Қоғам

«Технодом» табиғатты аялауға шақырады

«Технодом» табиғатты аялауға шақырады


«Технодом» ұлттық сауда желісінің «Табиғатты сүйеміз, Қазақстанды сүйеміз» атты экоқозғалысы Өскемен қаласында жалғасын тапты. Облыс орталығындағы «Технодом» сауда желісінің 62 қызметкері Октябрь аралы маңын қоқыстан тазарту мақсатында экожорыққа шықты.

Компанияның қызметкерлері жыл сайын аталмыш экоқозғалыс шеңберінде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі шаралар өткізіп тұрады. 2015 жылы компанияның 375 қызметкері осындай экожорық нәтижесінде біржарым тоннадан астам, өткен жылы 441 қызметкер үш тоннадан астам қоқыс жинап, қоршаған ортаны тазартуға үлес қосқан. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тауып, еліміздің барлық қалаларындағы «Технодом» қызметкерлері экожорыққа қатысатын болды.

– Өскеменде осындай экожорық алғаш рет өтіп жатыр. Алдағы уақытта компания басшылығы оны жылда өткізуді жоспарлап отыр. Бұл бір жағынан өзгелерді табиғатты қорғауға үндесе, екінші жағынан қызметкерлерді де қоршаған ортаны аялауға, жауапкершілікті сезінуге тәрбиелейді. Бүгін экожорыққа қаладағы үш сауда нүктесінің 62 қызметкері шықты. «Технодом» осы маңнан жиналған қоқысты өз күшімен қалдықтар полигонына жеткізбек,-дейді Бажов көшесінде орналасқан «Технодом» сауда желісі филиалының директоры Андрей Песковский.

Қолдарына қолғап, үстіне «Технодом» белгісі бар кеудеше киген қызметкерлер жұмысқа бел шеше кіріскен. Қоқыс жинауды көпір маңынан бастаған олар жағажайға дейінгі аумақты тазаламақ. Қызметкерлер алдында төрт мың шаршы метрден астам жерді бөтелке, темекі тұқылдары мен түрлі қалдықтардан арылту мақсаты тұр. Ол үшін өздерімен бірге 1200 қап ала шыққан.

– Бас аяғы бір сағатта 20 қаптай қоқыс жинадық. Жігіттер жағы өзен арнасын тазартуды қолға алды. Қоқыс өте көп. Демалушылар көбінесе пластик бөтелкелер мен тамақ қалдықтарын арыққа тастаған. Расында табиғатты ластайтын өзіміз, адамдар. Жинамаған жер емес, қоқыс тастамаған жер таза екендігін ұмытпасақ деймін,-дейді «Технодом» қызметкері Аслан Алимбаев.

Андрей Песковскийдің айтуынша, қоршаған ортаны қорғау бағытында «Технодом» компаниясы экожорықтармен қатар, экобокстерді орнату жобасын да сәтті жүзеге асырып отыр. Бұл жоба – қолданыстан шыққан батареялар, сымдар, портативті электроника сынды электр-тұрмыстық қалдықтарды жинап, өңдеуді көздейді.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы «Технодом» сауда желілерінде осындай 123 экобокс орнатылған екен.

– Электрондық қалдықтардың табиғат пен адам азғасына қаншалықты зиян екендігі бәрімізге мәлім. Оларды тұрмыстық қалдықтардың қоқысына тастау дұрыс емес. Осы мақсатта «Технодомның» барлық желілерінде арнайы қоқыс жәшігі, яғни экобокс бар. Оны біздің дүкенге әкеліп өткізген жандарға компания тұрмыстық техника сатып алуда жеңілдіктер ұсынды. Электрқоқыс қазақстандық кәсіпорындарға, қайта өңдеуге жіберіледі. Мұндағы мақсат – табиғатқа залал келтірмеу,-дейді Андрей Песковский.

Электр-тұрмыстық және компьютерлік техника сатумен айналысатын «Технодом» сауда желісі 2002 жылы Алматы қаласында құрылған болатын. Бүгінде ел аумағында «Технодомның» 62 сауда нүктесі бар. Сондай-ақ, компанияның Қырғызстан Республикасында да екі дүкені жұмыс істейді. «Технодом» ұлттық сауда желісі экологиялық мәселелерді шешуге атсалысумен қатар, әлеуметтік шараларға да назар аударып келеді.

Андрей Песковскийдің айтуынша, Өскемен қаласындағы «Технодом» сауда желісі Глубокое ауданының Бобровка ауылында орналасқан ардагерлер үйіне ұдайы қол ұшын созып, қаржылық демеу көрсетеді.

Клиенттеріне жоғары сапалы қызмет көрсету мен олардың көңілінен шыға отырып, әрқашан тұтынушыларына қажет болуды мақсат етіп қойған «Технодом» ұлттық сауда желісі алдағы уақытта да халық сенімінен шығу үшін барын салады.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button