа баулу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Біздің компаниямыз жас өскемендіктерді спорттық жарыстардан жиі көргісі келеді және сол мақсатта үнемі қолдау танытады. Қалада жарыстар жиі өткізілетін болса, келешекте Өскеменде арнайы веложолдар мен мектептер жанында тұрақтар ашылуы мүмкін, – дейді «Казцинк» ЖШС әлеуметтік қолдау қызметінің бас маманы Елена Вотинцева.

Веложарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, дипломдармен және смартфон, теледидар, ноутбук секілді бағалы сыйлықтармен марапатталды. Оқушылар мен студенттер арасында жүлдегерлерге бірінші орынға айфон, екінші орынға ноутбук, үшінші орынға теледидар берілсе, ересектер арасындағы жеңімпаздарға теледидарлар тарту етілді. Бұдан бөлек «Ең жас спортшы», «Ең жарақталған», «Жеңіске деген ынтасы үшін», «Ең белсенді ересек тұрғын» аталымдары бойынша да қатысушылар марапатталды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button