Мәдениет

Театр шымылдығы «Мынау аппақ дүниемен» түрілді

Театр шымылдығы «Мынау аппақ дүниемен» түрілді
Жамбыл атындағы облыстық драма театры қазақ труппасының XIV маусымашары болып, өнер ордасы оны Оралхан Бөкейдің «Мынау аппақ дүние» атты драмасымен ашты.

Жамбылдықтар тұңғыш рет сахналанып отырған бұл шығарманы жазушының 70 жылдық мерейтойына орай дайындаған екен. Қойылымның режиссері – Семейдің Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалы драма театрының директоры Бауыржан Төлеков. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, екі үлкен шығармашылық орданың тізе қоса атқарған жұмысы нәтижелі шыққаны байқалды.

Театр ұжымы бұл жолғы маусымашарға жақсы дайындалыпты. Бұлай дейтініміз, бұрынғы кездермен салыстырғанда, оны тамашалауға келген көрерменнің қарасы мол болды. Қойылым басталмас бұрын келген қонақтарды облыстық қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің өнерпаздары сазды әуенмен қарсы алды. Бұдан соң қонақтар қолындағы билеттер арқылы лоторея ойнатылып, ұтыскерлердің есімі белгілі болды. Ең негізгі жүлде – жыл бойы театр қойылымдарын тегін көре алатын екі билеттің иесі анықталды.

Жамбыл атындағы драма театрының директоры Руслан Қайырсыновтың айтуынша, жазушының бұл шығармасының таңдалуына драмада өзге ұлт өкілдерінің махаббаты жырлануы себеп болғандай.
– Көп ұлтқа құтты қоныс болған біздің өңір үшін бұл қойылымның маңызы жоғары, – дейді ол.

Спектакльде сұм соғыстың ащы дәмін біркісідей тартқан Қожақтың ауыр өмірі, Нұрлан атты жасөспірім мен осы ауылға агроном болып келген Луиза атты неміс қызының махаббаты бейнеленген.

Бәрі көңілге қонымды әрі шынайы көрінген қойылымнан көп көрермен тәтті сезім мен ой арқалап аттанды. Өйткені, бұған дейін небір халықаралық додаларда өрелі өнерлерімен биік белестерден көрініп жүрген театр өнерпаздары өз міндеттерін ойдағыдай орындады. Ал қойылымның өміршеңдігін уақыт көрсете жатар.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button