Қоғам

Шығысқазақстандық спортшылар топ жарды

Шығысқазақстандық спортшылар топ жарды


Бұқтырма жағалауында «Ұлы Алтай. Great Altai. Қазақстан – 2017» халықаралық туристік спорт фестивалінің жабылу салтанаты өтті. Бұл күні бір апта бойы Өскемен қаласы мен Катонқарағай, Зырян аудандарында спорттың 17 түрі бойынша өзара сынға түскен командалардың үздігі анықталды.

Көпкүндік фестиваль аясында спорттың барлық түрі бойынша жарысып, жеке және топтық сайыстарда үздік нәтиже көрсеткен спортшылар жанкүйерлердің ерекше қолдауына ие болды. Бұл күні Зырянда ауа-райының қолайсыздығына қарамастан балық аулау, суда жүзу, парапланеризм, қазақ күресі сынды спорт түрлерінен бақ сынасқан командалар арасында шығысқазақстандық спортшылар үздік деп танылды. Аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің айтуынша, мұндай шаралар еліміздің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасын нығайтып, алыс-берісін арттыруға септігін тигізеді.

– Тәуелсіздік алғалы бері Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттерімен саяси, мәдени, тарихи, экономикалық байланыстарымыз күн санап нығайып келеді. Жалпы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының шаралар жоспарына енгізіліп, «Алтай – біздің ортақ үйіміз» ұранымен өткізіліп отырған бұл фестивальдің біздің аудан үшін маңызы зор. Себебі, аталмыш шара аясында жастардың туристік спорт түрлеріне деген қызығушылығы оянып, салауатты өмір салтын ұстануға құлшыныстары арта түсті, – дейді Нұржан Тоқсейітов.

Көпкүндік фестиваль аясында жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген қатысушылардың бірі – Шишаевтар отбасы. Кремлюха ауылының жанында орналасқан таудың ұшар басынан парапланмен секіріп, үздік нәтиже көрсеткен олар сегіз минуттің ішінде жерге қонды. Жарының мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан Ольгамен бірге парапланнан секірген Руслан көпшілік қауымның жүрегіне жылылық сезімін ұялатты.

Шығысқазақстандық спортшылар топ жарды

– Аталмыш жарыста бас жүлдені жеңіп аламыз деп мүлдем ойламаған едік. Себебі, біз бұл фестивальға бірінші рет қатысып отырмыз. Бастапқыда, спорттың бұл түрімен хобби ретінде айналыстық. Кейін достарымыздың қолдауымен осы фестивальға қатысуды жөн деп шештік. Негізі, экстримді спорт түрлерімен айналысқанды ұнататын адамдар үшін парапланмен секіру уақыт өткізудің таптырмас құралы, – дейді Руслан Шишаев.

Айта кетейік, аталмыш фестивальға қатысушылар Катонқарағай ауданының Жаңаүлгі ауылында өткен жарыста жартасқа өрмелеу, жаяу жүру, тауға шығу, велотуризм, рафтинг, альпинизм, авто-мото ралли және ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстарда үздік нәтиже көрсеткен. Халықаралық туристік спорт фестивалінің бас төрешісі Антон Сергеевтің айтуынша, жаяу жүргіншілер жарысына қатысушылар ескі Аустрия жолымен жүріп өткенде біраз қиыншылықтарға тап болған. Себебі, спортшыларға қалың ну орманның ішімен жүру өте қиынға соққан.

– Десе де, олар бастарынан өткерген ауыр қиыншылықтарға қарамастан Шығыс Қазақстанның әсем табиғаты мен Берелден бастау алған тарихына тәнті болып қайтты. Меніңше, Қазақстанның бұл аймағында ғасырлар сырын қойнына бүгіп жатқан талай тарихи сыр бар сияқты, – деген Антон Сергеев биыл аталмыш фестивальдың бағдарламасына қазақша күрес, бұқаша тартыс, қол күрес сияқты спорт түрлері енгізілгенін атап өтті.

Шығысқазақстандық спортшылар топ жарды

Халықаралық фестивальдің қорытындысы бойынша қазақстандықтар бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынды Ресей, үшінші орынды Қытай мемлекетінен келген спортшылар иемденді.

Айта кетейік, аталмыш фестивальды Қазақстан, Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттері жыл сайын кезекпен өткізуді игі дәстүрге айналдырған болатын. Ендігі кезекте, «Ұлы Алтай. Great Altai. Қазақстан – 2017» халықаралық туристік спорт фестивалі 2019 жылы Ресейде ұйымдастырылатын болады.

Ажар Сағатбекова
Зырян ауданы.

Осы айдарда

Back to top button