Денсаулық сақтау

Тегін дәрі-дәрмектер беріліп жатыр

Тегін дәрі-дәрмектер беріліп жатыр


Бұған дейін біз газетімізде мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмектің шеңберінде қарастырылған препараттар диспансерлік есепте тұрған пациенттерге дәріханаларда емес, емханалар мен отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның дәріханалық пункттерінде берілетіні жайында жазған болатынбыз. Біз аталмыш жұмыстардың облыс орталығында қалай ұйымдастырылғанын көріп, тұрғындардың пікірлерін білуге тырыстық.

Тұтынушыларға қолайлы жағдай жасалған

Өскемендегі №2 қалалық емханада дәріханалық пункт бірінші қабатта орналасыпты. Пункт 8.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

Мұнда үш терезе бар екен, келушілерге үш оператор-медбике қызмет көрсетеді.

-Біз науқастардың жеке куәлігіндегі ИИН-ді компьютерге енгізгенде, ол кісіге қандай дәріні, қанша мөлшерде, кім тағайындаған, қашан алды деген сияқты мәліметтер толық шыға келеді. Қолындағы рецептің уақыты өтіп кеткен-кетпегеніне басты назар аударамыз. Бәрі дұрыс болса, дәріні босатамыз, науқас журналға алғаны жөнінде қол қояды, – деп түсіндірді өз жұмысын операторлардың бірі Талшын Раджанқызы.

Емхананың бас дәрігерінің орынбасары Лиза Қасымханованың айтысына қарағанда, науқастарға қолайлы болу үшін екінші қабатта рецептермен жұмыс істейтін үш кабинет ашылған. Онда алты медбике қызмет көрсетеді.

– Егер науқас қабылдап жүрген препарат болмаса, рецепт оны алмастыратын дәріге бірден жазылады. Тұтынушы бұл жерге қайта-қайта келмес үшін, рецепт беретін кабинеттерде отырған медбикелер науқастың жағдайын сұрап, дәрігерде соңғы рет қашан болғанын анықтайды. Көп уақыт қаралмаса, не дәрісінің мөлшерін өзгерту қажет болса, дәрігердің қабылдауына жолдайды. Сол сияқты қолдарындағы бар дәрі-дәрмектің тізіміне қарап, жоқ дәрінің орнына оны алмастырушы медикаментке бірден жаңа рецепт жазып береді, – деп жалғастырды бас дәрігердің орынбасары.

Лиза Теңізбайқызының мәліметі бойынша, емдеу мекемесінде он бес мыңнан астам тұрғын диспансерлік есепте тұр. Дәрілерді сақтайтын, тоңазытқышпен жабдықталған арнайы бөлме бар.

– Өткен жылдың аяғында емхананың қажеттілігіне қарай дәрі-дәрмектерге өтініш берілген болатын. Алғашқы партиялар ақпан айының басынан түсе бастады. Медикаменттерді ала салысымен бас дәрігерге, орынбасарына, рецепт жазатын кабинеттің мамандарына қандай дәрілер түскені, оның бағасы турлы ақпарат беремін. Мәселен, мына рецепте дәрінің бағасы 13 666, 47 теңге деп көрсетілген. Препараттарды босатқан кезде оның бағасының сәйкес болуын да қадағалау керек. Бүгін 41 атаулы препарат келді, оған дейін 44 атаулы дәріге қол жеткізгенбіз. Қан қысымының, қант диабетінің, бронхальды астма, жүректің ишемиялық ауруларына берілетін препараттар бар. Инсулин мен қант мөлшерін анықтайтын жолақтарды да алдық. Балалар тағамының үш түрі бар. Науқастардың өмірі үшін маңызды деген дәрілердің барлығы бар, – деген ақпаратпен бөлісті фармацевт Ольга Федорова.

Біз түстен кейін келгеннен болар, дәріханада тұтынушылардың қарасы аз екен. Соған қарамастан бір-екеуімен тілдесудің мүмкіндігі туды.
-Әрине, өте қолайлы. Менің аяқтарым ауырады. Бұрынғыдай бүкіл қаланы аралап, сандалмаймыз. Әзірге маған қажетті препарат бар, ешқандай кешігу болған жоқ, – деді Нәсима есімді қала тұрғыны.

Науқастардан бір ғана тілегі – олардың үйреніп алған дәрілерінің тізімде болмауы. Мамандардың түсіндіруінше, кейбір дәрілердің өндірушілері өзгерген, құрамы бұрынғыдай болғанымен, атауы басқадай. Мысалы, қан қысымынан индапты ішіп үйренгендер, басқа медикаменттің атын естісе үрке қарайды. Лиза Теңізбайқызы ондай пациенттерге түсіндіруге тырысады. Дәрігер алмастырушы дәріні тағайындаған соң, науқас бақылауда болады. Әзірге препараттың жақпағаны не болмаса басқа да кері әсері сияқты фактілер тіркелмеген.

Емханада жастары жетпіс бестен асқан науқастарға немесе жалғызілікті қарттарға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлер де бар. Телефон арқылы да өтініш қабылдап, үйлеріне дейін апарып береді. Пациенттерге қолайлы болу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруға тырысады.

