Денсаулық сақтау

Түркиялық дәрігерлер шеберлік сыныптарын өткізді

Түркиялық дәрігерлер шеберлік сыныптарын өткізді


Облыстық ана мен бала орталығында Түркияның неонатолог мамандары, озық клиникаларының профессорлары шығысқазақстандық дәрігерлерге арнап жаңа туған нәрестелерге реанимациялық көмек көрсетудің шеберлік сыныптарын өткізді. Облыстың 80-нен астам акушер-дәрігер, гинеколог, неонатолог мамандары тек теориялық білім алып қоймай, манекендерде дағдыланып үйренді. Жоба «Tika» түрік ынтымақтастық агенттігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

-Облыс әкімі өңірдегі ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендетуді бірінші кезекке қойған болатын. Осы тапсырманы орындаудың кешенді бағдарламасы жасалған. Дәрігерлерімізді Еуропаның озық клиникаларына білімдерін жетілдіруге жіберу, шетелдің тәжірибелі дәрігерлерін елімізге шақырып, шеберлік сыныптарын өткізу, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу қолға алынған-ды. Үш күн бойы біздің орталықта түрік әріптестеріміз шеберлік сыныптарын өткізді. Шетелдік мамандар отандық дәрігерлерді жаңа туған нәрестелерге диагностика қою мен реанимациялық көмектің жаңа әдістері мен тәсілдеріне үйретті. Біз оқыту семинарларына өңірдегі барлық емдеу мекемелерінен 80-нен астам мамандарды шақырдық, – деді облыстық ана мен бала орталығының бас дәрігері Ермек Омарбеков.

Түркия елінде осыдан 15-20 жыл бұрын бала өлімі мейлінше жоғары болыпты, мың жаңа туған нәрестенің 60 пайызы ғана аман қалып отырған. Озық технологияларды енгізу нәтижесінде бүгінде бала өлімінің деңгейі мың жаңа туған нәрестеге шаққанда 4,5-ке дейін түскен.

-Біз бұл жерде реанимациялық көмектің алғашқы қадамдарына үйретеміз. Жаңа туған шарананың өмірінде алғашқы минут өте маңызды. Осы 30 секундтың ішінде бала тұншығып өлмес үшін қолдан келгеннің бәрін істеу керек. Әлемде 4 миллионнан астам жаңа туған нәресте алғашқы сәттегі асфиксияның( тұншығу) салдарынан көз жұмады, – деп түсіндірді Стамбулдағы Умрания ғылыми-зерттеу орталығының педиатры, доцент Ширин Гювен.

Түркиядан келген делегацияның құрамында Стамбулдағы Хасеки ғылыми-зерттеу орталығының неонатологы, доктор Демет Огуз, Зейнеп Камиля клиникасы ғылыми-зерттеу орталығының профессоры, неонатолог Дерья Бугоккайхан және Умрания ғылыми-зерттеу орталығының педиатры, доцент Ширин Гювен бар. Барлығы сегіз шетелдік маман бұған дейін еліміздің Астана, Талдықорған, Ақтөбе, Түркістан қалаларында болып, оқыту семинарларын ұйымдастырыпты. Үш күндік оқыту бағдарламасының аясында барлығы 350 қазақстандық маман білім көкжиектерін кеңейтіп, жаңа әдістерді меңгерген. Ширин Гювеннің айтуынша, тыңдаушылар сегіз сабақта тәжірибеде кездесуі мүмкін қиын мысалдарға тоқталып, дәрігер дұрыс шешім қабылдауға тиіс жағдайларды талдаған. Шеберлік сыныптары барысында шығысқазақстандық мамандар жаңа туған нәрестелерге тиімді реанимациялық көмек көрсетіп, оларды күтудің жаңа әдістерін меңгерді. Семинар соңында дәрігерлерге халықаралық үлгідегі арнайы сертификаттар тапсырылды.

«Tika» түрік ынтымақтастық агенттігі Қазақстанда ширек ғасырдан бері денсаулық сақтау, туризм, экономика және басқа да салаларда тығыз байланыс орнатқан ұйым.

– Біз Қазақстан мен Түркия арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында қазақстандық дәрігерлермен өз тәжірибемізбен тегін бөлісеміз, – деді «Tika» жобасының Қазақстандағы жауапты өкілі Гулназ Челик. – Екі елдің тарихы, түп тамыры бір. Сол себепті біз кез келген мемлекеттік құрылымға қатысты өз көмегімізді беруге дайынбыз. Біздің ұйым әлемнің 56 елінде әртүрлі жобаларды жүзеге асырып келеді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button