Қоғам

Сол жағалауды күйік иісі жайлады

Сол жағалауды күйік иісі жайлады


Өскемендегі сол жағалау ауданында орналасқан май зауытының қоймасынан шыққан өрт 12 сағат бойы жанды.

Таңертеңнен кешке дейін жалғасқан өрттен бөлінген жағымсыз күйік иісі мен түтін тұрғындардың тынысын тарылтып, бұған наразы болған жұрт қаладағы экологиялық қауіпсіздік орталығына телефон шалып, арыз-шағымдарды бірінен – соң бірін жолдаған. Облыс орталығындағы «Автоматтандырылған өндірістік экологиялық мониторинг ақпараттық жүйесі» (РАИСПЭМ) қызметі де бұл ауданда көміртек тотығы мен көмірсутегі мөлшерінің біршама көбейіп кеткенін тіркеген.

– Біздің қызметкерлер мен «Қазгидромет» РМК-нің мониторингтік қызметі өрт аумағының ауасынан сынама алып, атмосфералық ауа сапасына мониторинг жүргізді. Нәтижесінде азот тотығы 1,1 ШРК (ПДК), формальдегид – 3,3 ШРК, фенол – 10,2 ШРК болып, мөлшердегіден көбейіп кеткен. Қалған зиянды қоспалардың мөлшері санитарлық нормадан асқан жоқ. Тұрғындардың өміріне қауіп төндіретіндей ауаның қатты ластану жағдайы тіркелген жоқ, -дейді облыстық экологиялық департамент басшысы Дмитрий Кавригин.

Май зауытындағы өрт қойманың қабырғаларының ортасына салынған жылу төсемелерінің тұтануынан шыққан.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button