Экономика

Таңдайдан дәмі кетпейтін Қаратоғай қаймағы

Таңдайдан дәмі кетпейтін Қаратоғай қаймағы


Жақсыны көрмек ләзім. Жарқын істерді жазбақ парыз. Күршім ауданына жолымыз түскенде, жуықта ауданда алғаш рет ашылған Қаратоғай ауылындағы сүт зауытына арнайы бардық.

АУДАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ СҮТ ЗАУЫТЫ

Ауылда анаңыздың суыңқыраған сүттің бетінен балқаймақ қалқып әперетіні есіңізде ме?! Ол шақта бізге – онымызға да тәтемнің ақ, сары ірімшігінен, өренің үстінде жыпырлап жататын сарғыш құрттан, сүзбеден артық, дәмді, тәтті ештеңе жоқ-тын. Бәрі жұғымды, қазіргідей жасанды, құрғақ сүттен жасалған емес еді.

Күршім ауданының Қаратоғай ауылында ашылған шағын сүт зауыты сол аңсап жүрген ауылдың ағарғанын, балқаймағын ешбір қоспасыз, таңдайыңнан дәмі кетпестей етіп табиғи күйінде шығарып жатыр.

Күршім ауданында Күршімнің өзінде сүт зауыты «әне ашылады, міне ашылады» делініп, инвестфорумдар мен жиындарда сан рет таныстырылған бизнес жобаның іске асуын тәмам жұрт талай жыл күткен болатын. Ақыры, сөз болған ол өндіріс аудан орталығынан емес, Қаратоғай ауылынан ашылды. Ауылдың сүті, қаймағы, ірімшігі барлығы сегіз түрлі ауылдың дәмі осы Қаратоғайда өндірілуде. Қай жақтан ашылғаны маңызды емес, бастысы биыл ауданда тұңғыш рет шағын сүт зауыты іске қосылды, шикізат ресурсының қамы да жасалып, өңірде үш тауарлы-сүт фермасы, екі сүт қабылдау бекеті ашылды. Алдағы жылдарда ауданда тағы да осындай тоғыз сүт қабылдау бекеті мен тауарлы сүт фермасын ашу жоспарланған. Бұл – басым бөлігін мал, балық шаруашылығы құрап отырған ауданда өндірісті, соның ішінде әлеуеті мол, сұранысы жоғары сүт өндірісін дамытуға жасалып отырған нәтижелі қадам.

ӘКЕЛІ-БАЛАЛЫ БАЙМҰХАМБЕТОВТЕРДІҢ БИЗНЕСІ

Қалғұты ауылдық округінің орталығы Қаратоғай ауылындағы «Арын» шаруа қожалығының иесі Бақытжан Баймұхамбетов сүт зауытын ашуды әріден жоспарлап, былтыр күзде Ресейдің Барнаул қаласы жағынан жүз бас симментал тұқымды құнажындар сатып алыпты. Сөйтіп, «Шығыс-ЖК» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін ашқан ұлы Ерасыл екеуі Қаратоғайда бірлесіп жаңа бизнес түрін, кәсіп көзін- сүт өндірісі кластерін құруға кіріседі. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы несиеге алынған ірі қара биыл алғашқы төлін беріп, саны екі еселенген екен. Жас төлдеген сүтті бағыттағы симментал асыл тұқымды сиырлары күніне 16 литр сүт беруде, бұл жергілікті сауынды сиырлардың сүтінен төрт-бес есе көп. 100 басқа арналған тауырлы-сүт фермасының автоматтандырылған сауын желісі сүт саууға кететін уақытты үнемдете отырып, қол жұмысын жеңілдетіп тұр. Қаратоғайдың шетіне, бір аумаққа шоғырландырылған шұжық, сүт өндірісі цехтарымен, тауарлы-сүт фермасының жұмыстарымен таныстырған Ерасыл Баймұхамбетов бізге бірте-бірте сүт сауу көлемі арттырыла бермек екенін айтты. Сүт қыста да сауылып, өңделеді. Сиырдың сүті – тілінде. Сүт көлемін көбейту үшін алдымен қыстық мал азығы қорын молайту қажет. Қожалық бір-екі жылдан бері 150 гектарға жоңышқа егіп келсе, биыл жалға берілген 25 гектарға мал азығына арнап жүгері салған. Ал арпа, бидайды сатып алуда. Қалғұтының мал өсіруге жайлы жерінде қыстыгүні мал табындары тебіндеп те жайылады.
-Шағын сүт зауытында тәулігіне бір тонна сүт өндіріледі. Өндіріс толық қуатына көшкен кезде бір жарым тоннаға жеткізуге де болады, болашақта йогурт шығаруды да жоспарлап отырмыз. Әзірге нарықты зерттеп, тұтынушының сұранысына сай айран, ірімшік, құрт, кілегей тәрізді сегіз түрлі тауар шығармақпыз. Сарыөлең, Күршім сияқты өзге ауыл тұрғындарынан да сүт қабылдап, жеткізетін арнайы «Молоковоз» көлігі бар,- дейді «Шығыс-ЖК» кооперативінің жетекшісі Ерасыл Баймұхамбетов.

Бүгінде Қаратоғай ауылының өзінде сиыр сауып отырған 150 шақты отбасы бар. Шаруашылықтың жүз бас сауынды сиырынан алынған сүтпен қоса жақын маңдағы ауыл тұрғындарынан күнделікті жиналып отыратын шикізат есебінен зауытты сүтпен молынан қамтуға мүмкіндік бар.
Таяу күндері Күршімнің барлық дүкендері мен қоғамдық тамақтандыру орындары, әлеуметтік мекемелер Қаратоғайдағы «Шығыс-ЖК» өндірісінің, ауданның өзінен шығатын сүт өнімін сатып алмақ.

