Қоғам

Өскеменнің жылумен қамту жүйесі жаңғыртылады

Өскеменнің жылумен қамту жүйесі жаңғыртылады


Кеше облыс әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында жалпы құны 5 240 миллион теңгені құрайтын ауқымды меморандумға қол қойылды. Аталмыш хаттамалық құжат облыс орталығын жылумен қамтитын нысандарды жаңғырту жөніндегі жобаны іске асыруды көздейді.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, бүгінгі таңда Еуропалық қайта құру және даму банкі тарапынан инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға бөлінген қаражат сомасы 45 миллиард теңгені құрап отыр. Жыл соңына таман бұл көрсеткішті 58 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша осы сияқты жобаларға 10 миллиард теңге қарастырылған.

–Біз аталған соманы алты есеге дерлік ұлғайтуға қол жеткіздік. Бұл қалалар мен аудандардағы сумен қамту, жылумен қамту, кәріз жүйелері, сондай-ақ, көше шамдары сынды біршама инфрақұрылымдық нысандар жаңаланады деген сөз, – деді осы орайда аймақ басшысы.

Кездесу аясында Еуропалық қайта құру және даму банкі мен «Өскемен жылу желілері» акционерлік қоғамы арасында 5,3 миллиард теңгенің несиелік келісімшартына қол қойылды. Жылу желілері бұл ретте қарыз алушы болып отыр. Займ мерзімі 13 жылды құрайды, сонымен қатар, үшжылдық жеңілдік кезеңі де қарастырылған.

Егер нақты жоба турасында айтар болсақ, банк беріп отырған қаражатқа 2,2 шақырымдық магистральдік желілерді қайта жаңғырту, облыс орталығының аумағындағы Меновное кентін орталықтандырылған жылумен қамту жүйесіне қосу, жылумен қамтушы нысандарға қызмет көрсетуге арналған 13 бірлік арнайы техника сатып алу және бірқатар өзге де жұмыстар жоспарланып отыр.

Мұнымен қоса, осы жоба жеке тұлғаларды да, сонымен қатар, заңды тұлғаларды да жылу қуатын есептегіш аспаптармен барынша көптеп қамтуды көздейді. Бұл инженерлік жүйелерді жаңартуға және тұтынушыларға ұсынылатын қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған-ды.

–Мұндай жұмыс біздің көңілімізге келешекке деген зор сенімді ұялатады. Мен бейіндік басқармалар мен ұйымдардың осы саладағы жұмыстарына оң баға беремін. Серіктестерім мен әріптестерімнің тынбай қызмет етіп жатқанын көріп отырмын. Біздің Еуропалық қайта құру және даму банкімен табысты ынтымақтастығымыз жалғасып келеді, әлбетте, қолға алған жобалардың тезірек іске асқанын қалаймыз, дей тұрғанмен, қазіргі деңгейдің өзі үлкен ауқымды жұмыстың нәтижесі болып отыр. Біз тағы бірқатар келешегі зор жобаларды әзірлеп жатырмыз, егер олар банк тарапынан қаржыландырылатын болса, жаңа жобалар тек қана Шығыс Қазақстан өңірінің ғана емес, бүкіл еліміздің экономикасына үлкен серпін бермек, – деп атап көрсетті Даниал Ахметов.

Атап өтерлігі, бүгінгі таңда Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық шеңберінде жүзеге асыруға 227 миллиард теңгенің 88 жобасы ұсынылып отыр. Бес кредиттік шартқа және төрт алдын ала келісімге қол қойылған. Еуропалық қайта құру және даму банкінің Ресей мен Орталық Азиядағы инфрақұрылым бойынша директоры Екатерина Мирошниктің айтуына қарағанда, аталған жобалар банк үшін аса маңызды әрі қажетті болып табылады, сол себептен қаржылық институт Шығыс Қазақстанмен «жасыл» экономика мәселелері бойынша өзара қарым-қатынас жасасуға әзір.

– Еуропалық қайта құру және даму банкі ірі инвестициялармен қатар, шағын және орта бизнестің дамуын да қолдап келеді. Бұл жұмыс Шығыс Қазақстанда жақсы жолға қойылған, – деді Еуропалық қайта құру және даму банкінің Ресей мен Орталық Азиядағы инфрақұрылым бойынша директоры Екатерина Мирошник.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button