Қоғам

Таласбек Әсемқұлов атында стипендия тағайындады

Таласбек Әсемқұлов атында стипендия тағайындады


Айғыз Көшкінбаева атындағы орта мектепті осыдан жиырма жыл бұрын бітірген түлектер талантты жерлестері, күйші, композитор, жазушы, кинодраматург Таласбек Әсемқұлов атында стипендия тағайындап, мектеп мұражайы ішінен оған арнап арнайы бұрыш ашты.

Сондай-ақ, бес томдық шығармалар жинағы мен оның орындауындағы 73 күйі енген «Талтүс» атты CD дискісі де мұражай төрінен орын алды. Жазушының «Құнанбай», «Біржан сал» фильмдеріне сценарий жазғаны белгілі. Аталмыш фильмдерді де енді жерлестері кез келген уақытта мұражай сөрелерінен алып көрулеріне болады.

-Таласбек Әсемқұлов ауданның Ақтоғай теміржол станциясында дүниеге келді, жастық шағы осы Айғыз ауылында өтті. Қазақ өнерінде айтулы орын алатын жерлесімізді әспеттеу – біздің парызымыз. Енді оның мол мұрасымен жерлестері сусындайтын болады. 20 жылдық кездесуді өткізгенде де, негізгі мақсатымыздың бірі осы еді. Оның республикалық баспасөзде «Атайы», «Кәрі ат», «Арылу», тағы басқа әңгімелері, «Шымдан» повесі және музыканттардың өміріне арналған «Талтүс» романы жарық көрген, – дейді журналист Бауыржан Сабырбеков.

Жалпы, қазақ өнерінде құйрықты жұлдыздай жарқ еткен жазушы, кинодраматург, күйші Таласбек Әсемқұлов бейнесі мәңгі сөнбейді. Ол «Көкбалақтың өлімі», «Құнанбай», «Біржан Сал», «Жезтырнақ», «Алматы – Астана», «Тұмар падиша» сынды киносценарийлердің авторы. Сондай-ақ, республикалық баспасөзде қазақ және орыс тілдерінде түрлі әдебиет, мәдениеттану тақырыптарына арналған бірқатар мақаласы жарық көрген.

1973 жылы «Бәйжігіт күйлері» деген жеке гранд-дискі бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан шықты. «Мәңгілік сарын» антологиясына 20-дан астам, «Қазақтың мың күйі» (2009) антологиясынаға 40-тан астам күйі енген. 2010 жылы Парижден «Тәттімбеттің мұрасы» СД-дискі шыққан.

Соңына өлшеусіз мұра қалдырған Таласбек Әсемқұловты жерлестері осылайша әспеттеді. Сол күні түлектер құран-хатым түсіріп, мешітке қаржылай көмек көрсетті. Соңынан ат шаптырылып, бәйге болды.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button