Мәдениет

Өскеменде өріліп өлең тұрды

Өскеменде тағы бір той өтті. Анау-мынау емес, алашқа аты таныс арқалы ақындардың басын қосқан дүбірлі өлең тойы – «Шығыс шынары – 2012» байқауы мәреге жетті. Биыл қатарынан үшінші жыл өтіп отырған өлең сайысын қалыптасқан дәстүрін бұзбай Конституция күніне орайластырған-ды.

Өскеменде өріліп өлең тұрдыЖыл сайын шайырлардың жырын өз аузынан естуді әдетке айналдырған жұрт С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың №5 оқу ғимаратына асыға ағылды. Бұл – мүшәйраға қатысқан 300-ден астам ақынның ішінен суырылып алға шыққан 17 ақынды марапаттау салтанаты болатын.

Ақындар тойының шымылдығы аққан жұлдыздай арамыздан кеткен ақын Рүстем Есдәулеттің «Өскеменім» атты өлеңімен ашылды. Жүлделі жүйріктер мен өлеңсүйер өскемендіктерді мерейлі мерекемен алғаш болып Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаев, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов құттықтады. Қалаға келген қонақтар Алтайға деген аппақ тілектерімен қоса, ажарланып келе жатқан шаһар шырайына деген ризашылықтарын да жасырмады.

– Соңғы төрт-бес жылдан бері Алтай өңіріне жаратушының ықыласы ауды. Нақтырақ айтсақ, бұл Өскеменге ұлы Абайдың ескерткіші қойылған күннен басталды. Содан бері Өскеменнің бойына қазақилықтың қаны жүгірді. Мен бұл мүшәйраға осымен үшінші жыл келіп отырмын. Басқа ешбір облыс жоқ, ақындардың республикалық мүшәйрасын өткізіп жатқан, – деп ағынан ақтарылды құттықтау сөзінде Қабдеш Жұмәділов. Дуалы ауыз қарт қаламгер қаладағы жаңа ашылған мешіт туралы да кеңінен тоқталып өтті.

Бұдан кейін ақын Темірхан Медетбек төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен жүлдегерлердің де есімдерін ел біле бастады. Ең әуелі «ынталандыру» сыйлығына қол жеткізген ақындар сахнаға көтеріліп, 150 мың теңгеден жүлде алды. Олар – бүгінде елімізге аттары танылып үлгерген Адалбек Ақмадиұлы, Роза Сейілхан, Динара Мәлікова, Ұларбек Дәлейұлы сынды ақындар. Бұдан кейін «атаулы сыйлық» алған Батық Мәжитұлы, Зейнолла Тілеужанов, Бауыржан Қарабеков, Құралай Омар сынды ақындар 200 мың теңгеден тігілген жүлдені қалталарына басты.

Әдеттегідей жүлде алған ақындар өздерінің мүшәйраға қатыстырған үш өлеңінің бірін оқыды. Асқар Алтайды, ерке Ертісті, киелі Шыңғыстауды жырларымен суреттеген ақындар көрермен жүрегін шымшылап отырды. Жаны тебіренген халық ақындарды алқаусыз қалдырған жоқ. Қошемет көрсетіп, алақаны қызғанша шапалақ соғып отырды.

300 адамның ішінде алдыңғы үштікке кірудің өзі қаншалық бақыт екені айтпаса да белгілі. Осы бақытқа Рафаэль Ниязбек, Ибрагим Иса, Жұмабай Құлиев, Әлібек Шегебай сынды төрт ақын қол жеткізіп, үшінші орынға тігілген 300 мың теңгені қанжығаларына байлады.

Екінші орынға табан тіреген үш ақын 500 мың теңгеден жүлде алды. Олар: Әбубәкір Қайран, Ақберен Елгезек, Нұржан Қадырәлі. Алдыңғы екеуін қаймана қазақ жұрты таныса да, соңғы есімді былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін.

