Қоғам

«Торпедо» ерлік жасады

«Торпедо» ерлік жасады


«Торпедо» ерлік жасады. Жоқ, өскемендік команда чемпионаттың басты фаворитін күйрете жеңіп, жарыс кестесінің бірінші орнына шыққан жоқ. Алайда, кездесуде үш шайба айырмасымен ұтылып жатып, ақыр соңында жеңіске жетудің өзі ерлік емей, немене?!

Жоғары хоккей лигасы тұрақты біріншілігінің кезекті турында өз айдынында перьмдік «Молот-Прикамьені» қабылдаған жерлестеріміз үшін бұл ойын сәтсіз басталды. Матчтың алғашқы минуттарынан есепте алға шығуды көздеген Алексей Ждахин командасы дегендеріне жете алмай, керісінше өз қақпасына шайба жіберіп алды. Көзге түскен – қорғаушы Арсений Ерохин.

Бұл аздай, екінші кезеңнің басында «Торпедо» қақпасына тағы екі шайба (Александр Торяник, Айрат Бадегыев) кіріп, айдын иелерінің онсыз да мүшкіл жағдайын одан сайын қиындатып жіберді.

Хоккейде мұндай соққыдан ес жию, екінің бірінің қолынан келе бермейді. Дегенмен, «Торпедоның» қолынан келді.

Б.Александров атындағы Спорт сарайына жиналған үш мыңға жуық жанкүйердің қызу қолдауынан қуат алған жерлестеріміз қонақтарды тықсырып, соққыны қарша боратты. Нәтижесінде, екінші кезеңде Алексей Шантыканың дублі арқасында есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартса, үшінші жиырмаминуттықта Станислав Тунхузин мен Денис Игнашиннің көмегімен тіптен алға шықты. Дегенмен, негізгі уақыттың аяқталуына екі минут қалғанда айдындағы ойыншы басымдығына ие болған қонақтар есеп басын теңестіріп кетті.

Осылайша, ойын овертаймға ұласты. Бірақ ондағы тартыс көпке созылмады. Қосымша уақыттың екінші минутында Евгений Рымаревтің дәл соққысы өскемендік командаға жеңіс әперсе, жанкүйерлерге ұмытылмас эмоция сыйлады. 5:4!

Осы ойыннан кейін 24 ұпай жинаған (12-ші орын) жерлестеріміз келесі кездесуін Ресейдің Саров қаласында жергілікті «Саров» командасына қарсы өткізбек.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button