Қоғам

Тастың тілін түсінетін жандар немесе маркшейдерлер жөнінде не білеміз?

Тастың тілін түсінетін жандар немесе   маркшейдерлер жөнінде не білеміз?


Шахтаның аузындағы темір торға келдік. Біз ішіне кірісімен қоңырау шылдырлады. Тастай қараңғы тұңғиыққа сүңгіп кеттік. Темір тор зырлап келеді. Жүрегім атша тулап қоя берді. Соқыр қараңғылық пен жеті қат жердің салқыны денемді тітіркендіріп, бойымды бір сәт үрей биледі Жер бетіндегі өмірдің игілігі үшін оның астында еңбек ететіндердің маңдай терінің ақысы мен қауіпсіздігіне жауапты екендігім есіме түскенде, бойымды тез жинап ала қойдым…
Содан бері шахтаға қанша мәрте түсіп, қанша рет шығып жүрмін. Қараңғылық пен салқынға етім үйреніп кетсе де, сол алғаш рет түскенде сезінген жауапкершілік артпаса, бәсеңдеген емес.

Салмағы он келіден асатын құралдарды асынып, шахтаға жиі түсеміз. Апаттар жөнінде ойламауға тырысамын. Шахта қателікті көтермейді. Ол – ширақ қимылды қажет ететін жер. Өйткені, әртүрлі жағдайлар болады. Мәселен, биыл Глубокое ауданының Алтай кентіндегі Ертіс шахтасында екі қазбаны бір-біріне түйістіру керек болды. Екеуінің арақашықтығы екі километрден астам. Түйісетін жері еңісте болу керек. Сол кезде кәсіпорынның маркшейдерлер командасы 700 метр тереңдікке түсіп, екі километр арақашықтықтағы екі қазбаны түйістіру үшін ауқымды жұмыстар жасады. Көптеген сызбалар мен есептер жүргізді. Нәтижесінде екі қазба орны тепе-тең түйістіріліп, Ертіс кен орны қосымша кенге қол жеткізді. Мұндай тереңдіктегі жұмыста мүлт кетсең, кенге кенелгеннің орнына оның астында қалып қою ғажап емес.

Ұжымда маркшейдерлерге деген қарым-қатынас ерекше. Өйткені, кеншілердің бұдан әрі қандай бағытта жұмыс істейтіні соларға байланысты. Бірнеше градусқа қателессең де, жұмыс тұрып қалады. Жұмыс болмаған соң, ақша да болмайды. Осылайша, маркшейдерлер кеншілердің өміріне ғана емес, айлығына да жауапты.

Ал ұжымның жұмыс нәтижесі сенің қаламыңның ұшында болса, сенің сызбаларың мен өлшемдерің бүкіл бір шахтаның тағдырын шешсе, жауапкершіліктің бәсеңдеуге де хақысы да жоқ.

Мамандығының қиындығынан бұрын жауапкершілігін сезінетін кейіпкеріміз – «KAZ Minerals» компаниясының жетекші маркшейдері Дархан Төлеубекұлы Сатылхан осылай дейді.

Беделі де, айлығы да жоғары

Жер асты жұмыстары дегенде, әдетте көз алдымызға тау қопарып, тас жаратын кеншілер елестейтіні рас. Ал жер қойнауының геометриясын жетік білуді талап ететін маркшейдерлік мамандық жөнінде біреу білсе, біреу білмейді. Жер астындағы кеншілер мен шахтерлердің еңбегі қашан да жеңіл болмаған. Ал сол жандардың жұмысын жоспарлап, бағыттарын айқындайтын тау-кен инженерлері – маркшейдерлер еңбегінің жауапкершілік жүгі, кейіпкеріміз айтқандай, зіл-батпан.

– Маркшейдерлер жер қойнауын бес саусағындай білуі тиіс. Тек олар ғана қай жерде құрылыс бастауға болады, қай жер қауіпті екендігін айтып бере алады. Мәселен, қарапайым адамдар өздері басып жүрген жердің қат-қабат қыртысының астында үңгірлердің барын, олардың ішінде жылыстап өзендер ағып жатқандығын білмеуі мүмкін. Ондай жерге көпқабатты үй тұрғызса, кейін ол опырылып, нысанды тұрғындарымен қоса жер қойнауына алып кетеді. Сондай апаттың алдын алу үшін кез келген құрылыс басталмай тұрып, ол жерге геодезиялық сараптама жасалады, оның барысында маркшейдерлер сол жердің қаншалықты қауіпсіз екендігін анықтайды. Сол сияқты жер астында да маркшейдерлер сондай қызмет атқарады. Маркшейдер мен геодезистің ұқсастығы осында. Геодезист өлшемдерді жер бетінде жасаса, маркшейдер жер қойнауының сызбасын жүргізеді. Бірақ маркшейдердің бір артықшылығы – ол геодезистің де жұмысын атқара алады. Ал геодезист ешқашан маркшейдер бола алмайды, өйткені жер қойнауының ерекшелігін білмейді,-дейді Дархан Төлеубекұлы.