Екінші орынның жүлдесін табыстаған ақын Ұлықбек Есдәулет Нұржанды қазақ поэзиясындағы жаңа есім деп таныстырды. Бірінші орынды 700 мың теңге сыйлығымен қоса белгілі ақын Исраил Сапарбай еншіледі. Ақынның шырайлы Шығысқа жазған арнауы көптің көңіліне қонақтап қалды.

Ал, бүкіл ел бас жүлдеге тігілген бір миллион теңгені кім әкетеді екен деп жаңа жеңімпаздың есімін тыңдауға тағатсызданып отырған-ды. Ол да белгілі болды. Сонымен биылғы жылдың жеңімпазы белгілі әнші, айтулы айтыскер һәм жазба ақын Елена Әбдіхалықова екен. Кенді Алтайдың елі әншіні ақын қалпында елестете алмаса керек, өлең оқығалы шыққан ақыннан ән сұрады. Сегіз қырлы, бір сырлы әртіс жиналған елге өлеңнен де, әннен де шашу шашты. Жеңімпазға жүлдені облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өзі табыстап, барлық жеңімпаздарды құттықтады.

– Құрметті ақындар, Шығыс елі сіздердің өлеңдеріңізді соңғы жылдары сағына тыңдайтын болды. Елмен елді таныстыратын әдебиет екені белгілі. Бұл өмірден адам кеткенмен, артында әдебиет қалары ақиқат. Сіздер соңғы кездері Шығыстың тастарын, ағаш, суларын өлеңдеріңізбен тербедіңіздер, аруақтарды ардақтадыңыздар. Сіздердің соңғы кездері жазған өлеңдеріңіз, әндеріңіз арқылы біздің облыс тек елімізге ғана емес, көрші мемлекеттерге таралды, танылды. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында абыройымыз асты. Барлықтарыңызға «Шығыс шынары – 2012» байқауына қатысқандарыңызға көптен-көп рақмет. Қатысушылардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Бұл да қуантарлық жайт. Әсіресе, біздің Өскемен үшін сіздердің ұлттық рухы аңқыған ән-жырларыңыз керек. Біз, ең бастысы, руханиятымызды жоғалтып алмауымыз керек, – деді аймақ басшысы.

Бұдан кейін облыс Әкімі бірнеше мерейтой иелерін құттықтады. Айталық, белгілі ақын Серік Ғабдуллинді 75 жасқа толуымен, байқаудың жыл сайын басы-қасында болып, «Қап-қара түнде қап-қара қызды құшақтап…» деп басталатын өлеңімен халықты қарық қылып жүрген Зейнолла Тілеужановты 70 жасқа толуымен құттықтап, екі ақынға шапан жауып, сый-сияпат көрсетті. Сондай-ақ ақын Марфуға Айтқожина мен халық жазушысы Қабдеш Жұмәділовке облыс Әкімінің арнайы сыйлығын табыстады.

– Шығыс Қазақстан туралы еліміздегі барлық баспасөздерде жақсы жағынан көп жазылып жүр. Мен оған өте қуаныштымын. Осындай табиғат сыйлаған шырайлы өлкені, ұлылардың отанын жаңартып, жаңғыртып, жақсартып, кереметтей жан бітіріп жатқан, осы елді басқарып отырған азаматтың арқасы деп ойлаймын. Бердібек бауырым биыл «Ең үздік әкім» деген атқа ие болды. «Ерінің атын елі шығарады, елінің атын ері шығарады» демекші, Шығыстың елі де, ері де аман болсын, – деді Марфуға Айтқожина.

Сонымен, елді елеңдеткен байқау да мәресіне жетті. Бұл дәстүрге айналған үрдіс келесі жылы да жалғасатынын айтты өңір басшысы. Жүлделі болған жүйріктер де, жүлдегерлермен жүздескен жұрт та дән риза. Ақындардың оқыған сезімді жырлары тойдан тарқаған халықпен бірге таралып, Алтайдың қойнау-қойнауына сіңіп бара жатты…

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button