Спорт

Шын мықтылар іске кірісті

Нұржан Кенжеұлы

Катардағы доп додасы шарықтау шегіне таяп келе жатыр. Бастапқыда Әлем кубогы үшін тартысқа түскен 32 құраманың бүгінде 12-сі ғана жарысты жалғастыруда. Бүгін-ертең олардың тағы төртеуі үйлеріне қайтпақ.

Жалпы, Мундиальдің плей-офф кезеңі бастала салысымен фавориттер шындап іске кіріскен сияқты. Олай дейтініміз, топтық кезеңде басталған сенсациялар легі жарыстың 1/8 финалынан бастап сап тыйылды. Мықтылар мықтылығын қағаз бетінде емес, іс жүзінде де көрсете бастады. Алдымен Нидерланд құрамасы 3:1 есебімен АҚШ командасын жеңсе, артынша Месси бастаған Аргентина 2:1 нәтижесімен аустралиялықтарды қапы қалдырды. Олардың жолын Франция және Англия құрамалары жалғады. Француздар 3:1 есебімен Польшаны тізе бүктірсе, ағылшындар Сенегал командасын талқандады, есеп 3:0. Алда футболсүйер қауымды ширекфиналдық ойындар күтіп тұр. Алғашқы жұптар да белгілі. Енді сол кездесулерге жеке-жеке тоқталсақ.

Нидерланд – Аргентина

Халқымызда «Үйренген жау атыспаққа жақсы» деген аталы сөз бар. Дәл осы сөзді Нидерланд пен Аргентина құрамалары арасындағы кездесулерге қарата айтуға болады. Осыған дейін Әлем біріншіліктері аясында бес рет жолыққан голландықтар мен аргентиналықтар бір-бірін әбден таныған, қыр-сырын жақсы біледі. Дегенмен бұл ойында қос ұжымның да қарсыласына дайындаған тосынсыйлары болады деп үміттенеміз.

Ал енді сол өткен бес матчтың нәтижелеріне келсек, аталған кездесулердің екеуінде Еуропадағы «Қызғалдақтар елінің» құрамасы жеңіске жетсе, тағы екі ойында латынамерикалық ұжымның мерейі үстем болған. Енді бір ойында тең нәтиже тіркелген. Демек, әзірге таразы бас тең болып тұр.

Қос ұжым арасындағы бірінші кездесу 1974 жылы өтіп, ол ойында еуропалықтар 4:0 есебімен сенімді жеңіске жеткен. Ол Батыс Германия жерінде өткен Әлем біріншілігінің екінші топтық кезеңі болатын. Бір қызығы, ол жарыста әйгілі Йохан Кройфф бастаған голландықтар финалға дейін жетіп, шешуші ойында алаң иелерінен жеңіліс тапқан. Араға төрт жыл салып Нидерланд құрамасы тағы да финалға жолдама алды. Міне, қызық, бұл жолы олардың қарсыласы Аргентина құрамасы болды. Және бұл жолы аргентиналықтар есе жібермеді. Қарсыластарын қосымша уақытта 3:1 есебімен ұтып, тұңғыш рет Әлем чемпиондары атанды.

Аргентина мен Нидерланд құрамалары арасындағы тағы бір есте қаларлық ойын деп 1998 жылғы кездесуді айтуға болар. Франция жеріндегі доп додасының ширек финалында жолдары түйіскен қос команда көрермен қауымға керемет футбол спектаклін сыйлады. Ол ойында 2:1 есебімен голландықтар жеңіске жетті. Әсіресе, Нидерланд құрамасының шабуылшысы Деннис Бергкамптың голын ұмыту мүмкін емес. Соңғы рет қарсыластар 2014 жылғы жаһан біріншілігінің жартылай финалында кездескен болатын. Негізгі және қосымша уақыттары 0:0 есебімен аяқталған сол ойында матч соңындағы пенальтилерін сәттірек орындаған Марадонаның отандастары жеңісін тойлаған еді.

Франция – Англия

Келесі бір жұп кездесулерінің тарихы тіптен арыдан басталады. Кезінде бір-бірімен жүз жыл соғысқан елдердің жасыл алаңдағы текетірестері де тартысқа толы болды.

Алдағы кездесу екі құрама арасындағы 32-ші ойын болайын деп тұр. Статистика бойынша, бұл матчтардың 17-де ағылшындар жеңіске жетсе, бесеуі француздардың пайдасына аяқталған. Тағы тоғыз ойында тең нәтиже тіркелген.

«Атажаулардың» Әлем чемпионаттары аясындағы соңғы ойыны сонау 1982 жылғы Испания жеріндегі додада ойналыпты. Ол кездесуде Тұманды Альбионнан келген команда 3:1 нәтижесімен басым түскен-ді.

Ал жаңа ғасырда ресми мачтарда қос ұжымның жолы екі-ақ рет түйіскен екен және екі ойын да Еуропа біріншіліктері аясында ойналған. Атап айтсақ, 2004 жылғы құрлықтық додада бір топта өнер көрсеткен командалардың ойыны 2:1 есебімен француздардың пайдасына аяқталған. Бір айта кетерлігі, жеңімпаздардың екі голын да матчтың соңғы минуттарында әйгілі Зинедин Зидан соққан. Сол сияқты, 2012 жылғы Еурода да қарсыластар арасындағы ойын голсыз аяқталмады. Тағы да бір топқа түскен француздар мен ағылшындар бұл жолы тең тарқасты, есеп 1:1.

Ал алдағы ойында футбол сарапшылары сәл де болса басымдыққа Франция құрамасы ие деп отыр. Дегенмен, ағылшындардың мұндай пікірмен келісе қоюуы екіталай. Бәрін де жасыл алаңдағы ойын көрсетеді.

Сіздің болжам 

Чемпионат ойындарына қатысты болжамдарыңызды 87759118232 телефон нөміріндегі ватсапқа жіберуіңізге болады. Бәс-бәйгенің бас бәйгесінен қапы қалмаңыз, футболсүйер ағайын!

Ескерту: Ұсынылған матчтарға қатысты жауаптар ойын басталмай тұрып жолдануы керек. Кездесу кезінде жіберілген жауаптар есепке алынбайды.

DIDAR газеті

 Ал енді өткен жолғы ойындардың нәтижелерін дәл тапқан оқырмандарымызды атап өтсек. Әзірге жарыстың төрт ойынының нәтижесін айна қатесіз болжаған Диас Жақыпов есімді оқырманымыз өзге қатысушылардан оқ бойы озып тұрғанын айту керек. Оның еншісінде бес дәл болжам бар. Олар: Оңтүстік Корея – Португалия (2:1), Нидерланд – АҚШ (3:1), Аргентина – Аустралия (2:1), Франция – Польша (3:1) және Англия – Сенегал (3:0) ойындары. Бірнеше матчтың есебін дөп басып айтқан өзге оқырманымыз да бар. Олар туралы газетіміздің келесі санында жазатын боламыз. Бұл жолы жанкүйер қауымнан чемпионаттың ширек финалы аясында өтетін кездесулерге қатысты болжамдарын күтеміз.

 

Осы айдарда

Back to top button