ҚоғамШығыстың жеті бренді

«Нұртау» мен «Алтай Альпісіне» баратындар көп

Облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде «Топ-50» туристендіру картасы аясындаГлубокое ауданындағы қысқы туризмді дамыту мәселелері талқыға салынды.

Бүгінгі таңда аталмыш ауданда екі тау шаңғысы курорты бар, олар – Таулы Үлбі ауылындағы «Алтай Альпісі» және Бобровка ауылындағы «Нұртау» демалыс орындары. Өткен қысқы маусымда осы аумақтарда 67 мыңнан астам адам демалған, ол 2017 жылмен салыстырғанда 75 пайызға артық.

– Өткен жылы аталған нысандардан бюджетке түскен салықтың мөлшері артып, 61 миллион теңгені құрады. Биылғы 9 айдың өзінде 46 миллион теңгенің салығы түскен, – деді аудан әкімі Қалихан Байғонысов.

Осы жылы туризмді дамытуға 485 миллион теңге  инвестиция құйылып отыр, бұл былтырмен салыстырғанда 3 есеге көп. Атап айтсақ, қаражатты «Бипек Авто» кәсіпорны «Нұртау» базасында бес үй салып, оларға су, электр желісін тарту, жолдарын жөндеуге бағыттапты.

– Бұл тау шаңғысы курорттарына адамдар көп барады, оған себеп – демалыс орындары облыс орталығынан қашық емес, сонымен қатар бұл жердің табиғаты да ерекше сұлу. Аталмыш өңірде қар бес айдай жатады, сондықтан қысқы спорт түрлері бойынша сан алуан сайыстарды өткізуге ыңғайлы. Осы мүмкіндіктердің бәрін барынша тиімді пайдаланған жөн, – деп ескертті осы ретте облыс әкімі Даниал Ахметов.

Аудан әкімінің мәліметінше, «Нұртау» курортында көтергіштері бар екі шаңғы трассасы және шанамен сырғанауға арналған арнайы жолақ, сонымен бірге спорт құралдарын жалға беру орны бар. «Алтай Альпісінде» төрт арқанды жол жұмыс істеп тұр. Шаңғыны енді теуіп жүргендерге арналған оқыту трассасы да ойластырылған екен.

Қазіргі кезде «Центр-С» ЖШС «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 150 миллион теңгеге екі арқанжол құрылысын жүргізуде.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button