Зауыттағы құрал-жабдықтарды сатып алып, орнатуға шаруашылық өз қаражатын- 25 млн. теңге қаржы жұмсаған. Ерасыл өндіріс ашылмас бұрын зауыт жабдықтарын шығарған Барнаул қаласындағы «Молэксперт» кәсіпорнына, облысымыздағы ірі сүт өңдеу кәсіпорындарына барып, өндіріс желісінің жұмыс істеу үрдісімен танысып, оқып, үйреніп қайтқан екен.

ӨНДІРІСТІҢ «ТІЛІН» БІЛЕТІН ТЕХНОЛОГ ҚАЖЕТ

Таңдайдан дәмі кетпейтін Қаратоғай қаймағы

Сүт өндірісі технологиясы – күрделі кәсіп. Қолға алған шаруаның, тың кәсіптің тиянақты атқарылуына Баймұхамбетовтар отбасы бір кісідей жұмылып, бар күшін салуда. Кәсіпкердің қызы Іңкәр да шағын зауытта есепші болып жұмыс істеп, бизнестің жүгін бірлесе көтерісіп жатыр. Алматыдағы бұрынғы халық шаруашылығы институтын бітірген. Бақытжан Баймұхамбетовтің өзінің мамандығы – ветеринар-зоотехник. Ерасылдың өзі –заңгер-экономист, жұбайы – экономист.

-Қалғұты ауылдық округінде сүт зауытының ашылуы ауданымыз үшін айрықша мәнге ие игілікті іс болды. Өнімдердің табиғилығы туралы әңгіме бір басқа, ел паромнан өтіп, алыстан тасымалданып жатуы себепті қымбатқа сатып алып жатқан сарымайды, ірімшік, сүтті арзан бағамен алатын болды енді. Бұл шаруашылықтан, өндірістен бірнеше ауыл тұрғыны тұрақты жұмыс тапты. Зауытта шығарылып жатқан сүттің бағасы Өскемендегі сүт өңдеу зауыттарынан әлдеқайда арзан, пастерленген, пакеттегі майлылығы 3,5 пайыздық бір литрлік сүттің бағасы – 220 тг. Қазіргі күні зауытта үш кісі, сүт сауатын фермада үш кісі жұмыс істейді. Шаруа қожалығында барлығы 25 адам еңбек етуде. «Арғын» шаруа қожалығында былтыр шұжық және ет консервілеу цехы іске қосылған болатын. Бруцеллез ауруына жарияланған карантинге байланысты тоқтап қалды. Бруцеллездің кесірінен ауылдық округте, осы қожалықта талай мал шығынға ұшырап кетті. Қожалық иесі Бақытжан қазір шаруашылықтың, зауыттың құжаттарын реттеу жұмыстарымен жүгіріп жүр,-деді сүт зауытының ауданның, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік серпін бергенін баса айтқан Қалғұты ауылдық округінің әкімі Динара Әбиева.

Әртараптандырылған шаруашылық қашан да, қандай жағдайда да жерге қаратпайтыны белгілі. Бір сала кенжелеп жатса, екіншісі демеу болып, жұмыс ырғағынан жаңылмай, шаруа дөңгелей бермек. Әкелі-балалы Баймұхамбетовтердің «Арғын» қожалығы мен «Шығыс» ЖК сүтті мал шаруашылығымен бірге ет бағытын дамыту үшін күзге салым мал бордақылау алаңын ашпақ. Аудан әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіліп, қожалыққа Мәйтерек жайлауынан 200 гектар жер беріліп, қазір сол жерге малдың қоражайы салынып жатыр. Бордақылау алаңы күзде ашылмақ. Ет қожалықтың өзінен де, тұрғындардан да сатып алынады. Алдын ала дайындық шаралары жүргізіліп, ет тасымалдайтын рефрижератор сатып алынып отыр. Сауын сиырлары жазда шөбі құнарлы сол Мәйтеректе ұсталады.

Қалғұты ауылдық округінің әкімі Динара Әбиеваның әңгімесінен округке арнаулы білімі бар ветеринар мамандары аса қажет екенін түсіндік. Айтылып, жазылып жүргендей, ауыл шаруашылығына, ауылдағы қайта өңдеу өнеркәсіптеріне білікті мамандарға деген зәрулік артып келеді. Іске қосылып жатқан сүт зауытына да жоғары білімді, тәжірибелі сүт өндірісінің технологтары ауадай қажет болып отыр. Өндіріс технологиясын жақсы меңгерген маман табылып жатса қожалық баспанамен қамтамасыз етуге, лайықта жалақы беруге әзір.

Облыста баяғыдағыдай емес, сүт өндірісінің беті қайтадан бері қарады. Бірақ Қазақстанның халықты сүт өнімімен қамтудағы үлесі өте төмен, сүт өнімдерінің көпшілігі біздің облысқа да Ресей мен Беларусь елінен ағылуда. Оның үстіне өзіміздің сүт өнімдеріміз ағарғанның ауылынан алыс болып тұр, көпшілігі құрғақ ұнтақтан жасалып жатыр. Ол сапалы сүттің, шикізаттың жоқтығынан. Бір кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Мамытбековтің «Қазақстанның сүтке деген сұранысын қамтамасыз ету үшін 400 мың бас жақсы сиыр болса болғаны, елді сүтке шомылдыруға болады» дегені бар. Сүт өндірісін дамыту үшін сондай сүтті сиыр, сүт зауыттары керек. Сол аса қажет өндірістің қаладан да емес, алыстағы Қаратоғай ауылынан ашылып отырғаны қуантты бізді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button