Осылайша, жер қойнауының түсірілімін жасап, шахта құрылысының параметрлерін өлшеумен қатар, маркшейдерлер тау-кен жұмыстарының техникалық қауіпсіздігін ескереді. Бұл сызбасыз бірде-бір кен орны жұмыс бастамайды

Өзі дәрігерлер отбасында тәрбиеленсе де, Дархан бала кезден техникалық мамандықты игеруге ден қойған екен. Оны әсіресе тау-кен саласы қызықтыратын. Бірде осы салада жұмыс істейтін жездесі қызықты әрі сұранысқа ие мамандық – маркшейдерлік іс жөнінде айтып береді. Содан Дарханның осы мамандыққа деген қызығушылығы оянып, оны игеруге бел байлайды. Мектеп бітірген 2005 жылы туған жері Семей қаласынан Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне түсу үшін арман қуып Алматыға келеді.

– Техникалық университетте білім алып жатқанымда, ұстаздарымыз геолог, тау-кен инженерлері тапшы, қазақ жастары осы мамандықтарға ден қоймайды дегенді жиі айтатын. Кейін өндірісте жұмыс істей бастағанымда, осы сөздердің жаны бар екендігіне көзім жетті. Өндірісте маркшейдерлер, инженерлер ғана емес, жұмысшы мамандар да жетіспейді. Жастар заңгер, экономист мамандықтарынан гөрі техникалық білім алып шықса, жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын. Өйткені, өндіріске қажетті мамандарға деген сұраныс күннен-күнге артып келеді,-дейді Дархан.

Иә, бір кездері жастар жаппай банкир, экономист, заңгер болуды ойлады. Кезінде сәнге айналған бұл «беделді» мамандық иелеріне деген сұраныс бүгін тым аз. Ал техникалық мамандықтарға деген қажеттіліктің артып келе жатқандығын мемлекеттің тегін кәсіптік-техникалық білім берудің қолға алынғандығынан, техникалық мамандықтарға білім гранттарының көптеп бөлуінен-ақ байқауға болады. Кейіпкеріміздің айтуынша, техникалық мамандықтар ішінде тау-кен инженерлері – маркшейдерлердің беделі де, айлығы жоғары.

Тастың тілін түсінетін жандар немесе   маркшейдерлер жөнінде не білеміз?

Маркшейдерлерге деген сұраныс көп

Елімізде маркшейдерлерге сұраныс көп. Әсіресе, ауыр өнеркәсібі дамыған Шығыс өңірінде бұл мамандық иелерінің дипломы сандықтың түбінде босқа жатпайды. Елімізде маркшейдерлер Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті мен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ да ғана даярланады. Осыдан болар, елімізде бұл маман иелері тапшы.

-2008 жылы «Казцинк» ЖШС университетке тау-кен инженерлерінен бөлек, маркшейдерлер даярлау жөніндегі ұсыныспен шықты. Өйткені, облыста кеңес кезінен қалған кадрлар біртіндеп азая бастады, ал өндіріске маркшейдерлер жетпей жатты,-дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ тау-кен ісі және геология кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Гүлнұр Нұршайықова.

Соңғы он жылға жуықа уақыт аралығында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ 146 маркшейдер маманын даярлаған екен. Олардың басым көпшілігі бүгінде өңірдің ғана емес, еліміздің ірі кәсіпорындарында қызмет етіп жүр.

Гүлнұр Тілеубергенқызының айтуынша, маркшейдерлік бөлім тау-кен ісі факультетінің жанынан ашылған. Болашақ маркшейдерлер тау-кен ісі факультетінің екінші курс студенттері арасынан қатаң талаптар арқылы іріктеліп алынады. Сынақтан өткен студенттер ғана соңғы екі курсты маркшейдер мамандығы бойынша оқиды.

– Үшінші курсты маркшейдер мамандығы бойынша жалғастыру үшін олар үлкен сынақтан өтеді. Нашар оқитындар тізімге тіптен ілікпейді. Іріктеу барысында көптеген тапсырмалар беріледі. Бұл топқа, әдетте, сызбаны жақсы меңгерген, математикадан бағасы жоғары және, ең бастысы, денсаулығында кінараты жоқ студенттер ғана қабылданады,- дейді кафедра меңгерушісі.

Бір айта кетерлігі, соңғы жылдары дуальді білім беру бағдарламасы аясында «Казцинк» ЖШС мен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ арасында өндірістік білім беру бағдарламасы жасалған. Осыған орай маркшейдерлік мамандықты игеріп жатқан студенттер білім мен тәжірибені ұштастырып білім алады. «Казцинк» ЖШС өздеріне қажетті болашақ кадрларға қосымша шәкіртақы тағайындап оқытады. Бүгінде сегіз студент кәсіпорынның таңдауына іліккен. Диплом алысымен, олар бірден өндірісте жұмыс істейді.

Сараптамалық және математикалық ақыл-ой мен төзімділікті қажет ететін маркшейдерлік істі немістер өнер деп атаған.
Шекараларды бөлу кез келген жан игере алатын өнер емес дейді. Дегенмен, бабалар қаны мен тері сіңген жердің қойнауын зерттеу батыр халық ұрпағының қолынан келмейді деуге сену қиын.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button