Шығыстың жеті бренді

Түгін тартсаң, май шығатын жердің гүлін тартсаң, бал шығады

Қазір бренд деген ұғымның сауда әлеміне сән беріп тұрғаны соншалық, кез келген тауарды брендке теліп, ұсына беру үйреншікті құбылысқа айналды. Қарбыздың бәрі күршімдікі, қымыздың бәрі катондікі дегендей. Ал Астана мен Алматы базарларында бал сатып тұрғандардың тілдерінен бал тамызып айтатындары Алтайдың балы екен. Өткен күзде біздің облыстың көш-керуені еліміздің оңтүстік өңірлеріне жәрмеңкелетіп барғаны естеріңізде болар. Жәрмеңкеде болған журналистердің айтуынша, Қызылордаға жеткізілген Алтайдың балы жарты сағаттың айналасында сатылып кеткен. Бал іздеп келіп, банкілері бос қайтқан жұртта есеп болмапты. Біздің айтпағымыз, Алтай балының атақ-даңқы төңірегінде. Берісі Ресей, Қытай, ТМД елдері, арысы Америка, Еуропа мемлекеттеріне дейін дабысы кеткен Алтай балы несімен құнды осы?

Түгін тартсаң, май шығатын жердің гүлін тартсаң, бал шығады

Омарта – көшпенділерден қалған кәсіп

Алдымен тарихқа жүгінейік. Ата-бабаларымыздың аузында «ара», «бал», «омарта» деген сөздер тегіннен-тегін жүрмегені анық. Демек, араның пайдасын кезінде көшпенділер де білген. Тарихи деректер мен археологиялық жәдігерлер ертедегі қазақтың омарта шаруашылығымен жақсы таныс болғандығын аңғартады. Әсіресе, самырсыны самсаған сұлу табиғаты, саф ауасы бар Алтай тауларында аталарымыз ара-тұра бұл кәсіппен шұғылданып тұрған. Алайда, зерттеушілер ерте ғасырларда омарта шаруашылығы жабайы түрде жүргізіліп, оның мәдени түрі Қазақ хандықтарының Ресей империясының қол астына кірген кезеңінен бастау алады деп есептейді.

Алтайға мәдени тәсілмен өсірілетін бал аралары 18-ші ғасырдың аяғында келген. Өскемен бекінісінің коменданты Николай Аршеневтің жазбаларында айтылғандай, ең алғашқы ара ұялары салынған жәшіктер 1786 жылы Киевтен әкелініпті. Кейін Алтайдың сай-салаларында пәсікшілер пайда болып, омарта шаруашылығы ілгерілей түскен. Кейбір деректерге қарағанда, ең алғашқы балды мәдени жолмен өндіретін омарта Өскеменнен 40 шақырым жерде құрылыпты. 1825 жылы Өскемен маңайында 86 мыңнан астам ара ұясы болған, 1834 жылы Бұқтырма жағалауларынан жиналған 12 мың пұт таза бал Оралда өткен Ірбіт жәрмеңкесіне жеткізіліпті. Ал кеңестік дәуір Алтай балының атағы дәуірлеген тұс.

Дайын брендтің қадіріне қашан жетеміз?

Алтай балының атағы жер жарып тұрса да, бұл кәсіпке білек сыбана кірісіп отырғандардың саны аз. Демек, біздің омарташылар әлемдік деңгейде қалыптасып, дайын тұрған «Алтай балы» деп аталатын аты шулы брендті өз деңгейінде пайдалана алмай отыр. Омарташылықты кәсіп қылып, ара ұстап, бармақтарынан бал ағызған кәнігі пәсікшілердің көбі 90-шы жылдары Ресейге, Германияға көшіп кеткен көрінеді. Қазекем болса, көз алдында қойы маңырап, қозысы жамырап жатпағасын арамен «араласуға» соншалықты құлшыныс таныта қоймапты. Біле білсек, ара шаруашылығының пайдасы шаш етектен, бұл кәсіпке білек сыбана кіріскен шаруа бір маусымда орта есеппен 2 миллионнан 12 миллион теңгеге дейін табыс таба алатын көрінеді. Пайда көлемі өсірілетін ара жәшіктеріне байланысты.

1991 жылға дейін Қазақ елі Жапония, Оңтүстік Корея, Германия сияқты ірі мемлекеттерге және Кеңес Одағының өзге де республикаларына жылына 50 мың тонна бал шығарса, бұл көрсеткіш қазір небәрі 1 тоннаға жетер-жетпес көлемде. Мамандардың айтуынша, республиканың әр тұрғыны жылына орта есеппен 40 грамм бал жейді екен. Бұл, әрине, аз. Қазір елімізде шамамен 73 мыңнан астам омарта бар, соның 70 пайызы Шығыс Қазақстан облысында орналасқан. Ендеше, түгін тартсаң, май шығатын Алтайдың, гүлін тартсаң, бал шығатынын да ұмытпауымыз керек.

Мемлекет қандай көмек көрсетіп отыр?

Бүгінде мемлекет тарапынан омарташыларға ауыз толтырып айтарлықтай көмек те жасалып, Алтай балының нарыққа бренд болып шығуына көптеп күш салынуда. Бұл салаға бөлінетін субсидия көлемі де жылдан-жылға ұлғаю үстінде. Мысал келтірер болсақ, 2010 жылдың өзінде ғана облысымыздың ара өсірушілеріне 4 миллион теңге субсидия беріліпті. Осыған орай жүргізіліп жатқан кешенді шаралар өз жемісін беріп, қазір арамен айналысатындардың саны артып келеді Шемонайха, Зырян, Катонқарағай, Глубокое, Үржар, Тарбағатай аудандарында қазір омарта шаруашылығын дөңгелетіп отырғандар баршылық.

