Экономика

Қуатты компаниялардың акциясы сатылады

Президенттің халықтың қаржылық-инвестициялық сауаттылық деңгейін арттырып, олардың бағалы қағаздар нарығындағы мәмілелерге қатысуына ықпал ету туралы Үкіметке берген тапсырмасына орай елімізде «Халық ІРО» бағдарламасы жасалып отыр.

Қуатты компаниялардың акциясы сатыладыЕліміздің Экономикалық даму және сауда министрлігінің «Самұрық–Қазына» қорымен бірлесіп әзірлеген «Халық ІРО» бағдарламасы «Самұрық–Қазына» АҚ мен оның еншілес және тәуелді ұйымдарының акцияларын биржаға шығару арқылы Қазақстан азаматтарына саудалауға бағытталған. Ағылшын тілінен аударғанда «ІРО: InitialPublicOffering» – қандай да бір мемлекеттік компанияның өз акцияларын алғаш рет сатуға ұсынуы деген сөздердің қысқартуынан алынған.

Акцияны қалай сатып алуға болады? Облыс тұрғындары бағдарламаға қатысу үшін қайда барулары керек? «Халық ІРО» бағдарламасының қыр-сырын халыққа жеткізетін дәріскерлер тобын дайындау мақсатында Өскеменде өткен семинар-тренингте «Самұрық–Қазына» қорының өкілі Марина Мальцева акция сатып алуға байланысты осы және өзге де сауалдарға жауап беріп, бағдарламаның мақсатын түсіндірді. Екі күндік оқыту сабағына Семей мен Өскеменнен, аудандардан барлығы 42 адам қатысып, осы бағдарламаның дәріскері атанды. Енді олар халыққа бағдарламаны түсіндіріп, насихаттау шараларын жүргізбек.

Биыл «Самұрық–Қазына» АҚ «ҚазТранс Ойл» компаниясының акциялары саудаға шығарылмақ. Алдағы төрт жыл ішінде бағдарламаға мемлекеттің ең бай делініп отырған 10 компаниясы қатысып, олардың акциясын 160 мыңнан астам адам сатып алатыны болжанып отыр.

Бүгінгі уақыт көрсетіп отырғандай, қазақстандықтар қор нарығындағы бағалы қағаздарды инвестициялау мүмкіндігіне, яғни, оларды сатып алып, дивиденд алуға, қайта сатып, одан пайда түсіруге немқұрайлы болып отыр. Әрі кетсе, қаражаттарын банктегі депозиттерге салады, көлік немесе пәтер сатып алады. Одан қалса, артылған ақшаны көрпенің астына салып қойып, қанағат тұтады.

– Әрине, акцияларды сатып алу жедел пайда әкелмеуі де мүмкін. Кез келген қаржы нарығы, оның ішінде қор нарығы бір орында тұра бермейтіні анық. Сондықтан акциялардың құны өсіп қана қоймай, төмендеуі де мүмкін. Қай кезде де акцияны сатып алушы тұлға тәуекелге барады. Бірақ дәл қазіргі бағдарлама бойынша халыққа ұдайы даму үстінде келе жатқан, оң қаржы нәтижелерін көрсетіп отырған компаниялар мен кәсіпорындардың акциялары ұсынылмақ. Сондықтан бағдарлама халықтың табысқа қол жеткізіп, ел экономикасының дамуына атсалысуына шынайы мүмкіндік туғызуды көздейді, – дейді «Самұрық– Қазына» АҚ ұлттық компаниясының өкілі М.Мальцева.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button