Алмастырушы препараттардан қорқудың қажеті жоқ

89 жастағы тыл ардагері Ольга Алексеевна Таран облыс орталығындағы №1 қалалық емханада тіркелген, қант диабетімен диспансерлік есепте тұр. Емдеу мекемесіне ұлы Михаил Иванович ертіп әкеліпті.

-Біз дәрі ала алмай жүрміз. Анамның қандағы қант мөлшері соңғы сараптама бойынша 7,8. Үш күнге ғана жететін дәріміз қалды, – деп шағымданды Михаил Иванович.

Ұлының айтысына қарағанда, препараттарды соңғы рет өткен жылдың аяғында алыпты. Қандағы қант мөлшері 10-нан асып кеткен соң, ұлы мөлшерін 1 таблетканың орнына 1,5 таблеткаға өз бетімен көтеріп, ішкізіп жүр екен.

Арызданушылардың шағымын емханадағы отбасылық денсаулық орталығының басшысы Динара Бекбаева қолма-қол шешіп берді.

-Ольга Алексеевна диабетон препаратын қабылдап келген. Мен жаңа ғана телефон арқылы облыстың бас эндокринологы Бибинұр Сафиуллинамен кеңестім. Бұл дәрі биыл болмайды. Орнына алмастырушы препарат антаристі ішуге болатынын айтты. Сіздерге қазір басқа рецепт жазып береді, – деген Динара Кеңесбекқызы дереу рецепт жазатын қызметкерді шақырып, тапсырма берді. Бұл дәрігерлік мекемеде де рецептпен жұмыс істеу №2 емханадағыдай ұйымдастырылған.

-Бізде учаскелік терапевтік қызметпен тығыз байланыс орнатылған. Бір ғана проблема бар – науқастар өздері үйреніп алған дәріні ғана сұрайды. Тізімде басқа өндірушінің басқа тауарлы белгісі тұруы мүмкін. Оның шипасы да бұрынғы дәріден кем емес, бірақ соны түсіндіру өте қиын. Дәріханалық пункт қасымда орналасқандықтан, мен болып жатқан әңгімелерін, пациенттердің наразылығын естіп отырам. Өзім шығамын, кейде олар келіп, қалыптасқан жағдайдың шешімін іздейміз. Айтсаң, түсінгендей болады, бірақ бірден қабылдай алмайды, – дейді орталық басшысы.

Тегін дәрі-дәрмектер беріліп жатыр

Емханада он мыңнан астам диспансерлік есептегі науқас бар. Олардың алты мыңы қан қысымымен, жүректің ишемиялық ауруымен тіркелген, бронхалық астмамен ауыратындар кездеседі. Жыл аяғында науқастарды түгендеп, жаңаларын есепке алады, пациенттердің саны артып келеді, соған қарап, қажетті препараттарды алдын ала жоспарлайды.

-Қазір қант диабетімен ауыратындар үшін инсулин бар. Өткен жылғыдай емес, инсулинсіз отырған науқас жоқ. Жаңа өзіңіз куә болдыңыз, бас эндокринологпен хабарласып, кеңес аламыз қажет болса. Бір әйел күйеуіне алмастырушы препараттың жақпағанын айтты. Бұл жерде ер адамның қант диабетінен басқа қатерлі ісікпен ауыратынын анықтадық, сол әсер еткен болуы керек, – дейді ол.

Дәрі-дәрмек аптасына екі-үш рет жеткізіледі. Бүгінгі таңда қан қысымына қарсы препараттардың бір түрі келген, ишемиялық жүрек дертіне қарсы моносан жоқ, оны алмастырушы дәрі, эпилепсияға қарсы препараттар бар.

-Инсулин сақтайтын және құрғақ медикаменттерді сақтайтын қоймалар қарастырылған. Бір аптаға жетерлік қор тоңазытқыштарда сақталады, – деп сөзге араласты бас медбике Анара Мамаева . – Дәрі-дәрмекті науқастың жеке куәлігінің көшірмесі болса, туыстарына да босатамыз. Ал жалғызбасты немесе егде адамдар үшін әлеуметтік қызметкерлер келіп алады. Препараттар журнал бойынша, алушының қол қоюымен босатылады.

Емханаға жуықта баратын жері қалмай, әбден ашығып, далада қаңғып қалған бір ер адам келіпті. Динара Бекбаева бір үйдің жертөлесінде үш ай түнеп, аяқ-қолдары домбығып ісіп кеткен тұрғынды қарап, тамақ беріп, көмек көрсетуге тырысқандарын айтады. Құжаты, қалада тіркелген жері бар, зейнетақы алатынын анықтапты. Ары қарай учаскелік полицейлерге тапсырған көрінеді.

Бірегей тасымалдаушы «СК-Фармация» сайтында (http://www.sk-pharmacy.kz/rus/press-centr/zakup_ls_i_imn_na_2018_god_rus/. ) қай облысқа, нақты қандай препараттардың жөнелтілгені туралы ақпарат бар. Кеше қарағанымызда, соңғы жөнелтілу 20 ақпанда деп көрсетілген. Сол мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан Шығыс Қазақстан облысының 69 медициналық бірлестігіне 1,280,8 млн. теңгенің препараттары жіберілген. Миллион теңгеден артық қаржының дәрі-дәрмегі жолданған өңірлердің қатарында Қарағанды облысы, Астана және Алматы қаласынан кейін біздің облыс төртінші тұр.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button