Қоғам

Өскеменнің туған күні өзгеше аталып өтті

Өскеменнің туған күні өзгеше аталып өтті


Биыл Өскемен қаласы өзінің 297 туған күнін атап өтті. Жылдағыдан ерекше салтанатпен ұйымдастырылған қала күнінде тосынсыйлар мен мерекелік шаралар легі аз болған жоқ. Бұл күні Республика алаңында ұйымдастырылған «Бал – 2017» және «Күз тартуы» деп аталған ауылшаруашылық жәрмеңкелері, тұңғыш рет өткізілген «GAKKU ДАУЫСЫ» қазақстандық музыка фестивалі, арнайы ұйымдастырылған веложарыс қала тұрғындары мен қонақтарына естен кетпес қуаныш сыйлады.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бал фестиваліне биыл облыстың әр аймағынан ұзын саны 115 омарташы қатысып, 56 тоннадан астам дәмі тіл үйіретін балдың түр-түрін көпшілікке ұсынды. Ал халықаралық көрмелерден жүлдесіз қайтпайтын Алтайдың атақты бренді қашан да үлкен сұранысқа ие екені белгілі.

– Шығыс қашаннан да балдың отаны саналған ғой. Балды Катонқарағайдан әкеліп отырмыз. Таулы жердің өнімі дәмімен және хош иісімен тіл үйіреді. Бал өнімдері қазіргідей күз уақытында денсаулыққа аса пайдалы, – дейді жәрмеңкеге қатысушылардың бірі Сәуле Байғұмашева.

Қатар тізілген қызыл, жасыл және көк шатырларда сатылған балдың келісі мың, екі мың теңге аралығында. Жәрмеңке соңында әдеттегідей жылдың үздік омарташылары анықталып, марапатталды.

Бал мерекесімен қатар таңертеңгі тоғыздан жұмысын бастаған «Күз тартуы» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне де ағылған жұрттың қарасы қалың болды. Өскемендіктер өз қаласының төл мерекесінде базардағыдан төмен бағамен сүт өнімдерін, еттің түр-түрін, бау-бақша өнімдерін көптеп сатып алды. Әсіресе, қалаға жақын аудандардан жеткізілген ысталған етті алуға кезекке тұрғандар көп болды.

– Бүгін ертемен келіп қалағанымызша сиыр еті мен тауық етін сатып алдық. Ысталған үйрек пен үйдің ірімшігі де тіл үйіреді. Бағасы да әлдеқайда арзан. Мереке ойдағыдай өтуде, ұйымдастырушыларға үлкен рахмет, – дейді 19 тұрғын аудан тұрғыны Нұрлан Нұрғалиев.

Өскеменнің туған күні өзгеше аталып өтті

Ал сағат он жарымда республика алаңында қала күніне арналған мерекелік концерт басталды. Орталық сахнада халықаралық байқаулардың лауреаты «Русский Фреш» фольклорлық ансамблі, Ә.Қашаубаев атындағы облыстық филармония әншілері, «Битва Хоров» жалпыресейлік телевизиялық жобасының үздіктері, «TWINS» аккордеоншылар дуэті, «Тұмар» ансамблі және «LARISA DANCE SHOW» бишілер ұжымы өнер көрсетті.

– Қала күні жай ғана мерекелердің бірі емес. Бұл өмірі мен тағдырын осы әдемі қаламен байланыстырған барша жандардың туған күні деуге болады. Бұл – бастамашыл, еңбекқор, үнемі алға қарай ұмтылған жандардың мерекесі. Туған қаламызға деген шынайы қамқорлықтарыңыз бен сенімдеріңіз үшін үлкен рақмет. Өскеменнің ара қарай да өсіп-өркендеуі жолында талмай еңбектене беріңіздер. Қала күнінде әр тұрғынға, әр отбасыға денсаулық, бақыт, отбасылық амандық, еңбекте табыс тілеймін. Туған қаламыз гүлдене берсін, жаңа кәсіпорындар іске қосылып, қосымша жұмыс орындары құрыла берсін. Мереке құтты болсын! – деді қала әкімі Қуат Тұмабаев өзінің құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ бұл күні жастардың қатысуымен есірткі мен темекіге қарсы түрлі акциялар, спорттық жарыстар да ұйымдастырылды.

Кешке қарай «Gakku TV» телеарнасының және Gakku FM радиостанциясының тарту етуімен биыл Өскеменде тұңғыш рет ұйымдастырылған «GAKKU ДАУЫСЫ» қазақстандық музыка кеші де қала тұрғындары мен қонақтары үшін басты тарту болды. Шығысқа арнайы келген елімізге белгілі жеті өнер ұжымның арасында «101», «Джейран», «BN», «AYUMI», «RENZO» топтары, сонымен бірге Kental мен Ziruza өнер көрсетті. Думанды кеште Ресейдің Барнаул қаласынан келген «Аврора» тобының да файер-шоуы көпшілікке үлкен қуаныш сыйлағанын атап өткен жөн.

Сондай-ақ, республика алаңында бұл күні дәрігерлер тегін қызмет көрсетіп, адамдардың қан қысымын өлшеп, тіпті флюорографиядан өткізді. Ал облыстық қан орталығының мамандары өзгенің тағдырына бей-жай қарамайтын қалалықтарды қан тапсыруға шақырды. Республика алаңына келушілер көңіл көтеріп қана қоймай, денсаулықтарын да тексертуге мүмкіндік алды.

Өскеменнің туған күні өзгеше аталып өтті

Бүгінде Өскемен экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп тұрған ірі өнеркәсіп нысандарының, шағын және орта бизнестің арқасында қарқынды дамыған қалаға айналып отыр. Көшелер мен жолдар көркейіп, жол-транспорттық инфрақұрылым дамып, қолданысқа берілген және күрделі жөндеулер жүргізілген әлеуметтік нысандар қатары артып келеді. Ағымдағы жылы «Нұрлы Жол» саябағы ашылса, Қ.Сәтпаев даңғылына және Славский атындағы жағалауға қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Сәтпаев даңғылынан Самар тас жолына дейін, Карл Маркс даңғылынан Алматы тас жолына дейін екі жаңа жолдың құрылысы жоспарлануда. Бұл нысандар қаладағы көлік кептелістерін айтарлықтар азайтуға мүмкіндік бермек. Бұдан басқа келер жылы көппәтерлі тұрғын үйлердегі 103 аулаға абаттандыру басталмақ. Осыдан үш ғасырдай уақыт бұрын ерке Ертістің жағасында бой көтерген Өскемен бүгінде еліміздің индустриалды, ғылыми-мәдени және спорттық заманауи дамыған орталығына айналды. Ал оның өндірістік қуаты Қазақстанның экономикасын құраушы басты күшке айналып отыр.

– Бүгін Өскеменнің туған күні өте қызықты өтіп жатыр. Біздің қалаға Барнаулдан, Астана мен Алматыдан, Семейден келген үздік өнерпаздар концерт қойды. Өте керемет. Осындай қызықты мереке сыйлағаны үшін облыстың, қаланың басшылығына ризашылығымыз шексіз. Барша өскемендіктерге зор денсаулық, бақыт тілеймін. Қаламыз жыл өткен сайын – көркейіп, гүлденіп келеді, – дейді қала тұрғыны Мәриямгүл Жамакішева.

Қала күніне арналған мерекелік бағдарламалар легі кешкі тоғызда Алтай аспанын мың сан шапаққа бөлеген үлкен отшашумен мәресіне жетті. Биылғы қала күні мерекесі өскемендіктер мен қала қонақтарының есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button