Мәдениет

Таланттар ауылдан шығады

Таланттар ауылдан шығады ғой. Әлі де солай. Тек, соларды демеп отыру қажет-ақ. Өнердің өріне шығарып, кәсіби тұрғыдан шыңдала түсуіне түрлі өнер байқауларының берері мол.

Әсіресе кейінгі жылдағы пандемия салдарынан біршама тоқтап қалғаны болмаса, дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген ауданның мәдениет күндерінің көрермен көзайымына айналғаны да рас. Биыл да сол игі үрдіс қайта жалғасын тауып «Ұлттық мәдениет – ұлт қазынасы» деген атпен ауданның барлық ауылдық округтерінде дүркіреп өтті.

Тарбағатай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі биылғы байқауды ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы, Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдығы, Қазақстан және КСРО халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығы және Балалар жылы аясында ұйымдастырыпты. Көркемөнерпаздар байқауының форматы да таптаурын емес, әрқилы ерекшелігімен көпшіліктің есінде қалғандай. Біртұтас композициялық  концерттік бағдарлама, кітапхана ісі бойынша оқырман тартуға байланысты жаңа форматтағы іс-шара және қолөнер шеберлерінің көрмесі бірін-бірі толықтырып, «Ел іші өнер кеніші» екендігін айғақтай түсті.

Мәдениетпен мерейленіп, өнермен өрістеген  Жаңауыл, Маңырақ, Жетіарал, Құйған, Қабанбай, Қарасу, Тұғыл, Ақжар, Ақсуат, Екпін, Ойшілік, Құмкөл, Кіндікті, Қызылкесік, Көкжыра, Жәнтікей, Сәтбаев ауылдық округтерінде болған көркемөнерпаздар байқауы биыл араға екі жыл салып халықпен қайта қауышты. Көрермен де сахнаның сазды әуендерін әбден сағыныпты. Көркемөнерпаздар байқауына жоғарыда аталған 17 ауылдың мектеп, балабақша, клуб үйлерінің, кітапхана ұжымдарының қызметкерлері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Сахнаға хормен шығып, қазақтың маңғаз даласындай кең тынысты әндер шырқалса, енді бірде  фольклорлық-этнографиялық, отбасылық, ұлт-аспаптар, эстрадалық ансамбльдер айрықша көңіл күй сыйлады. Жеке әндер, вокалдар да орындалды. Жыр, терме, күй туындылары ұлттық рухымызды аспандатты. Көркемсөз оқылғанда әдебиет әлеміне саяхат жасалғандай болды.

Балалар шығармашылығы да бейжай қалдырмады.  Кішкентай өнерпаздар сахнаның сәнін кіргізді. Кітапхана ұжымдары театрландырылған көріністер көрсету арқылы кітап оқу мәдениетін ұтымды жеткізді.

Мәдениет күндері аясында өткізілген іс-шаралар Ақсуат пен Ақжар ауылында гала-концерт ретінде қорытындыланды. Сахнада сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлмінің басшысы Нәзипа Бөкешқызы өнер арқылы ауылдар арасындағы береке-бірлікті бекемдей түсетін, жаңа есімдердің шығуына мүмкіндік сыйлайтын көркемөнерпаздар байқауының маңызына тоқтала келіп, қатысушыларды алғыс хаттармен, түрлі дәрежелі дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен марапаттады.

Ауыл­дың өнері өрістесе, қазақтың мәдениеті қанатын кең жаяды. Өнер бұлағының бір бастауы – ауылда. Ұлттық рухты мәдениетіміздің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы жүйелі насихатталуымен тығыз байланысты.

Ерлан Бапанов, ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫ.

Осы айдарда

Back to top button