Қоғам

Тіркеу-емтихан бөлімінің жұмысында жариялылық жоқ

Тіркеу-емтихан бөлімінің жұмысында жариялылық жоқ


Облыс орталығына сапармен келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев бірнеше мемлекеттік мекемелерді аралады.

Лауазымды қонақ жергілікті шенеуніктермен бірге тұрғындардың сұранысына ие қызмет түрлерін көрсететін облыстық ана мен бала орталығы, халыққа қызмет көрсету орталығы, облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасындағы тіркеу-емтихан бөлімінде болып, халыққа қызмет көрсету сапасымен танысты. Тұтынушылар тексерушілерге кезектің көптігі мен қызмет көрсету сапасының төмендігіне қатысты өтініштерін білдірді.

Облыстық әкімшілік полиция басқармасындағы тіркеу-емтихан бөліміне келгенде төрағаның орынбасары айыптарды төлейтін және нөмірлерді беретін терезелердің қара пленкамен жапсырылғанын көрді.

-Неге мына жердің барлығы жабық? Тұтынушылар терезенің арғы жағында қызметкерлеріңіздің не істеп жатқанын көрмейді. Мүмкін ол жерде өздері ғана түсінетін бір істер жүріп жатқан шығар. Бұл мәселе сіздерде осыған дейін де көтерілген еді ғой, – деді А.Шпекбаев.

Естеріңізге сала кетейік, маусым айында сыбайлас жемқорлыққа күрес жариялаған қоғам белсендісі Төлеген Байғұлов облыс орталығына келген сапарында осы фактіні көріп, шығысқазақстандық полицейлердің жұмысына сын айтқан болатын. Қоғам белсендісі мен облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бірлесе қимылдап, сол жолы қара пленкалар алынып тасталған-ды.

Алайда, бірнеше күннен кейін бәрі орнына қайта келген болатын. Бұл мәселе қоғамдық кеңестің отырысында да талқыланғанына қарамастан, әкімшілік полиция басқармасының басшылығы ешқандай қорытынды шығармаған. Осы жолы да бұл кемшіліктің жойылар-жойылмасын уақыт көрсетер.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button