Қоғам

Сүт өнімдерінің 14 түрін шығарады

Сүт өнімдерінің 14 түрін шығарады


Зырян ауданында іссапарда болған кезімізде аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов мынадай бір жаңалықты хабардар етті. Жасы сексеннен асып кетсе де, ауыл шаруашылығында еңбек ететін, қазір де қатардан қалмай, егін егіп, мал шаруашылығын дамытып, тауарлы-сүт фермасын құрған, «Средигорнен» қожалығының басшысы, ауданның Құрметті азаматы Петр Дягилев әулетінің өтілі сексен жылдан асады екен.

Аудан басшысы Зырян қаласында екі сүт зауыты бар екенін, «БнМЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін П.Дягилевтің келіні Елена Дягилеваның басқаратынын айтты. Қаланың шет жағында орналасқан кәсіпорынға келдік. Қасымызда аудандық әкімдіктің аппарат басшысы Сымбат Хаданова, өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің меңгерушісі Ғалия Алпысбаева, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Құттыбаева бар.

Ең әуелі отбасылық бизнес туралы айта кеткен орынды болар. П.Дягилев өз өнімдерін Зыряндағы «БнМЗ», қалғанын Өскемендегі «Эмиль» серіктестіктеріне жөнелтеді. Жұбайы Людмила Александровна қатардан қалған жоқ, қожалық басшысының есеп-қисабын жүргізеді. Ұлы Иван «Средигорнен» серіктестігінде бас инженер, екінші ұлы Александр да осы салада еңбек етуде. Ал Иванның жұбайы Елена Викторовна біз келген серіктестіктің басшысы. Яғни, Дягилевтер әулеті аудан экономикасының артуына лайықты үлес қосып келеді.

– «БнМЗ» Большенарым сүт зауыты дегенді білдіреді. Кезінде осы кәсіпорынды сақтап қалдық. Бастапқыда оны жалға алсақ, 2012 жылдан зауытты іске қостық. Қазір сары май, ірімшік, сүт, айран, балмұздақ, басқа да 14 түрлі тағамдарды шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта биотағамдарды жасау ойда бар. Өнімдер қаладағы өзіміздің үш сауда дүкендеріне түседі. Бағасы қолжетімді, сапасына жұрт разы. Бүгінгі күні 22 адам еңбек етеді, жалақыларын уақтылы алады. Сүтті жинайтын көлігіміз бар, «Шығыс», «Данияр», Қ.Бұқатаевтың «Бородино» қожалығынан өнім алып тұрамыз. Бір литр сүтке 75 теңге төлейміз,-деді серіктестік директоры Е.Дягилева.

Зауыттың іші таза, сүт, басқа өнімдер қораптарға құйылады. Мұндағы сүт өнімдерін ауданның 14 мекемесі, денсаулық сақтау, білім беру мекемелері, Бұқтырма цемент зауыты тұтынады. Аудандық өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің меңгерушісі Ғалия Қабайқызының айтуынша, Елбасының «100 нақты» Ұлт Жоспарының орындалуы басты назарда екен. Жыл басында жаңадан жұмыс орындарын ашу, тауарлы-сүт фермасын құру, сүт кластерін дамыту жөнінде нақты бағдарлама қабылданған. Зыряндағы Т.Камышникова басқаратын «Турайда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Зырян мен көрші Катонқарағай аудандарының 11 қожалығынан сүтті жинап, осында әкеліп өңдейді. Жыл басынан бері серіктестік 11 елді мекендегі қожалықтар мен жеке адамдардан 447 тонна сүтті жинап, өңдеген. Ал әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Құттыбаева «Турайда» серіктестігі негізінде кооператив құрудың келешегі бар екенін айтты. Аталған екі серіктестік алдағы уақытта да қуатын арттырып, аудан тұрғындарын сапалы сүт өнімдерімен қуанта бермек.

Оңдасын Елубай.
Зырян ауданы.

Осы айдарда

Back to top button