Өткен жылғы есеп бойынша облысымызда 31 омарта шаруашылығы құрылған. Ал 2011 жылы облыстық бюджеттен бұл салаға 24 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Өткен 2012 жылда да бұл көрсеткіш едәуір ұлғайған. Мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың арқасында 2010-2011 жылдары аймағымыздағы ара ұяларының саны 40300-ден 50700-ге дейін өскен. Ал 1991 жылдан бері оңала алмай келе жатқан Алтай балының өндіріс көлемі соңғы жылдары 40 пайызға артыпты. Облыс орталығында жыл сайын өткізіліп келе жатқан халықаралық бал фестивалі Алтай балына деген сұранысты арттыра түсетіні сөзсіз.

«Ара бағу мал бағудан оңай»

Катонқарағай ауданы, Майемер ауылында тұратын омарташы Самат Азбаевтың айтуынша, ара өсіру аса қиын шаруа емес. Еңбекқор жігіт өткен жазда ешкімнен ешқандай субсидия алмай-ақ 35-тен аса ара жәшігін ұстап, айтарлықтай пайда тапқан.

– Ара өсіруді қиынсынатындар бар. Әрине, жәндіктің бабы қиын, бірақ ол мал өсіруден әлдеқайда оңай. Еңбекқор араға қолайлы жағдай тудырсаңыз болғаны, өздері ұшып кетіп, гүл тозаңдарын жинап, қайтып келеді. Бұл маусымдық жұмыс қой, қазір ауылдағы қолы білетіндер бұл кәсіппен ептеп айналыса бастады. Жаз маусымында жәшіктерге мұқият болсаң болғаны, қыста малымызды бағамыз. Бұл – нағыз ауылдың жұмысы, – дейді ол.

Самат Азбаев өткен маусымда 35 ара жәшігін Алтай тауының бөктерінде ұстаған екен. Өзі айтқандай, жаз бойы атқарған еңбегінің нәтижесінде омартасынан 15 күбі бал алыпты. Оның әрқайсысында 50-54 келі таза Алтай балы құйылғанын есепке алсақ, Саматтың омарталық маусымы бекерге өтпегенін оңай болжауға болады. Балдың келісін 1200 теңгеден облыс орталығынан келіп, сатып алып кеткен делдалдар Алтай балын шетелге жіберетіндерін айтыпты.

– Қазір жасанды бал сататындар көбейіп тұр. Омарташы алдымен өзі өндірген балдың сапасы мен абыройына мән беруі қажет. Нағыз балды жасанды балдан түсіне, салмағына қарап ажыратып үйренген дұрыс, – дейді омарташы. Биыл ол ара жәшіктерін 60-тан асыруға бел буып отыр екен.

Бал өндіру жайында осы іспен көптен бері айналысып келе жатқан  Ресей ауыл шаруашылығы академиясының омарта шаруашылығы бөлімінде оқыған кәсіпқой маман, Өскемендегі «Пчелоцентр Айтас» фирмасының бас технологы Игорь Рукавицынның да пікірін білген едік.

– Омарта шаруашылығы – өте пайдалы сала, – дейді ол. – Бұл жұмыспен жеке адамдар, тіпті, зейнеткерлер де айналыса алады. Ара өсірудің пайдасын көргендер одан қайтып айырылып қалмаудың қамын ойлайды. Сонымен бірге омарта шаруашылығы егін мен бау-бақшаға да пайдасын тигізеді. Себебі, ара ең алдымен өсімдіктерді тозаңдандырушы, әртүрлі өсімдік ауруларының емшісі. Жақын маңда омартасы бар шаруашылықтардың егін мен бау-бақшадан өнімді басқалардан біршама көп алатындығы ғылыми түрде дәлелденген.

Тәжірибелі маманның мына бір келтірген деректері де назар аударарлық. Рукавицын мырзаның айтуынша, басқа шығындарды есептемегенде сатып алу бағасы 500 теңгеден болатын балды әр ұядан 35 келіден жинағанда 100 омартадан 3,5 тонна өнім алып, жаздың төрт-бес айы ішінде екі миллион теңгеге жуық таза пайда табуға мүмкіндік бар екен. Бұл ең төменгі бағамен алғанда. Ал егер омарташы нағыз іскер маман болса, 100-ден астам ара ұясын ұстай алады. Омарташылық – маусымдық жұмыс, жылдың төрт-бес айынан басқа уақытта бос деуге болады. Әрі аса көп шығынды қажет етпейді, экология үшін пайдасы болмаса, зияны жоқ.

Алтай балының денсаулыққа пайдасы мол

Ғалым Құдайберді Бағашардың айтуынша, Алтай балының адам денсаулығына берер пайдасы мол. Атап айтатын болсақ, бал ағзадағы қан құрамын жақсартып, ішкі қызметтерді жандандырады екен. Балдың ең ғажап қасиеттерінің бірі – оның иммунитетті арттыратындығында. Дененің физиологиялық күш-қуатын қалпына келтіру, ми қызметін күшейту, тыныс алу жолдарын артық қақырықтар мен қабынудан сақтайтын да осы бал екен. Тұмау немесе суық тигенде ыстық сүтке бал қосып ішудің сыры осында жатса керек. Алтай балы, сондай-ақ, жүрек-қан тамырлары ауруларына, бауырға, бүйрекке, ішек-қарын жолдарына, құяңға өте пайдалы. Балды құрт ауруына, ұйқысыздыққа, бас ауруына, қан қысымына, асқазан жарасына, тіпті, күйікке де ем ретінде пайдалануға болады екен.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button