Қоғам

Тоғызының да қанжығасы майланды

Тоғызының да қанжығасы майланды


Қызылорда қаласында кикбокстан республикалық турнир өтті. Жекпе-жек өнерінің кілең сүт бетінен шыққан қаймақтары жиналған дүбірлі бәсекеге облыс атынан тоғыз спортшы қатысып, тоғызы да олжалы болды.

Жалпы саны жүзден аса кикбоксшы бақ сынаған бұл турнирде 29 комплекті медаль сарапқа салынды. Жарыс фулл-контакт және К-1 деп аталатын екі түрі бойынша ұйымдастырылды. К-1 түрінде ұлдарымыз үш бірдей алтын медальға қол жеткізді. Атап айтқанда, семейліктер 54 кг дейінгі сламақта Михаил Иванченко, 67 кг дейінгі салмақта Қанағат Нұрғалиев, 71 кг дейінгі салмақта Берік Халықов жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді. Ал дәл осы бөлімде 63,5 кг дейінгі салмақ дәрежесінде сайысқан Нұрсұлтан Мамықанов күміс жүлдені қанағат тұтты.

Сондай-ақ, фулл-контакт санатында өнер көрсеткен Тимур Ганза мен Әсет Қасымов қола медаль иегерлері атанды.

Қыздар арасындағы фулл-контакт санаты бойынша жекпе-жекте өскемендік Әйгерім Рахат (56 кг) күміс медальды мойнына тақты. Айта кетейік, биыл көктемде Әйгерім осы спорт түрінен ел біріншілігінде топ жарып, чемпион атанған болатын.

Сыр еліндегі турнирде Шығыстың намысын қорғаған тағы бір жерлестеріміз Александра Сей мен Анжелика Дударь кикбокстың күрделі түрі саналатын К-1 бөлімінде сайысқа шығып, алғашқысы күміс, соңғысы қола жүлдемен марапатталды. Айтпақшы, осыған дейін елімізде К-1 бөліміндегі сайыстарға жарақат алу қаупі жоғары болғандықтан бірде-бір бұрымды жіберілмеген. Тек ұлдарға ғана рұқсат етілген. Енді міне алғашқылардың бірі болып өскемендік қос ару бұл сынды да сүрінбей еңсеріп, жүлдегерлер қатарына қосылып отыр. Мұның өзі үлкен жетістік.

Осы орайда жарысқа спортшыларды дайындап апарған бапкерлер – Қайрат Смағұлов, Ерік Әнуаров және Евгений Реймердің еңбектерін атап өткен абзал.

Қуан Сейіт

Осы айдарда

Back to top button